Әділетті Қазақстан: реформаны сот жүйесіндегі кадрлардан бастау керек – адвокат Ерлан Мәкенов
Әділетті Қазақстан: реформаны сот жүйесіндегі кадрлардан бастау керек – адвокат Ерлан Мәкенов
«Әділетті Қазақстан» тұжы­рым­дамасының алғышарты – ол әділ сот жүйесі. Қазір елімізде азаматтардың құқығы мен бостандығын қам­тамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жыл санап жетілдіріліп келеді. Дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот төрелігін қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда «Әділ сайлау адвокаттар қауымдастығының» мүшесі, адвокат Ерлан Мәкеновпен сот жүйесіндегі реформалар жайлы сұхбаттастық.   - Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан» деген болатын. Ал сіз «Әділетті Қазақстанды» қалай елестетесіз, не күтесіз? - Ең алдымен, сұхбатқа шақырғандарыңызға үлкен рақмет! Сіз көтеріп отырған тақырып өте маңызды, бүгінгі күні қоғамда, оның ішінде адвокаттар қоғамында кең талқыланып отырған мәселе. Шыны керек, әділетті мемлекет құру біздің елдігіміздің, мемлекетіміздің іргетасы, негізі. Сол себептен өз басым бұл тақырыпқа үлкен көңіл бөлемін. Ал енді сұрағыңызға жауап беретін болсам, қысқаша айтып өтейін. Менің түсінігімде Әділетті Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде тәуелсіз, әділ соттың болуы. Бұған қоса, сотқа дейінгі тексеріп-тергеу органдары әділ тергесе, қадағалау органы бейтараптық принципімен өз жұмысын атқаратын болса. Басты мәселе, қай сатыда болмасын заң үстемдігі бәрінен жоғары болуы керек. Себебі, бұл жерде адам тағдыры алдымызда тұр. Тіпті бір адамның ғана емес, оның артында тұрған отбасы бар. Біз өз жұмысымызда күнде болмаса да, жиі қарапайым халықтың көз-жасын көріп отырмыз. Әділетсіздікке тап болып, айқайларын естігенде жүрегіміз қынжылады. Екі сөзбен айтқанда Әділетті Қазақстан құра отырып біз қарапайым халықтың мемлекетке деген сенімін арттырамыз. Мен сізге мынадай мысал келтірейін. Осы Астанамызда Жоғары соттың алдында немесе Бас прокуратура алдында күнара әділдік іздеп жиналып тұрған халықты көреміз. Амалдың жоқтығынан соңғы ақшасына елордаға әділдік іздеп келіп, соңғы үміттерін сынайды. Бұның бәрі емес әрине, басым көпшілігі қандайда бір органнан әділетсіздік көріп, араша іздеген жандар. - Қазір сот жүйесін реформалау бағытындағы жұмыстар жүріп жатқаны белгілі. Жалпы бүгінге дейін қандай ауқымды өзгерістер қабылданды? - Сұрағыңызға рақмет! Расында да үлкен ауқымды жұмыс атқарылуда. Халықаралық тәжірибеге сәйкес жаңа форматтар қабылдануда. Мұның барлығы жақсы, алайда біз ұдайы басты мәселені естен шығарып аламыз. Ол әрине кадр мәселесі. Қандай реформа жүргізсек те, сотта істейтін адамдарды ауыстырмасақ, одан ешқандай нәтиже шықпайтыны анық. Біздің сотқа заманауи білімі бар, көзі ашық, көкірегі ояу, жаңаша ойлайтын, қарапайым халыққа жаны ашитын адамдар керек. Өкінішке орай, керсінше осындай адамдар сот жүйесінен кетіп жатыр. Сөзім дәйекті болуы үшін бір мысал келтірейін. Өткен жылы «СК Фармация» бұрынғы басшысын Берік Шәріпті ақтағаны үшін Астана қаласы, Есіл аудандық №2 сотының судьясы Дүйсембиев Қанат Қалжанұлы жұмыстан кетірілді. Мен бұл істі өте жақсы білемін. Берік Шәріптің ешқандай кінәсі жоқ және ол сотта дәлелденді. Алайда қалалық сотта аудандық үкімнің күші жойылып, Берік Шәріп кінәлі деген жаңа үкім шықты. Соңында келіп Дүйсембиев мырза кінәсіз адамды ақтағаны үшін жұмыстан босатылды (өзінің айтуына сәйкес). Осындай мысалдар жетіп-артылады деп айтсам артық емес. Сондықтан, реформаны сот жүйесіндегі кадрлардан бастау керек деп ойлаймын. - Сот жүйесінің жұмысын жақсарту үшін көптеген шара қабылданып, біршама өзгеріс орын алып жатқанын өзіңіз де айттыңыз. Соның бірі ретінде былтыр қабылданған төрт бірдей жаңа кодексті атауға болады. Сол жайлы айтып өтсеңіз. - Өткен жылы қабылданған кодекстер жаңа серпін бергені анық. Ол уақыттың, заманның талабынан туындады. Заңдардың өзгеріп, толықтырылып отыруын заңдылық деп қабылдау қажет. Сонымен қатар олар әлі талай өзгеріске ұшырайтын болады. Осы жерде Қылмыстық кодексте болған бір өзгеріс жайында  айтып өтейін. Өздеріңіз білетіндей, жемқорлыққа қатысты жауапкершілік күшейтілді. Оның барлығы өте дұрыс. Алайда, парақорлықпен сотталған азаматтар келешекте мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алмайды. Ал, адам өлтіріп сотталған адам мұндай мүмкіндікке ие. Сонда адам өлтіру пара алғаннан жеңіл болып тұр ма? Бұл жерде айтайын дегенім, заңның қаталдығы бәріне бірдей болуы қажет. - Қазақстанда сот шешімін шығаруға мүмкіндік беретін бірыңғай құрал – «Цифрлы сот» пайда болатыны жайлы айтылған болатын. Осы шараны жүзеге асыру қалай жүріп жатыр? - Цифрлы сот жүйесі ақырындап жүзеге асып жатыр. Ол ең біріншіден соттың онлайн өткізілуі. Өз басым бұл өте тиімді әдіс деп санаймын. Тағы бір айта кетерлігі барлық сот отырыстары бейнетаспаға жазылады. Ертең кез-келген уақытта сол жазбаны көріп, іспен танысуға болады. Бұл өте маңызды әрі қажет құрал. Цифрлық жүйені енгізу арқылы ең алдымен ашықтық, есептілік принципі сақталады деп ойлаймын. Бірақ, әрине, аса ауыр қылмыстар санатындағы сот отырыстары оффлайн режимінде өткізілуі тиіс. - Сот жүйесіндегі реформалар елімізде ашық әрі әділетті қоғам құруға жол ашып отыр деуге болады. Сол арқылы азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері күшейе түспек. Осы ретте қазіргі қоғам, заман ағымының негізгі талаптары қандай? - Қоғам тарапынан бір ғана талап бар. Ол сот жүйесінің әділ болуы. Басқа талап жоқ. Өйткені сотпен қабылданған шешім бәріміз үшін міндетті болып саналады. Сол себепті, соттың қабылдаған актілері барынша әділ болуы қажет. Сонда ғана халық сотқа сенім артып үйренеді. Сот әділ болса тергеу органдары болсын, Прокуратура болсын автоматты түрде өзі өзгеріске ұшырайды. - Әңгімеңізге рақмет!