Қазанат – ердің қанаты. Қазақ пен қазанатты бөле-жара қарауға болмас. «Қазақ – жылқы тектес» дейміз. Асқар Сүлейменовтің: «Басқа халық қайдан жаралсын, мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған» дегені тағы бар. Қазақ пен қазанатты байланыстыратын бір тылсым күш бары анық. Оны ешкім жоққа шығара алмас. Қазақ ғасырлар бойы жылқының жүйрігін, мықтысын бөлектеп, іріктеп өсірген. Ал ұлт қайраткерлерінің әрқайсысының сүйікті тұлпарлары болыпты.
Бүгінгі әңгіме – жылқының тарихы емес, қазанаты серігіне айналған қазақтың танымал тұлғалары туралы. Батырлар жырын оқыған әр қазақ жақсы біледі: Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбар батырдың Қарақасқасы, Ер Тарғынның Тарланы болды. Анталаған жауды қанатты әрі төзімді тұлпарсыз жеңу мүмкін емес еді. Сол себепті де батырларға қазанаты сенімді серік болды. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» (Абай) жылқы баласының сұлу жаратылысы талай ақынға жыр да болды, көркем образға да айналды.
Жылқының ерекше қасиеті батырлар жырында ғана көрініс тапқан жоқ, одан кейін де талай тұлғаға сенімді серік болды. Ақан серінің Құлагері туралы Ілияс Жансүгіров ерекше поэма жазды. Ақынның «Құлагер» поэмасы талай жанның жүрек қылын шертті. Тұңғыш Олимпиада чемпионы болғаны Абсент жылқысы да Луговойдан шыққаны белгілі. Жылқы мен қазақ егіз ұғым дейтініміз де сондықтан.
Міржақыптың Алагөзі
Міржақыптың атқа құмарлығы бала кезден басталса керек. Жүйрік ат, құмай тазы – ер жігіттің қайраты. Міржақып та сондай сұлуға құмартса керек-ті. Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» атты кітабында әкесінің жылқыға құмарлығын ерекше суреттейді. «Папам жылқы малын жақсы көретін, асылтұқымды жүйрік сәйгүліктерге құмар болатын. Елде өзі мініп жүрген талай аттарын сағынып, мақтанышпен есіне алатын. Қызылордада таныстары сыйлыққа берген екі-үш аты есімде, бірақ мырза Міржақыптың қолынан тез тарап кететін, келген жегжаттарына мінгізіп жіберетін. Ақбоз атын ер-тұрманымен Шоңның Жүсіп қажысына (Ахметсафаның әкесі) бергенін білемін. Өзінің ұсталып кеткенінше мініп қызығын көрген жирен қасқа Алагөзін бәріміз жақсы көретінбіз. Оған байланысты көп қызық оқиғалар өткен, оны қоя тұрайын. Папам Алагөзге мініп, редакцияға баратын, аңға да шығатын. Аңшылық дегенім – құс атуды әуес көретін, айтулы мерген еді» деп жазады.
Құлагердей ат қайда?
Атқұмар қазақтың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол туралы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» ерекше суреттейді. Сәкеннің жылқыға арнаған өлеңдері де өте көп. Тар қапаста жатып, жырлаған өлеңдерінің бірі «Тұлпарым» деп аталады. Бұл бір жағынан еркіндікті аңсаған қазақтың өз тағдыры болса, екінші жағынан тұлпарын сүйген Сәкеннің өз зары болатын.
– Темір торлы тас үйде,Көкірегім толды шерменен.Қанатты, тағы тұлпарым,Арқырап келші кермеден.Тұмарлап баптап, айдарын,Құйрығын сүзіп ерлеген.Құтқаршы мені қамауданШынжырлап ерік бермеген.
Сәкен мұны түрмеде жатқан азапты күндерде жазған. Туған жерге деген сағынышын осылай жеткізген. Сол сағынышты «тұлпар» образында беріп отыр.
