Солтүстік Қазақстан облысында жол құрылысымен айналысатын кәсіпкер өзі сатып алған қиыршық тасты пайдалана алмай отыр. Оған жергілікті полицейлер кедергі келтіруде. Соның салдарынан жол жөндеу мерзімі кешеуілдетілуде. «Магнит – 2010» ЖШС аудандық қана емес, сондай-ақ республикалық маңыздағы жолдарды жөндеумен айналысады. Кәсіпорынның бірнеше өндіріс орны, асфальт-бетон зауыты бар. Сондай-ақ өз әріптестерімен бірнеше жылдан бері жолдастық қарым-қатынас қалыптастырып үлгерген. Биыл кәсіпорын «Көкше Табыс» және «Көкшетау жолдары» серіктестіктерімен келісімшарт жасасып, қиыршық тас жеткізіп беру міндеттемесін өз мойнына алған еді. Бұл материал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Тахтаброд-Гусаковка» жолын жөндеуге жұмсалуы тиіс болатын. 15 шақырымдай бұл жолдың асфальты біржолата тозып, ой-шұңқыры көп жолдан ауыл тұрғындары әбден мезі болған еді. Жоспар бойынша бұл жұмыс биыл аяқталуы тиіс. Алайда ілік іздеген полицейлер осы жолдың құрылысына арналған қиыршық тасты пайдалануға рұқсат бермей отыр. Амалы құрыған кәсіпкер облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
«Полиция қызметкерлері заңсыз өндірілді деген желеумен қиыршық тасты пайдалануды шектеген. Әрі оның заңдылығын растайтын құжаттарды назарға алар емес. Сондай-ақ полиция қызметкерлері құрылыс материалын пайдалануды шектейтін жазбаша акт ұсынбаған, тек ауызша ғана тыйым салған», – деп түсіндірді кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Айдос Кеңбейілов.Кәсіпорын директоры Серік Нұрпейісов бастапқыда бұл жағдайды өз бетінше реттемек болған екен, алайда құқық қорғау органдарының араласу себебін анықтай алмай дымы құрыпты.
«Сәуір айынан бастап аудандық полиция бөлімі тарапынан менің бірнеше рет жолдаған ресми өтінішіме бірде-бір дәлелді жауап берілмеді. Аудандық прокуратура да қылмыстық істің қозғалу себебін ашып айта алмады. Бірақ біздің жүк көліктеріміз талай рет тоқтатылды. Ал «Көкшетау жолдары» ЖШС-ның қызметкерлері болса, қараптан-қарап отырып алтын уақытын жоғалтуда. Біздің өңірде жол құрылысын жүргізу мерзімі онсыз да тым қысқа», – деп налиды кәсіпкер.Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Ысқақов болса, заңсыз өндірілген қиыршық тас туралы ақпарат биыл сәуір айының соңында «102» пультына ауыл әкімінен түскенін айтады.
«Ауылдық округ әкімінің айтуынша, белгісіз адамдар бірнеше күн бойы ауыл маңындағы карьерден қиыршық тасты заңсыз өндірген. Ол өзі сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлермен жеке сөйлескен. Олардың бірімен мен де әңгімелестім. Ол «Магнит–2010» ЖШС-ның жұмысшысы екенін, басшылықтың бұйрығымен сол жерде қиыршық тас өндіріп жатқанын растады. Біз олардан құжаттар мен әкімдіктің ресми рұқсаты бар-жоғын сұрап білдік. Әкімнің өзі ешқандай рұқсат бермегенін айтты», – дейді Нұрлан Ысқақов.Кәсіпкер Серік Нұрпейісов болса, жол жөндеуге арналған қиыршық тас мүлдем басқа жерден сатылып алынғанын айтуда. Тіпті тауар-көліктік жүкқұжаттарын көрсетіп, инертті материал бұл карьердікіне ұқсамайтынын дәлелдеп те берген. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛМАҒАН Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелері полиция өкілінен сәуір айынан бастап осы күнге дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері қандай жұмыс атқарғанын сұрап білді. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, о баста қылмыстық іс қозғалмаған. Алайда жинақталған материалдар шығынды анықтау үшін мемлекеттік органдарға, атап айтқанда, облыстық әкімдікке, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына, экология департаментіне жолданған. Ал қылмыстық іс биылғы қыркүйекте ғана қозғалған. Ендеше неліктен сәуірден бастап бақандай жарты жыл бойы қиыршық тасты пайдалануға тыйым салынғаны белгісіз. Оның үстіне, бұл инертті материалдың жергілікті карьерден алынбағаны, оны «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларына «Магнит–2010» кәсіпорнының техникасы мүлдем басқа жақтан жеткізіп бергенін растайтын құжаттар бар. Алайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оған мүлдем назар аудармаған. Соның салдарынан жол құрылысының мерзімдері кешеуілдеді. Кәсіпкер құрылысшыларды қажетті материалмен қамтамасыз ету үшін жоспарланғаннан басқа қиыршық тас сатып алуға мәжбүр болды. Серік Нұрпейісовтің айтуынша, ол қосымша 1000 тонна қиыршық тас сатып алып, оған 3 миллион теңге жұмсаған. Жалпы, осы текетірестің салдарынан ол 15 миллион теңгеге дейін шығынға батқанын айтады. Күні кеше жинақтауыштағы қиыршық тасының жартысы жоғалып та кетіпті. Қолды болған материалды іздеп табу үшін полицияға арыз жазу керек. Шығын көлемін анықтау үшін геодезия мамандарын шақыртып, қосымша шығынға батуға тура келеді. Сондықтан кәсіпкер арыз жазуға екі ойлы болып отырғанын жасырмады. СЕРГЕЛДЕҢНІҢ СОҢЫ
Ең бастысы, бірнеше жылдан бері жолдастық қарым-қатынас қалыптасқан сенімді серіктесі – «Көкшетау жолдары» кәсіпорнын биыл қажетті материалмен қамтамасыз ете алмай, міндеттемесін тиісінше орындамағанына қапалы. «Біз көп жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Керек кезде әрдайым бір-бірімізге көмек қолын созамыз. Бұл – бірреттік мәміле емес, үнемі азаматтық-құқықтық келісімшарт жасасамыз. Биыл міндеттемені орындай алмай, серіктестеріміздің алдында ұятқа қалған жайымыз бар. Өзім сатып алған материалға иелік ете алмадым. Егер шынымен де кінәлі болсам, құр босқа сандалып, талай табалдырықты тоздырмас едім», – деп қынжылады кәсіпкер Серік Нұрпейісов.Мәселені талқылаған кеңес мүшелері облыстық прокуратуға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімі қызметкерлері әрекетінің заңдылығын тексеру туралы ұсыныс жасады. «Магнит–2010» ЖШС-нің дәлелдері расталған жағдайда полиция қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қозғалып, кәсіпкердің құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған ден қою шараларын қабылданатын болады. Бет қатталып жатқанда: Кәсіпкер Серік Нұрпейісов хабарласып, облыстық прокуратура қылмыс құрамы болмағандықтан, қозғалған істі тоқтатқанын жеткізді. Бірақ әзірге қаулы қолына тимепті. Қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы қаулы шыққаннан кейін, кәсіпкер моралдық және материалдық шығынын өндіріп алу үшін сотқа жүгінбек ниетте. Ал кәсіпкерге көпе-көрінеу кедергі келтірген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты мәселені ішкі қауіпсіздік басқармасы қарастырмақ.
Солтүстік Қазақстан облысы