Қауіпке айналған қоқыс алаңы
Қауіпке айналған қоқыс алаңы
557
оқылды
Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының халқы таза ауа­ға мұқтаж. Кент тұрғындары үйлерінің жанындағы бос жатқан жерге төгіл­ген қоқыстың күлімсі иісінен зардап шегіп отырғанын айтып, мұңын шағады. Бұл орынның қоқыс алаңына айнал­ғанына төрт жыл болыпты. Содан бергі уақытта қолқаны қабатын күлімсі иістен есік-терезелерін аша алмай әуре. Сасық ауаны жұтқан тұрғындар денсаулықтары да сыр бере бастағанын айтады. Қысы-жазы бейберекет төгілген қалдықтардан мамы­ражай тұрмыс кешу мұңға айналыпты. Бұл жайында аудан, кент әкімдігіне сан мәрте шағымданған. Сол аумақтың ахуалы төмен­деп бара жатқанын аталмыш жерді жалға алып отырған кәсіп иесіне де жеткізген. Алайда еш өзгеріс болмай тұр.
«Бұл аумаққа қоқыс төге бастағалы бері жағдайымыз күрт төмендеп кетті. Сасық иістен демалу мүмкін емес. Маскамен жү­руге мәжбүрміз. Бүгінде үйіміздің айнала­сында кене, бүйі, бүрге секілді қауіпті жән­діктер қаптап кетті. Өзіміздің және бала­ларымыздың өміріне алаңдап отырмыз. Есік алдына еркін отыра алмайтын халге жеттік. Бұған дейін аудан, кент әкімдігіне талай мәрте шағым­дандық. Осы жерді алып отырған кәсіпкерге де базынамызды айт­тық. Бірнеше күн бұрын аудан әкімінің қабылдауында да болдық. Қоқысты үйіміз­дің жанынан алып кетуін айттық. Бірақ өзгеріс жоқ», – дейді Шонабаев көшесінің тұрғыны Сәнім Төлегенқызы.
Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін бұл орын тап-таза жер болған. Кәсіпкерге берілген күннен бастап, қоқыс төгетін орын­ға айналыпты. Онсыз да сасық иіс жай­лаған орында қоқысты өртеген кезде тіпті демалуға мүмкіндік болмай кетеді. Негізінен, бұл орынды ауыстыруға арнайы жер телімі берілген. Бірақ көшіруге асығар емес. Себебі аталмыш жердің инфрақұры­лымын тарту мәселесі шешімін таппай тұрса керек.
«Мұнда қоқыс төрт жылдан бері төгіліп келеді. Бұл орында қоқысты сұрыптап, өңдеу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Қазір әр жерден шыққан қатты және жұмсақ қалдықтар осы орынға төгіледі. Осы аумақты иелігіне алған кәсіпкерден еш қайран болмай тұр. Әкімдік тарапынан да біздің талабымызға сәйкес нәтижелі жұмыс көре алмай отырмыз. Балаларымыз бен немерелеріміз осы сасық иістен жиі ауырып қалады. Бәріміздің де денсаулығымыз сыр беріп тұр. Құзырлы орындар аталмыш мәселеге бей-жай қара­май, жеделдете шешіп берсе екен. Қоқысты бұл аумақта төкпей, қауіпсіз жерге көшіруін талап етеміз», – дейді тағы бір көше тұр­ғыны Ләззат Мырзалиева.
Сол аумақ халқының айтуынша, әсіресе жаз мезгілінде өмір сүру мүмкін болмай тұр. Қоқыстан шыққан күлімсі иіс ауаға тарап, тыныс алу қиындайды. Қоқыс алаңынан пайдаланылған жөргек пен дәретхана қа­ғаздары желмен жан-жаққа ұшып, айналаны бүлдіріп жатқанын жеткізді. Ал Жаңақорған кенті әкімдігінің бұл мәселеге орай айтар өз уәжі бар. Аталмыш жайттан хабардар кент әкімдігі басқа ау­мақтан қоқыс полигонын ашып, сол жерге көшіру бағытында жұмыстар жүргізіліп отырғанын мәлімдеді.
«Бұл келеңсіздікке байланысты тиісті жұмыстар қолға алынып отыр. Қазір кенттің шет аумағынан аудандық жер комиссия­сының қорытындысымен 20 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі шығып қойған. Енді ары қарай тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы бөлімі жұмыстар жүргізіп жатыр», – деп түсіндірді бұл жа­йында Жаңақорған кенті әкімінің орын­басары Алмагүл Мамырова.
Жалпы, бүгінде кентте типтік үлгідегі қоқыс полигоны жоқ. Соның салдарынан осындай келеңсіздіктер болып жатыр. Құзырлы орындар тарапынан осылай деп мәлімдеді.
«Бұл жер қоқыс полигоны емес. Тұр­мыс­тық қалдықтар уақытша төгіліп жатыр. Қа­зір кент аумағынан типтік үлгіде қоқыс полигонын салуға жоба жасап жа­тыр­мыз. Жердің актісін басқа аумақтан алдық. Енді сол жерге құрылыс жүргізу үшін техни­калық негіздемесін жасауымыз керек. Соның негізінде жоба-сметалық құжатын дайын­даймыз. Шамамен 500-600 млн теңге шама­сында қаржы болады межелеп отыр­мыз. Құ­рылыс жұмыстарына қажетті қаржы кө­лемін аудандық бюджет көтермейді. Сондық­тан табиғи ресурстар және табиғат пайда­лануды реттеу басқармасы арқылы облыстық, республикалық бюджеттен қар­жы сұраймыз. