Түркістандағы құрылыс бәсеңдемейді
Түркістандағы құрылыс бәсеңдемейді
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
669
оқылды
Түркістан облысы құрылғаннан бергі кезеңде Түркістан облысы үшін қаржыландырудың барлық көзі арқылы тұрғын үйді пайдалануға тапсыру көлемі 200 пайызға дейін өсті. Мәселен, 2018 жылы 396,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2021 жыл қорытындысында 823,8 мың шаршы метр пәтердің кілті табыс етілді. Бұл көрсеткіш арқылы еліміздегі құрылысы қарқынды жүріп жатқан бірден-бір өңір – Түркістан облысы екенін білуге болады. Бұл туралы Үкімет отырысында да айтылды. Жуырда киелі шаһарға іссапар­мен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіс­танды атажұртымыздың алтын қазы­­ғы деп атап өтті. «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тари­хымызда айрық­ша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас дің­гегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ жылнама­сына алтын әріппен жазылған көптеген тұлға­ларымыз­дың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің руха­ни астанасы деген мәртебе беріл­генін айтты. Пре­зиденттің пікірін­ше, бұл оқиға Түр­кістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.
«Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түр­кістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңы­рағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыр­оймен атқарып отыр. Сол себепті ата жолын ұстанып, Ұлттық құрыл­тайдың келесі отырысын Түркіс­танда өткізуді ұсындым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткен­дей, мұнда соңғы жылдары 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экология­лық ахуалы жақсарған. Айтса айтқандай, Түркістан күн сайын құлпырып, жаңарып келеді. Әсіресе, бұрын соңды болмаған тұрғын үй құрылысы жылдам бой көтеруде. Бірқатарына тоқталып өтер болсақ, өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында биылғы жоспар 855 мың ш.м. болып белгі­ленген. Жыл басынан бері 191,4 мың ш.м, яғни 1332 пәтер пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімі­мен салыстырғанда 117 пайызға ұлғайғанын айта кетуге болады. Жалпы, Түркістан облысы құрылған 2018 жылдан бергі жылдарға қарасақ, едәуір өсім байқаймыз. Мәселен, 2018 жылы – 3 018 пәтер, 2019 жылы –5 846, 2020 жылы – 6 059, ал 2021 жылы – 6 590 пәтер ел игілігіне ұсынылған. Биыл 97 көп­қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл шамамен 100-ден астам футбол алаңының көле­міне тең екен. Бұл туралы мәліметті Түр­кістан облысы Құ­рылыс басқарма­сының басшылығы атап өтті.
«Бүгінде Түркістан қаласын түр­кі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жұмыстары­ның 1-кезеңі аяқталды. Осынау кезең аясында әкішілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Оларды өзара байла­ныс­тыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта құрудан өтіп, өндірістік аймақ құрылды», – дейді Түркістан облыс­тық құрылыс басқармасы басшы­сының орынбасары Серікжан Кеңесханұлы.
Жаңа әкімшілік-іскерлік орта­лығында 3 әкімшілік ғимарат, Кон­гресс холл, медиа орталық, Нұр-Сұлтан алаңы, спорт кешені, цифрлық кеңсе, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Оқушылар сара­йы, стадион, бассейн, Жібек жолы саябағы, музыкалық және 900 орын­дық мектеп салынып пайда­лануға тапсырылған. Ал рухани-мәдени орталығында Халықаралық университет, Драма театр, Ұлы дала елі, Яссауи мұра­жайы, Визит орталығы, Шығыс моншасы, Неке сарайы, Ғылыми-әмбебап кітапхана, Амфитеатр, Музыкалық фонтан, Керуен Сарай туристік кешені, Hampton by Hilton қонақ үйі нысандарының құрылысы жүріп, бүгінде олар жұртшылыққа қызмет көрсетіп отыр. Тұңғыш Президент саябағының және Қазақ хандығы мемориал кешенінің құ­рылысы таяу күндері аяқталып қалады деп күтілуде. Одан бөлек, Б.Саттарханов даңғылы бойында 4 шақырым желілік саябақ салынған, 25 300 түп ағаш егіліп, 317 шағын архитек­туралық нысандар орнатылған. Облыс орталығы Түркістан қала­сында көз тартар көркем ғимарат­тардың көбейіп жатқаны рас. Rixos Turkistan, Hampton by Hilton Turkistan қонақ үйлері де соңғы жылдары киелі шаһарға ағылып жатқан туристерге қызмет көрсету үшін салынған заманауи ғимараттар. Сондай-ақ сыйымдылығы 18 млн текше метр (м/3) болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы және «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» су нысандары салынған. Көне шаһардағы құрылыстар қарқыны әзір де толастап жатқан жоқ. Әкімшілік-іскерлік орта­лығында теннис орталығы, мұз сарайы, 500 орындық жатақхана­сымен 700 орындық Дарын мектебі, ішкі істер органдарының ғимарат­тары, спорт кешендері бар есу каналы, жасанды көлдер және инженерлік инфрақұрылымдар қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ келешекте жалпы 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайда­лануға беру жоспарлануда. Серікжан Кеңесханұлы сонымен бірге жаңадан құрылған облыс орталығында барлық сала бойынша құрылыстың қызу екенін айтады. Мәселен, денсаулық сақтау сала­сында 570 төсектік көпбейінді ауру­хана, жедел медициналық жәрдем стансасы және Ана мен бала орта­лығы салынып пайдалануға беріл­ген. Ал мәдени-рухани орталықта Күл­төбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттедж қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Хилует» мәдени-рухани орталығы бой көтермек. Осылайша, Түркі жұртының рухани астанасы күн өткен сайын көркейе бермек.

Түркістан облысы