Сексен сегіз минутқа сыйған сенім

Сексен сегіз минутқа сыйған сенім

Астанада режиссер Екатерина Суворованың «Ертең теңіз» (Sea Tomorrow) атты толықметрлі деректі фильмі көрермен назарына ұсынылды. Бұл – Netflix халықаралық платформасына шыққан алғашқы қазақстандық картина және аралдықтар туралы таспаланған тұңғыш туынды десек, артық емес. Жақсыны көрмекке, көркем шығармаға көзайым болып, жоба авторымен тілдесіп қайттық. Арал теңізінің апатты жағдайы, аянышты тағдыры мен тарихи баяны туралы талайлар жазды, көрсетті. Қазақстанның інжу-маржаны, шөл белдеміндегі бірден-бір су айдыны – қойнауы кәсіптік бағалы балықтарға бай, жағасы қоға мен қамысты теңіз еді. Жетпісінші жылдарға дейін Арал өңірінің тұрғындары бақуатты тіршілік етті, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы болды. Ол уақытта теңіз жағасындағы елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт, 2 балық комбинаты жұмыс істеді. Ал одан бергі уақытта жергілікті жұрт жан-жаққа тарасып, көше бастады: көп жұмыс тоқтады, экологиялық қауіп күшейді және тағы басқа. Әйтсе де, әртүрлі себеппен, сеніммен, үмітпен мұнда бір қауым жұрт қалды. Режиссер Екатерина Суворованың «Ертең теңіз» картинасы дәл сол халық жайлы баяндайды, олардың тұрмыс-тіршілігін таспалап, үміті мен сенімін сөйлеткен. 2012 жылы түсіріліп басталып, 2016 жылы тұсауы кесілген деректі фильмнің идеясы туралы автор былай дейді: «Студент кезімде досыммен бірге Аралға барып, ондағы ескі кемелердің жанында суретке түспек болдық, бос уақытымыз көп әрі пойыз билеті де арзан болды. Аралды, әсіресе ондағы тұрғындардың тіршілігін көріп таңғалғаным есімде. Ол уақытта теңіз маңайындағы елді мекендерде жайлы өмір сүретіндей жағдай жоқ еді. Жергілікті халық тіпті пайдаланусыз жатқан темір жол жолақтарын, су құбырларын қопарып алып, металға өткізіп жіберген. Осының өзі ондағы халықтың «өлместің» күнін көріп, өмір үшін арпалысып жатқанының көрінісі іспеттес. Соған қарамастан Аралда бір қауым жұрт тіршілік етеді. Бірақ неге? Олардың не ойлағаны бар, арманы қандай? Осы сауалдар маза бермеді. Бұл туралы көпке, көрерменге айту керек деп шештім». 2010 жылы Екатеринаның «Ж*» қысқаметрлі фильмі «Киношоктың» жеңімпазы атанып, ол фильмдерге қаржылай грант беретін конкурсқа қатысады. Режиссер аталмыш байқауға аралдықтардың тұрмыс-тіршілігі туралы идеясын ұсынады.

