Денсаулық сақтау саласын дамытуға құйылған мемлекеттік және жеке инвестициялардың басым көпшілігі қаланың, соның 20 пайызы жалғыз елорданың еншісіне түсіпті! Халқымыздың 40 пайыздан астамы ауылда тұрады. Елде бірде-бір дәрігері жоқ ауыл көп. Тұрғындары сырқаттанса, жан азабына төзуге мәжбүр, әйтпесе қалаға қатынаса жол азабына және қаржы шығынына қатар тап болады. Әділетті Қазақстанда бұл әділетсіздік жойылуы тиіс. Президент бастамасымен тек ауылға арналған ұлттық жоба қолға алынады. Ірі 32 денсаулық ордасы пайда болады Бағдарлама «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы деп аталады. Ол даяр. Оны бекітетін Үкімет қаулысының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бірақ ірі бастаманы жүзеге асыруға дайындықпен кірісу қажет. Сондықтан Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, ұлттық жобаның іс-шаралары алдағы 2023 жылдың 1 қаңтарында басталады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аударылатынын жариялады. Осы орайда келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Бұл құжат ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінде еліміздегі 650 ірі ауылда емдеу мекемесі жоқ екенін еске салды. Сондықтан алдағы 2 жылда бұл ауылдарда фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер (ФАБ) салынып, қажетті құрал-жабдықпен қамтылады. Осы арқылы мемлекет бір миллионнан астам адамның медициналық-санитарлық алғашқы көмек алуына мүмкіндік жасайды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай модернизацияланып, ауданаралық көп бейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл 4 миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар біраз жыл бұрын қолға алынғанымен, қағаз жүзінде қалған телемедицина бағыты дамытылады. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Бұл көпбейінді ауданаралық ауруханалар (КАА) желісін дамыту үшін қолданыстағы 12 ауданаралық аурухана жаңғыртылады, қалған 20-сы жаңадан салынады. Аты айтып тұрғандай, бұлардың әрқайсысы бірнеше ауданға қызмет көрсетеді. Қазақстанда аудандардың жалпы саны 180-нен асады. Яғни, жаңа 32 ауданаралық аурухананың шарапаты күн нұрындай, осы ауданның бәріне тарауы тиіс.
«32 орталық көпбейінді заманауи ауруханалар инфаркт, инсульт, жол апаты, жарақаттану және басқа жағдайларда «алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, шұғыл медициналық жәрдем көрсете алады. Бұдан бөлек, олар мамандандырылған және жоғары технологиялы медициналық көмекті ұсынады. Нәтижесінде, ауыл-аудан тұрғындарына ірі қалаларға ағылу қажет болмай қалады», – деп хабарлады министрлік. Осы ауруханаларда инсульт орталықтары, кардиология, жансақтау, оңалту бөлімдері ашылады. Оларды КТ, МРТ, УДЗ, өкпені жасанды желдету және өзге аппараттармен жабдықтау жоспарланған.Әр ауылда төл медпункті ашылады Сонымен, енді халқы көшіп, жойылу қарсаңында тұрғандарын қоспағанда, әрбір ауылдың өз дәрігері болады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жаңа ұлттық жоба аясында мемлекет 50-ден 500-ге дейін тұрғыны бар ауылдық елді мекендерде медициналық пункт (МП) ашады. Олардың бәрі 1 қабатты ғимарат болады. Бір медпункт 25 келушіге дейін қабылдай алады. Министрлік олардың әрқайсысының ішінде не болатынын егжей-тегжейлі айтып берді. Нақтыласақ, медпунктте дәріхана және ақпараттық үстелі бар вестибюль (ауданы кемінде 10 шаршы метр), орта медициналық персоналдың кабинеті (кемінде 12 ш.м.), акушерлік қабылдау бөлмесі (кемінде 18 ш.м.), емдеу бөлмесі (кемінде 12 ш.м.), вакцинация бөлмесі (кемінде 8 ш.м.), дезинфекциялау құралдарын дайындауға және сақтауға арналған бөлме (кемінде 4 ш.м), тұрмыстық орын-жайлар, қойма (11 ш.м.), қол жуғышы бар дәретхана (ең кемі 3 ш.м.) қарастырылуы тиіс. Ал 1 500-5 000 адам тұратын үлкен ауылдарда, кенттерде фельдшерлік-акушерлік бөлім (ФАБ) және дәрігерлік амбулатория (ДА) қарастырылуы керек. Олар да 1 қабатты ғимарат болады. Өткізу қабілеті бір ауысымда 25 келушіге дейін қабылдай алады. Дәрігерлік амбулаторияның құрылымы ФАБ пен МП-ға қарағанда күрделірек: ішінде вестибюль (кемінде 10 ш.м.), келушілерге арналған гардероб (8 ш.м.), менеджер кабинеті (кемінде 10 ш.м.), медициналық және дәрігерге дейінгі қабылдау кабинеттері (2-еу, әрқайсысы 12 шаршы метрден), оқшаулағыш (8 ш.м.), емдеу бөлмесі (12 ш.