«Құлагер» – Ілияс Жансүгіровтің шоқтықты поэмаларының бірі. Ақынның Құлагерді жырлауына Ақан серінің өмірі мен тұлпары себеп болғаны даусыз. Әрі атақты серінің «Құлагер» өлеңі де ерекше әсер қалдырса керек-ті. Тарихтан белгілі, Құлагердің өлімі Ақанға оңай тиген жоқ. Ол айдалада Құлагердің басын құшақтап, көзінен қанды жас аққанша жылағанын Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романында да жазады. «Осы кезде шапқылаған ат дүбірі еміс-еміс естілгендей болды да, іле «Қарағым! Қанатым!» деген иесінің дірілдеген даусы дәл құлағының түбінен шықты. Ақтық рет ышқынып, басын көтеріп алған Құлагер сары аттан домалай түсіп тізерлеп отыра кеткен Ақанның құшағына жағын төседі. Иесінің үсті де шылқылдаған су екен. Ағыл-тегіл боп аққан көз жасына малып алғандай. «Айдалада жалғыз қалдырмай, жеттің бе, үлгердің бе? Менің қазам енді жеткен шығар, ризамын саған, бақыл бол!» деп кісінегендей болды. Бірақ тағы да үні шықпай, ерні жыбырлаған күйі көзі жұмылмай қалды. Оқыс тұяқ серпіп, қинала керілген Құлагердің ашық қалған көзінде мөлтілдеген жас төгілмей тұнып тұр. Ақанның көзінен бір тамшы жас әлгі көлге үзіліп түскендей жан біткендей дір етті. Ақан аһ ұрып, он жыл серік болған аяулы досының жансыз көзін жапты»... Жауыздықтың шегі болмас, қаныпезерлер Құлагерді ғана өлтірген жоқ еді, ақынды да «тірі өлікке» айналдырған. Жан жүрегі паршаланып, Құлагерін құшақтап, егіліп жылаған Ақан бейнесі қалды...
Батыр мінген Ақбоз ат
Батыр Бауыржан Момышұлының есімі аталғанда, Ақбоз аты қатар айтылады. Ол туралы аңыз да, әңгіме де көп. Ақбозы туралы батыр өз естеліктерінде де жазып қалдырған. «Мен – атбаптар қазақтың баласымын. Жылқы жүйрігін айтпай танимын. Егер білсем, бұл – қазақтың қарабайыр жылқысы. Еркін далада құйынмен жарыса, көсіле өскен, кең тынысты жануар. Күн-түн шапсаң талмайды, өзі және ақбоз екен, – деп аттың жонарқасын сипап, сауырын қағып-қағып қойдым» дейді естеліктерінде. Жанында тұрған старшина ақ боз атты таңдауының сырын сұрағанда: «Жылқының ақбозын халық қасиетті деп санайды. Біздің елдің батагөй қариясы да, ел қорғайтын батыры да ақбоз айғыр мінген. Егер сол аттың иесі шейіт болса, оның асына ақбоз шалатын болған. Бұл ертеден келе жатқан дәстүр, түсіндің бе?» дегені тағы бар. Сол тұлпары батырды талай оқ пен оттың арасынан алып шықты. Тіпті, кейде сапты жаяу аралағанда аты қасында бірге еріп жүреді екен. Тұрса – тұрады, отырса – отырады. Дауысы қатты шықса, тұмсығымен түрткілейді екен. Батырдың нағыз сенімді серігіне айналған.
Тұлпар мініп, ту алған қазақтың батырлары аз емес. Кәрпескеге дейін қазақтың бәрі атқа мінді десек, қателеспес, сірә! Кеңес келіп, малын, жылқыдан түсіріп, тақырға отырғызды да кетті. Атқа шапқан қазақ жаяу қалды. Алаштықтар арасында жылқы малына құмартқаны Міржақып Дулатов екенін жаздық. Одан бөлек, жылқы малын ерекше қадірлегені бар ма? Профессор, ғалым Айгүл Ісімақоваға бұл сауалды қойғанымызда, «Міржақыптың «Алагөзі» ғана еске түседі. Негізі, олар ат мінетін заман болмады ғой: патшаның қудалауы басталды, совет кезінде атқа тек коммунистер мінді», – дейді.
Алаштан кейін атқа отырған – Бауыржан Момышұлы секілді. Қаһарман ұлдың ақ боздың үстінде қасқайып отырған сәті таспаланып қалған. Ел есін жиып, атқа құмарта бастағаны бертінде секілді. Оның өзінде бәйгеге шаппаса, жаппай атқа шапты деп тағы айта алмаймыз.
P.S. Қазақ ашаршылық тұсында аттан айрылды. Қанаты қайырылды. Біз атқа мінген арыстар туралы жазғанда ежелден жауынгер ұлттың ұландарының рухы жоғары болғандығын айтқымыз келген. Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» дегенде, тұлпар мініп, ту ұстаған өршіл халыққа табиғаттан дарыған осы еркін мінезді меңзесе керек.Осы күнгі замандастарымыздың көбіне бозөкпе, босбелбеу, ынжықтау келетұғындығының бір себебі – ат үстіне үзеңгі артпағандықтан емес пе екен?!Сөз кезегі ретінде қазіргі жылқы ұстап, ат баптаған азаматтар мініске арналған жылқыдан гөрі бәйгеге, ат жарыстырып, атақ шығармақ ниетпен ғана ұстап жүрген сияқты көрінетінін айту артық болмас…«Ат – ер қанаты» дейміз. Ал қанатынан айрылған қазақтарды не дейміз?