Ақтөбеде 11 млн теңгенің малын ұрлаған үш адамға сот үкімі шықты
Ақтөбеде 11 млн теңгенің малын ұрлаған үш адамға сот үкімі шықты
399
оқылды
Ақтөбе облысы Темір аудандық соты мал ұрлап, 11 млн теңгеден астам шығын келтірген үш сотталушыға үкім шығарды. Үшеуі де 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Темір аудандық соты аса ірі мөлшерде мал ұрлаған, оған көмектескен және ұйымдастырған үш адамның ісін қарады. Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша қаралған істегі үш сотталушы да Темір ауданының тұрғыны. Іс материалына сүйенсек, сотталушылар күні бұрын келісіп, Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылдық округі аумағындағы Қостам атты жайылымында жүрген ағайындылардың 24 бас жылқысын айдап кеткен. Нәтижесінде жәбірленушілерге 11 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірді. Қазіргі кезде шығын толық көлемде өндірілді.
«Сот отырысында сотталушы Б. өзіне тағылған айыпты толық мойындап, соттан бас бостандығынан айырмауды сұрады. Ал сотталушылар Ж. және К. кінәсін мойындамады, тіпті оларды ақтауды сұрады. Жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және қылмыстық іс бойынша басқа да дәлелдемелер арқылы олардың кінәсі расталды. Сот сотталушы Б-ның кінәсін мойындағанын, шын жүректен өкінетінін, балаларын ескерді. К. және Б. есімді сотталушыларға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, Ж-ға 8 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады», – деді облыстық соттың баспасөз қызметі.