Ол сән әлеміне ішкі қалауымен келген. Содан ба, ерекшелікке, актуал дүниеге құмар. Әрі жанындағыларды әдемілікке үйір еткісі келеді. Мұны Бұлбұл Қалқанбаеваның энергиясынан бірден байқайсыз. Өйткені оған отыздан асқасын да мамандық ауыстыру қиынға соққан жоқ. Қазір қыз-келіншектерге талғам қалыптастыруға көмектесіп, стилист маман дайындап жүр.– Бұлбұл ханым, сән әлеміне қалай келдіңіз? Қателеспесем, мамандығыңыз – филолог. Әлде қосымша білім алдыңыз ба?
– Балалық шағым экономикалық тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздік алған кезде небір күндер бастан өтті. Сондықтан бірнеше көйлек кию, ерекше дүние жасау деген болмады. Әдетте стилистердің өмір тарихын оқысаңыз, «бала кезінде көйлекті түрлендіре алғанын» көресіз. Десе де, әдемілікке құмар болып өстім. Өйткені анамыз сұлулыққа құмар еді. Ауланы гүлге көмкеріп, дүниені үйлестіруге көз үйренді. Қашанда таза, әдемі киінуге бейімдеді. Қаражатымыз аз болса да, қолда бармен жинақы жүруге тырысатынбыз.
Иә, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіргенім рас. Бірақ бұрыннан сән әлеміне әуес едім. Содан декреттік демалыста жүргенімде бір ой маза бермеді. Құдды өмір көшінен қалғандай, бір нәрсенің орны толмай тұрғандай күй кештім. Осылайша, ішкі қалауым есіме түсіп, зерттей бастадым. Артынша украин стилисі Маргарита Мурадованың «персонал стилист» курсын сатып алдым. Жалпы, стилистер персонал және фэшн стилист болып екіге бөлінеді. Ал Маргарита Мурадова екі саланы да қатар алып жүрген білікті стилист. Аталған сабақты оқи келе, бала күнгі арманым еске түсіп, өмірді шексіз сүйетінімді түсіндім. Осыдан кейін білім алуды тоқтатпадым. Петербордағы стилист Ольга Словодан, мәскеулік стилист Александр Клейменовтан, қазақ қызы Дана Қаражігітовадан тәлім алдым. Әлі де үйренерім көп. Дегенмен осы білімімді ықшамдап, біздің менталитетке бейімдеп ұсынып жүрмін. Өйткені қазақы аудиторияға әлемдік сәнді тура сол күйінде ұсына алмайтынымыз бар.
– «Әкімдіктен Алматыға» дейінгі жолды қалай жүріп өткеніңіз қызық. Мұндай ойдың тууына не түрткі болды?
– Өскемен қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде бірнеше жыл жұмыс істедім. Лауазымым бірнеше рет көтерілді. Бірақ ішімнен өзімнің кеңсе жұмысына емес, шығармашылық ортаға бейім екенімді сездім. Әкімдіктегі жұмысыма келсек, бұл тәжірибемдегі үлкен мектеп іспетті. Ережеге, адамдармен қарым-қатынас құруға, өзің байқай бермейтін қабілетті шыңдауға үйретті. Күш-жігерімді шыңдау мен жылдамдыққа жұмыс істеуді де сонда үйрендім. Дегенмен арнайы кесте мен кеңсе жұмысы қыса бастады. Сән әлеміне, киім үйлестіруге құштарлығым арта түсті. Содан декреттік демалыс кезінде курс оқыдым, артынша Қазцинк компаниясына жұмысқа тұрдым. Ақырындап Өскеменде сән туралы ақпарат таратып, әйелдерге талғаммен киінуді үйрете бастадым. Алайда білесіз, Өскемен – кішкентай қала. Дүкен де, сән жайында білгісі келетін адам да аз. Алматыға қоныс аударуға шешім қабылдап, жақындарыма айтқанымда қатты таңырқады. Өйткені жоғарыдағы компанияда жұмыс істеу кез келгенге бұйыра бермейтін. Ал маған сән қазаны қайнап жатқан Алматыға бару керек-ті. Жолдасым екеуміз бұрыннан үлкен қалаға көшуді ойлап жүрдік. Таңдауымыз Астанаға түсіп, үй сатып алғанбыз. Алайда таңдауды сән индустриясы дамыған Алматыға ауыстырдық. Себебі мықты стилистермен қоян-қолтық араласып, республикалық жобаларға қатысқым келді. Әрі қалаған киімді оңай іздеп таба алатының тағы бар. Иә, арман қалаға қоныс аударуым карантинмен тұспа-тұс келді. Меніңше, карантин көп адамның көзін ашқан сияқты. Байқағанымдай, біразы бизнес бағытын өзгертіп, өзін іштей тани түсті. Сондай-ақ карантин маған да ішкі дауысымды тыңдап, барынша жұмыс істеуіме көмек берді. Айтарым, «жұмысыңды тастап, Алматыға көш» деген пафос ұран емес. Біріншіден, «соқыр тәуекелді» ешқашан құптамаймын. Ал алды-артын ойлап, тәуекелге бару – батылдың ісі. Сондықтан сүйікті ісіңізге тәуліктен 25 сағат уақыт таба алсаңыз, сізге табыс әкелетініне сенемін. Сүйіп істейтін жұмыс қанаттантырады, көзіңіз жанып, шаршауды ұмытып кетесіз.
