Теріс қылық – жаппай бүліктің «ағайыны»
Теріс қылық –  жаппай бүліктің «ағайыны»
© коллаж: Елдар Қаба
911
оқылды
Қылмыс – бөлек, құқықбұзушылық – бір төбе. Олардың аражігі бұрын­нан ажыратылған, әрқайсысы Қыл­мыстық және Әкімшілік кодекстерге бөлінген. Алайда 2014 жылғы 3 шілдеде сол кездегі билік «қылмыс­тық теріс қылықтар институты» дегенді енгізді. Содан соң сала бы­лы­ғып сала берді. Егер тасжүрек ана жаңа туған сәбиін тірідей қоқыс жә­шігіне лақтырса, ол үшін бір күн де темір торға қамалмайды. Жаңа­шыл­дық салдарынан қаншама жемқор шенеунік, қаптаған алаяқ жазадан құтылды. Себебі қылмыстық теріс қылықта түрмеге қамау қарастырыл­маған. Сондай-ақ 1 жыл қашып жүрсе, мерзімі өтті деп істі жаба сала­ды. Әділетті Қазақстан елге зиян әкелген осы институттан бас тартпақ. Ақ пен қара ортасындағы сұр аймақ Сегіз жыл бұрын қабылданған жаңа Қылмыстық кодекске сәйкес, қылмыстық теріс қылықтарға 153 құрам жатқызылды. Оның 44-і бұрынғы әкімшілік құқық­бұзушылықтар болса, басым көпшілігі, яғни 100-і – ауырлығы үлкен емес деп есеп­телетін қылмыстар. Бұған қоса, жаңа­дан 9 құрам қосылды. Олар бұрын Қыл­мыстық кодексте де, Әкімшілік құқық­бұзушылық кодексінде де болмаған, Мысалы, киберқылмыстар туралы және медициналық құқықбұзушылықтар туралы 2 жаңа тарау қосылды. Қылмыстық теріс қылық үшін негізінен айыппұл және әкімшілік қамау түрінде жаза қарастырылған. Айыппұл – 20-дан (61 260 теңгеден) 200 айлық есептік көрсеткіш (612 600 теңге) аралығында. Әкімшілік тұтқындау ең көп дегенде 90 күнді құрайды. Бірақ көбіне қамақ мерзімі 45 күннен аспайды. Бұдан бөлек, 20-200 сағаттай көше сыпыру сияқты қоғамдық жұмыспен құтылуы мүмкін. Ең бастысы, қылмыстық теріс қылық жасағандардың соттылығы болмайды. Яғни, сотталған адам болып есептелмейді. Халық ар-ождан, ұят, адамгершілік нормаларына сүйене отырып, ақ пен қараны айыра алады. Алайда қылмыс жасаған адамды жазадан босату үшін судья оның тірлігін теріс қылық деп қалай тануы керек? Халыққа түсініксіз, сұр дүние. Заңгер Дәурен Дәуітовтің түсіндіруінше, қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, жеке адамға, ұйымға, мемлекетке болмашы зиян келтірген іс-әрекеттер танылған. Оны жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, аз уақытқа қамаққа алу қарастырылған. Яғни, қылмыстағы сияқты не бас бостандығынан айыру, не тіпті бостандығын шектеу қолданылмайды.
– Қылмыстық теріс қылықтар екі критерий негізінде айқындалады. Бір жағынан, жасалған қылмыстық құқық­бұзушылық қоғамға қауіп төндірмеуі тиіс. Екінші жағынан, соған барған адамды түрмеге отырғызу оны шектен тыс жаза­лауға соқтыруы мүмкін. Мысалы, дүкеннен тамақ ұрлап алған адамды бұрын үш жылға соттайтын. Бірақ айыпталушының тірлігі қылмысқа, әлде қылмыстық теріс қылыққа жататынын тергеушілер, құқық қорғау органдары, прокуратура, судья анықтайды. Салдарынан түрлі айла-шарғыға, кор­рупциялық құбылыстарға, бармақ басты, көз қысты тірліктерге кең өріс ашылады. Ендеше оны алып тастау ұсынысы орынды, тек оған кірген құрамдарды Әкімшілік кодекске қоса салмай, жазаларын қайта салмақтаған жөн, – деді заңгер.