«Грант ұтып алсам, шашымды тақырлап аламын» деп өзімше бұл жақсылыққа «құрбан» шалып та қойдым. Фильмді таспалауға қаржылай грант иегері атандым. Бұл қаражат он шақты адамнан тұратын үлкен команда жинауға мүмкіндік берді. Түсірілім барысы төрт жылға созылған фильмді көңілдегідей етіп көрерменге ұсыну оңай болмады. Уәдемде тұрып, түсірілім басталғанда шашымды алып тастағанмын, фильмнің тұсаукесері болған уақытта шашым баяғы ұзындығына жетті. Әріптестеріме шашымның ұзындығы «Ертең теңіз» туындысын таспалауға кеткен уақытымның көрсеткіші деп әзілдеймін», – дейді режиссер.
Картинада төрт кейіпкердің тұрмысы мен тіршілігі таспаланған. Оля – гидробиолог, інісі (ол да осы сала маманы) екеуі портқа барып, теңіз түбінің сынамасын алып, оның қоршаған ортаға зиянын зерттейді.
«Оляға жүрегім сондай жылитын, екеуіміздің жан дүниеміз ұқсас-ты. Ол осы өңірде туған және Арал аянышты тағдырының куәгері. Ата-анасы жұмыссыз қалып, сыныптастары басқа аймаққа көшіп кеткен. Оляның өзі де талай рет өзге елді мекендеп көруге тырысқанымен, жерсіне алмаған. Павлодар, Байқоңырға барып, жат көріп, жұртына қайтады. Сондағысы – өз еліне деген жанашырлығы, бір кездері сұлу болған су айдыны мүшкіл халге түскенде сатып кетпей, жағдайды дұрыстауға септігін тигізу», – дейді Екатерина.
Келесі кейіпкер – 86 жастағы қария. Теңіз жағасының бір бөлігін жасыл желекке айналдыруды арман еткен ақсақал. Бүкірлігіне қарамастан тынымсыз еңбек етеді, бес уақыт намазына адал. Өзінің кішкентай оазисінде қауын-қарбыз егіп, онысын тұзды сумен (қалай тұндыратыны белгісіз) суғарады. Қарияның жанарынан бүкіл аралды жасыл желекке толтыруды армандайтынын ұғу әсте қиын емес. «Ертең теңіз» фильмінің экспедициясы түсірілім барысында Аралға жеті рет барған. Әр келген сайын Арал табанындағы «кемелер бейіті» қаңырай бастаған, ондағы ескі су көліктерінің бірде тұмсығы, енді бірде қабырғасы бұзулы тұрады. Жергілікті халық кемелердің металға өткізіліп жатқанын айтады. Фильмде жаздың аптап ыстығында кемені бұзып жатқан бір топ ер-азамат көрініс табады. Бұлар – келесі кейіпкер – тарихты «кәдеге жаратушылар». Сондай-ақ картинада балықшылардың отбасы бар. Бір кездері су тартылғанда мал шаруашылығымен айналысқан аралдық отбасы су молайғанда сүйікті кәсібіне қайта оралған. Фильмде балықшылардың өзіне тән сән-салтанаты көрініс табады. Олардың, бәлкім өзгеге түсініксіз болатын өзгеше әлемі бар. Теңіз суының суалғанына мұңайып, титтей де болсын молайғанына шын қуанып жүрген қарапайым қауым. Кішкентай кемесіне «Бақыт» атауын беріп, балықшылықтан шынайы бақыт таба алған жандардың ақ ниеті, әппақ жүрегі, бүтін болмысы сондай жылы. Хронометражы 88 минутқа созылған фильм кейіпкерлерінің сенімі тәнті етті. Аралдың сынамасын алып, теңіздің әлі де тірі екенінен үмітті Оля, бүтін аралды жасыл желекке айналдыруды армандап, сол жолда тынбай еңбектеніп жүрген 86 жастағы қария мен су айдыны молайып, балық қайта байлық болатынына сенетін балықшыларға ортақ дүние – сенім. Бүткіл адамзат күдер үзген Аралдың баянды болашағына ақырғы үмітпен қарайтын қауым аралдықтар ғана.
«Бұл фильмді тамашалаған көрерменнің көкейінде түрлі сұрақ туатыны заңды. Мәселен, Аралда жағдай айтарлықтай жақсы болмаса, жергілікті жұрт неге көшіп кетпеген деп ойлайтын боларсыз? Оларды бұл жерге байлап тұрған тылсым бар – Аралға деген аяулы махаббаты. Әлбетте, мұны түсіну әсте қиын. Әдетте өзіңе жеткізе алмайтын сүйіспеншілікті өз елді мекеніңе аста-төк беру, сол жолда рухани жанкештілікпен өмір сүру – екінің бірінің қолынан келмейді әрі санасына сыймайды. Сондықтан аралдықтардың тәубе еткен тіршілігін әлдекімнің оп-оңай түсіне алуы қиын, бәлкім мүмкін емес. Бірақ Арал жұрты дәл осы түсініксіз табиғатымен тылсым, қарапайым арманымен асқақ деп санаймын», – дейді Екатерина Суворова.
  P.S.

Локарно кинофестивалінде фильмнің халықаралық тұсаукесері өткен. Отандық киносыншылардың «Кинематография саласына қосқан үлесі үшін» сыйлығын алды. Көптеген халықаралық жүлденің иегері. Бүгінде аталмыш туындыны АҚШ-тағы көрермен Amazon платформасынан көре алады. ТМД елдерінің көрерменіне көрсету бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Екатерина Суворова бұл фильмді отандық кинотеатрлардың экранына шығаруды армандайды. Өкінішке қарай, кино нарығында деректі фильмдерге орын жоқ, өйткені ақталмайды.