– Өзіңіз айтпақшы, қазақтілді аудитория сән туралы контентке шөліркеп отыр. Осының орнын қалай толтырып жүрсіз?
– Сенесіз бе, декреттік демалыс кезінде Google-дан «Как быть стильной?» деп іздегенімде ақпарат өте аз еді. Сол үшін бірнеше миллион салып жүріп, ресейлік стилистерден оқып-үйрендім. Оқығанымды қазақ аудиториясына бейімдедім. Расымен де, қазақтілді аудитория ақпаратқа шөліркеп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Instagram-да блог жүргізе бастадым. Оның үстіне, біз өте тәрбиелі халықпыз. Мәселен, үлкеннің алдында қымсынбай жүру, баланың алдында беделімізге нұқсан келмеу керегі бар. Осының бәрін ескере отыра, әдемілікке ұмтылу керек. Мысалы, әлемдік сән ұсынатын ашық-шашық, жырық киімдер біздегі менталитетке келмейді. Осыны біртіндеп ұсынғанымда, аудитория бірден лап қойды. Менталитеттің көлеңке тұсы, «сен кімсің, бізге көйлек киюді, өмір сүруді үйретесің бе?», «күйеуге тидік, бала таптық, бізге сән не керек?» дейтіндер де табылды. Сондықтан бастапқыда өте қиынға соқты. Бертін келе аудиторияның 80-90%-ына сән әлемі туралы сіңірдік. Бір жағынан бұл менің ғана емес, әлеуметтік желінің құдіреті. Қазіргі қазақ әйелі жан-жақты ақпарат алуға құмар. Осыған орай, жеткізгім келген дүниені теледидардағы бағдарлама, желідегі блог түрінде айтып жүрмін. Одан бөлек, «Қалай, қайтіп, немен кию жайлы» дейтін марафоным бар. Қосымша қазақтілді стилист дайындауды қолға алдым. Кейінгі жеті-сегіз ай ішінде бес қызды үйреттім. Қуантарлығы, қазақтілді стилистер қатары күн сайын толығып жатыр.
– Гардероб мәселесіне ойыссақ, қазақтың қыз-келіншектері жіберетін қателік пен артықшылықты тізсеңіз. «Гардеробта осы бес зат болса, ұтылмайсыз» деп нені атар едіңіз?
– Қыз-келіншектердің кемшілігі, жыл он екі ай киюге ыңғайлы қара шалбар іздейді. Мұндай шалбар денедегі артық-кем тұсты жасырады деп ойлайды. Оған қоса, неғұрлым шалбар тыртысып тұрса, жинақтап тұрады дейтін түсінік бар. Керісінше, мұндай түстегі шалбармен артық массаны көрсетіп алып жатамыз. Ал кейде пошымы дұрыс таңдалған ақ шалбармен дене бітімін коррекциялауға болады. Сондай-ақ қыз-келіншектер персонал стилистпен жұмыс істеуге әлі дайын емес. Олар «стилистке ақша төлегенше, өзім киінбеймін бе?» деп ойлайды. Мысалы, маманмен қателеспей, талғаммен алынған киім бес-алты жыл актуалды болатынын, басқа киімдермен үйлестіру құндылығын түсінбейді. Дегенмен арасында бір оқпен бірнеше қоян ататын қыздар бар. Оған қоса, киім пошымының актуал, актуал емес екеніне көз жеткізбейді. Себебі пошымы дұрыс таңдалған киім бәрімен үйлесетінін білмейді. Одан кейін қазақ аудиториясында «қымбат киім алсам, әдемі киінемін» дейтін қате түсінік бар. Жоқ, қарасаңыз, Dior, Prada сияқты брендке малынғанымен, талғамы жоғы көрінетін қаншама қыз-келіншек бар. Есіңізде болсын, талғамды ақшаға сатып алмайсыз. Базардан да талғаммен киінуге болады. Артықшылық, қыз-келіншектер өздерін жақсы көреді. Актуал болсын-болмасын киім сатып алуға қаражаты жетеді. Кей тұста қателескенімен, өзіне ақша жұмсай алады. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана бала мен күйеуді алға қойып, өзін кейінге қалдыратындар көп еді. Қазір керісінше, өзін күтетін қыз-келіншектер көп.
Ал «базалық гардероб» түсінігі әркімде әртүрлі құрылады. Мысалы, мұғалімнің базалық гардеробында сапалы костюм-шалбар, белдемше ілініп тұрса игі. Формула бойынша осы екеуіне төрт-бес үстіңгі киімді үйлестіресіз. Мысалы, жакет, кардиган, жейде мен блузканы айтуға болады. Ал декретте отырған ананың базалық гардеробы спорт киімі, белдемше, жеңіл жейдеден тұруы мүмкін. Сондықтан белгілі бір ереже жоқ. Десе де, әр әйелдің сөресінен ақ жейде, тренч, дене типіне сай шалбар, аяқкиім мен қымбат сөмке табылғаны дұрыс.
– Көбіне, ақкиім мен сырт киім таңдауда қателесіп жатамыз. Осындайда түртіп алып, есте сақтайтын дүние бар ма?
– Иә, аяқкиім мен сырт киімге қатысты ереже бар. Бірақ стилистер адамдарды ережемен байламау керек деп жатады. Айталық, көбі ұзындыққа мән беруді білмейді. Мысалы, спорт стиліндегі күртеше сатып алады да, соны көйлектің сыртынан іледі. Оған қоса сырт киімнің ұзақ қызмет еткенін қалайды. Осындайда тобыққа дейінгі және бөксені жартылай жабатын ұзындыққа тоқталу керек. Мұны сіз шалбармен де, белдемшемен де киесіз. Аталған екінші ұзындықты спорт киіммен де, классикалық шалбармен де үйлестіресіз. Ал аяқкиімге келсек, үлгісі актуал аяқкиімдерді жаттап алу керек. Мәселен, қонышы жиырылатын ұзын етік, лофер, челси, баулы бәтеңке бірнеше жылға дейін актуал. Ал біздің қыздар артық темір, жапсырмасы бар ақкиім сатып алуға құмар. Неғұрлым деталсіз, қарапайым ақкиім қымбат көрінеді әрі ұзақ жыл қызмет етеді.
– Жақында жоғары сән мен стиль үйлесім тапқан киім-кешектер шығаруды қолға алдыңыз. Сонда жоғары сән дегеніміз не?
– Жалпы, қазақ аудиториясы сән ұғымымен кеш танысқасын, жоғары сән – таңсық ұғым. Бізде сәнді және сәнді емес деген түсінік бар. Мысалы, елдің бәрі белгілі бір киімді сатып алады, содан көпшілікте «осы сәнді» деген түсінік пайда болады. Бір қызығы, сәнді деп алған дүниеңізді келер жылы кигіңіз келмейді. Шын мәнінде, бізге келген сәнді көйлек пен шалбардың тарихы арыда жатыр. Бұл қалай? Сән мен тренд қайдан шығады? Мәселен, люкс брендтерге қарап бой түзейтініміз рас. Негізі, трендтің тарихы бұдан да терең. Яғни, арнайы трендбук, трендсеттер дайындалады. Осының бәрін біз жоғары сәннен көреміз. Ол дегеніңіз – Dior, Prada, Balenciaga, Jacquemus Chanel, Verou және тағы басқалары. Бірақ мұның мәні де тереңде жатыр. Олар арнайы трендсеттер арқылы халық арасында киім моделін сынақтан өткізеді. Мысалы, жыл түстері Pantone институты арқылы ұсынылады. Осылайша, жоғарыдағы процеске бір-екі жыл уақыт кетеді. Кейін жоғары сән мұны бізге көрсетеді. Мысалы, Милан, Парижде өтетін сән көрсетілімінде тренд жарты жыл бұрын таныстырылады. Айталық осы күздегі таныстырылымда көктемде не киетініміз көрсетіліп жатыр. Соған қарап-ақ түсінік пайда болады. Мәселен, 2022 жылдың көктемінде күзде эко-былғары тренч, бомбер және тағы басқасы сәнде болатынын білдік. Яғни, жоғары сәнде киінуді ұйымдастыруға жарты жыл уақытымыз бар. Әдетте жоғары сән шығарған киімді стилистер киіп жүреді де, бұл халыққа тұрпайы көрінеді. Алғашында қабылдамағанымен, кейіннен Қытай люкс брендтерді көшіріп шығара бастайды. Содан кейін ғана бой үйреніседі. Айналаңызға қараңызшы, қазір басы төртбұрыш аяқкиім екінің бірінде бар. Мұны жоғары сән бірнеше жыл бұрын ұсынған. Басында жұрт қабылдамағанымен, Қытай нарығы мен масс маркет көптеп шығарғасын сатып ала бастады. Ал өзім пошымы актуал киім шығаруды қолға алдым. Жоғары сәнде көрсетілген детальдарды негізге алып, көйлек эскизіне қостым. Байқасаңыз, қыз-келіншектер актуал емес, бірақ сапасы жақсы киімдерді шетелден алдырады. Сол үшін қолжетімді бағада сапалы әрі актуал киім брендін шығаруға ден қойдым. Екінші артықшылығы, тігін жұмысына тек табиғи материалды қолданамыз. Жұмысқа, балаға, басқасына уақыт тауып жүрген келіншекке таптырмайтын нұсқа. Құрамы таза мата ешқашан терлетпейді. Сондықтан матаның түріне емес, құрамына мән беру керек. Үшіншіден, Bul_Bulbul брендінің киімі денедегі артық-кем тұсты жасырып тұрады.
– Байқасаңыз, сән жылдар өте айналып келіп жатыр. Жалпы, сән жүз жыл бұрын қалыптасып, орныққан ба?
– Жалпы, сән 1910-1920 жылдардан басталады. Еске түсіріп көрелікші, 20-жылдардағы гэтсби стилі; 30-жылдардағы ақ жағалы көйлек, жүн жаға мен қалпақ; 40- жылдардағы төртбұрыш иық пен тікпішімді белдемше; 50- жылдардағы нью лук стилі; 60- жылдары А силуэтті көйлек, қысқа белдемше мен түрлі түсті колготка; 70-жылдары кантри стилі; 80- жылдары смокинг шыға бастады; 90-жылдары спорт киімі мен джинса шалбар, 2000 жылдары ішті көрсетіп тұратын топ пен мықыны төмен шалбар. Қарап отырсақ, қоғамдағы жаңалық сәнмен тікелей байланысты. Байқасаңыз, карантин кезінде халық спорт киімін киіп кетті. Өйткені қажеті осы еді. Сондықтан үйге киюге ыңғайлы спорт киімі көбейді. Яғни, сән бейімделеді. Қазір агрессияны, ішкі қарсылықты көрсететін образ сәнде. Талдап айтсақ, ішкі ойы мен еркіндігі үйлесім тапқан киім трендке шықты. Сол үшін белгілі бір жылмен шектелмей, 70- жылдың да, 90-жылдың да образын үйлестіруге тырысамыз. Айналып келе беретіндей көрінетіні содан. Десе де, оған белгілі бір элементтер қосылатыны бар. Мысалы, Yves Saint Laurent бренді 80-жылдардағы кең иықты негізге алып, сондай тренч шығарды. Көрсеткендей, бұрынғы трендті өз заманымызға қарай бейімдеу бар. Айта кетерлігі, стиль жылдар бойы қалыптасады. Ал тренд келімді-кетімді дүние. Сондықтан адам өз қалағанын үйлестіріп кигені жөн. Дегенмен актуал дүниені шетке ысырмай, дизайнерді бақылаған да дұрыс. Үнемі талғам «бұлшықетін» жаттықтырған абзал. Сонда ештеңеден шет қалмауды үйренесіз. Жаңалықты үзбей қарағандай, «алда сәнде не болады?» дейтін ақпаратқа үңілуді әдетке айналдырыңыз.
– Жазбаларыңызда «сән бізді ахромат түстерге әкеле жатыр» деген екенсіз. Бұл қандай сән?
– Бұл да жоғары сән айналасындағы әңгіме. Ахромат түстер – ақ, сұр, қара. Мұндай тұжырымға келуге жоғары сән нұсқаған ақпарат себеп. Күнделікті люкс брендтер жайында жаңалық оқу әдетіме айналып кеткен. Байқауымша, олар жарқын түске емес, ақшыл, ахромат түске акцент қойған. Қазір сән көрсетілімдерінде де осы түстерге басымдық берген. Демек, жарты жыл мен екі жыл көлемінде біз де осыған келеміз. Сәйкесінше, сіз де гардеробқа аталған түстерді енгізсеңіз, өкінбейсіз. Жоғары сән ұсынған түстер алдағы бес-алты жылда сәннен түспейді.
– Әңгімеңізге рақмет!