Оның мәліметінше, Қылмыстық ко­декстің 114-бабында денсаулыққа абай­сызда ауыр зиян келтіру деген жалпы норма бар: ол айыптының 1 жылға дейін бостандығынан айырылуын қарастырады. Егер көлік жүргізушісі жолаушыны не өзге көлікті соғып, абайсызда адам денсау­лығына ауыр зиян келтірсе, 2 жылға дейін сотталуы ықтимал. Ал жұмыс беруші не жұмыскер еңбекті қорғау қағидаларын бұзып, басқа адамның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтірсе, онда бұл қылмыстық теріс қылық деп сараланады: айыпты 50 тәулікке дейін қамаққа алы­нады. Сонда өндіріс орнында мүгедек етіл­ген адамның құны көлік қағып, жарым­жан болған адамнан «арзан» болғаны ма? Тағы бір мысал: алаяқтар аңғал адам­дар­ды алдап, миллиондаған қаржысын жым­қырып кетеді. Оны полиция ұстап ала­ды. Бірақ ол ақшаны қарызға алғанын, қайтаратынын айтып, ант-су ішеді. Тер­геуші істі тезірек жабу үшін жәбірленушіні шақырып, қаржысы қайтатынын, ол үшін шағымнан бас тартуы керектігін түсін­діреді. Сөйтіп, «айыпталушыға талабым жоқ» деген өтініш жазғызып алады. Нәти­жесінде, қарау ниетті қылмыскер үстінен тіпті қылмыстық іс те қозғалмайды. Өйт­кені Қылмыстық кодекстің 68-бабына сәйкес, «Қылмыстық теріс қылық жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз беру­ші­мен татуласса, оның ішінде меди­ация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиян­ды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады». Бүкіл жазадан құтқаратын құрал Жоғарғы Соттың судьясы Назгүл Рахметуллина бір мәселеге назар аудартты. Әйелдердің балаларын, соның ішінде нәрестелерін көшеде, басқа жерде қал­дырып кеткен, тіпті қоқысқа тастаған оқиғалары болды. Мұндай оқиғалар қоғам­дық резонанс тудырады. Азаматтар өзге­лерге сабақ болуы үшін ол көкек аналарды қатаң жазалауды сұрайды.
– Қылмыстық қудалау органдары, полицейлер мұндай жағдайда бүлдіршіннің өміріне және денсаулығына қауіп төне­тінін, бұл үшін Қылмыстық кодекстің қауiп­тi жағдайда қалдыру аталатын 119-бабы бойынша жаза қарастырылғанын қатаң ескертіп жатады. Алайда заң бо­йынша бұл қылмыс болмайды. Заң оны қылмыстық теріс қылық деп саралайды. Оның санкциясында бас бос­тандығынан айыру не еркіндігін шектеу деген жоқ. Судья тек айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе уақытша қамаққа алуды тағайындай алады. Содан судья амалсыз, іштен шыққан баласын сыртқа лақтырып тастаған анаға айыппұл салады. Өйткені заң кішкентай балалары бар әйелдерді қамауға, қоғамдық жұмыс­тарға тартуға тыйым салады, – деді судья.
Мәселен, жас босанған әйел бөбегін қоқысқа тастап кетсе де, балалы әйел санатында қалады. Себебі оны сот ата-ана құқығынан айырылған жоқ. Салдарынан соттарға мұндай қылмыскерлерге 200 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл тағайын­даудан басқа жол қалмайды. Қылмыстық теріс қылықтар инсти­тутын енгізу тергеу органдарын және соттарды шамадан тыс жүктен арылтуы, ауырлығы шағын қылмыстық бұзушылық­тарды тергеуді тездетуге жағдай жасауы тиіс болатын. Сергелдеңді азайту үшін деген сылтаумен теріс қылықтар үшін тер­геуге дейінгі тексеру жойылды. Ақыр соңында бұл институт әділдіктің орнауына кедергі келтірді, неше түрлі қылмыстың белең алуына, қоғамда әлеу­меттік кернеудің өршуіне соқтырды, халықтың қынжылысы мен кіжінісін ту­ғызды. Сондықтан Әділет министрлігі енді қылмыстық теріс қылықтар институтынан бас тартуды ұсынып отыр.