м.) орналасады. Бұдан бөлек, онда қос бөлмеден тұратын вакцинация кабинеті, картотекаға арналған бөлме, физиотерапиялық емдеу кабинеті, күндізгі стационар, қақырық жинау бөлмесі, туберкулезге қарсы препараттарды қабылдау бөлмесі, мұрағат, медқалдықтарды уақытша сақтауға арналған бөлме, қоймалар, қызметкерлер мен науқастарға арналған жеке дәретханалар, стерилизация бөлмесі және қызметкерлерге арналған жеке бөлме болады. Бұлардың әрқайсысының ауданының минимумы нақты бекітіледі. Егер осы жобалар іске асса, ауыл медицинасы жаңаша түлегелі тұр. Мұндай стандарттар бұрын-соңды болған емес. МП, ФАБ, ДА ғимараттарында осы тізімде аталған барлық бөлме болуы, олардың ауданы сәйкес келуі, қажетті жабдықтармен толық жабдықталуы шарт. Дәрігерлік амбулатория (ДА) бірнеше ауылға қызмет көрсетеді. Сырқаттар қалаға сабылмауы үшін амбулаторияның холында дәріхана ашу жүктеледі. ДА айналасын абаттандырып, демалыс аймақтарын, шағын паркті жасақтау, жаяу жүргіншілер және кіреберіс жолдармен, автотұрақтармен жабдықтау қарастырылмақ. Нәтижесінде, бұл жоба ұлттың саулығын арттырып қана қоймай, ауылдықтардың әлеуметтік көңіл күйін, рухын көтеруге септеседі. Қазақ ауылы қамқорлыққа лайық Finprom мониторинг агенттігінің дерегінше, 2022 жылғы қаңтар-тамыз аралығында елімізде денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер саласына 105,9 млрд теңге инвестиция құйылыпты. Бұл былтырғыдан 6,5 пайызға көп. Салыстыра кетсек, 2021 жылғы ұқсас кезеңде тартылған инвестиция көлемі 99,5 млрд теңгені құраған. Пандемияға дейінгі 2019 жылы ұқсас мерзімде бұл көрсеткіш 66,5 млрд теңге болыпты. Өңірлер арасында Астана ешкімге дес бермеді: инвестициялардың 21 миллиардын немесе 19,9%-ын бір өзі қанжығалады. [caption id="attachment_220832" align="alignright" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Көшбасшылардың үштігіне Жамбыл облысы (11,3 млрд) және ШҚО (11,3 млрд) кірді. Осы үшеуі қаржының жалпы көлемінің жартысына жуығын иеленді. Саладағы ең аз инвестиция Атырау (шамамен 300 млн теңге), Ұлытау (400), Қызылорда (1 млрд) облыстарына тиесілі. Қалай болғанда, ауылдар инвестиция тасқынынан қалыс қалды. Бірақ бұл олқылықты жаңа ұлттық жоба түзейді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, тұтастай алғанда, ауыл медицинасын жаңғыртуға алдын ала есептемелер бойынша жалпы сомасы 217,6 миллиард теңге қажет болады. Бұл сома алда өсуі ықтимал. Соның ішінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетуге, МП, ФАБ, ДА салуға – 126,5 млрд теңге, 32 көп бейінді ауданаралық аурухананы ұйымдастыруға 91,1 млрд теңге талап етіледі. Ұлттық жобада ауылға дәрігерлерді, медициналық персоналды тарту мәселесі де қамтылған. Мысалы, мемлекеттік грантқа оқыған жас дәрігерлер белгілі бір мерзім ауылда жұмыс істеуге міндеттелмек. Министрлік жүргізген талдау көрсеткендей, Қазақстандағы 61 медициналық колледжде 2022 жылдан 2024 жыл аралығында жалпы саны 16 570 медбике және 17 585 фельдшер даярланып шығады. Бұл «ауылдарда салынатын емханаларды орта медициналық персоналмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді». Ал еліміздің медициналық университеттері жыл сайын 2 200-ден астам жалпы тәжірибе дәрігерін дайындайды. Мұның сыртында 32 заманауи ауданаралық аурухананың қосымша кадр ресурстарына деген қажеттілігі (олардың он екісінде қазір дәрігерлер жұмыс істеуде) 816 маманды құрайды. Оның 548-і – дәрігер, 268-і – орта медициналық қызметкер. Осы ауданаралық ауруханалар үшін отандық 7 медициналық университет неврология, ангиохирургия, нейрохирургия, радиология, кардиохирургия, оториноларингология сияқты 16 бейінді мамандықтың маманын даярлап береді. Әрбір университетке жақын облыстар бекітіледі. Оларды бітіріп шыққан жас кадрларды баспанамен қамту, әлеуметтік жағдай жасау облыс басшыларына жүктеледі деп күтілуде. Жалпы, 2022-2024 жылдары университеттер аталған бейінді мамандықтар бойынша 2 843 маман дайындап шығады. Қорыта айтқанда, егер «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасында көзделген іс-шаралар толыққанды жүзеге асса, ауыл медицинасы бұрын ешқашан болмаған дәрежеде дамуы мүмкін. Онда басы ауырып, буыны сырқыраған ауылдықтардың қалаға шабылуы өткеннің көрінісіне, ескінің қынжылысына айналуы кәдік. Сондай-ақ іргелес жатқан мемлекеттердің тұрғындары біздің ауылдарға ем іздеп ағылып, жергілікті медициналық туризм буырқана дамуы да ғажап емес.