Ішкі істер министрлігі гидпен татуласқан Төреғали Төреәліге қатысты мәлімдеме жасады
Ішкі істер министрлігі гидпен татуласқан Төреғали Төреәліге қатысты мәлімдеме жасады
Фото: vkurse.kz
Танымал әнші Төреғали Төреәліге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, – деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі. 
“Төреғали Төреәліге қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі негізінде СДТБТ-да тіркелген қылмыстық іс бойынша тараптар татуласты. Нәтижесінде қылмыстық іс бойынша тергеу тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады. ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес: өлім-жітіммен байланысты емес, ауырлығы аз немесе орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірілген зиянды түзетсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады”, – делінген полиция мәлімдемесінде.
Бұған дейін Көлсай көлі маңында гидті соққыға жыққан белгілі әнші таяқ жеген жігітпен кездесіп, келісімге келгенін хабарлаған болатынбыз. Еске салайық, оқиға 28 қыркүйекте Алматы облысы Кеген ауданындағы Ұлттық парк аумағында болды. Әлеуметтік желіде белгісіз жігіт Төреғали Төреәлі оның қабағын жарып, жұдырықтағанын айтты. Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінде тіркелді.