«Қылмыстық теріс қылықтар инсти­тутын жою ұсынылады. Бұл институт қыл­мыс үшін жазалаудан бұлтартпауды және қылмыстық жауаптылық мақсаттарын жоққа шығарады. Осыған байланысты қылмыстық теріс қылықтарды жою және осы құрамдарды негізінен, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне енгізу мә­селе­сі пысықталады», – деп түсіндірді Әділет министрлігі.
Бұл институттың тағы бір кесір тұсы бар екен. Қылмыстық кодексте негізгі жаза сыртында қосымша санкция салу қарас­тырылған. Мысалы, жемқор сотталса, оның мүлкі кәмпескеленіп, сол арқылы мемлекетке келтірген залалының орны толтырылады. Ал қылмыстық теріс қылық­та соттылық болмаған­дықтан, қосымша санкция салынбайды. Салдарынан алаяқ шығынын өтемесе де, оның дүние-мүлкі бұғатталмайды. Контрабандашыларға көмектесетін тетік Бұл өзгерістер бүгінде Әділетті Қазақ­станды қалыптастыру үшін қолға алынған реформалар аясында әзірленген заң жо­балары топтамасында көзделген. Құзырлы органдар қылмыстық теріс қылықтар институты контрабанданың бұрын-соңды болмаған көлемде буырқана дамуына ықпал етті деп жүр. Атап айтқанда, ҚК 234-бабының 1-бөліміне сәйкес, ірі көлемде, яғни 26,5 миллионнан 53 млн теңгеге дейінгі аралықта экономикалық контрабанда жасағандардың қылмысы қылмыстық теріс қылық санатына жат­қызылған. Соның кесірінен олар айыппұл төлеумен немесе қоғамдық, түзеу жұмыс­тарымен құтылып кетеді. Мұның сыртында соңғы 3 жылда оларға салынатын айыппұл 500 АЕК-тен 80 АЕК-ке (245 мың теңгеге) дейін күрт азайтылған. Қоғамдық жұмыс­тарды орындау мерзімі 300 сағаттан 150 сағатқа дейін еке есе кемітілді. Әкім­шілік қамаққа алу мерзімі – 45 сағатқа дейін. Яғни, айтуға тұрмайтын, мүлдем мар­дымсыз жаза. Салдарынан құзырлы органдардың дерегінше, 53 миллион теңге контрабанда үшін 245 мың теңге айыппұл төлеу оңай болғандықтан әрі бұл үшін соттылық жазыл­майтындықтан, мұның бәрі контра­бандистерді заңға қайшы қызметтерін ары қарай өрістетуге ынталандырады. Жасыратыны жоқ, осы институт – Қазақстанның ескі билігі жаһан жұртына жағынып, арзан бедел жинауға ұмтылған дәуірдің қалдығы. Үкімет қоғамның емес, Human Rights Watch, Penal Reform International сияқты халықаралық ұйымдардың ұсыным-кеңестеріне көбірек құлақ асты. Содан түрмелерді босатып, Қазақстанның жаһандық рейтингін жақсарту мақсатында аталған институт өмірге жолдама алды. Содан бері оның игілігін пайдаланатын қылмыскерлер саны жыл өткен сайын артып барады. Қылмыстық теріс қылықтар жасағаны үшін 2016 жылы – 4 760, 2017 жылы – 4 722, 2018 жылы – 5 972, 2019 жылы – 4 806, 2020 жылы – 5 688, былтыр 5 190 адам айыпталды, жеңіл жазамен құтылды. Жаңа жағдайда билік осы институтты және оның салдарын жоюға талаптанып көрмек.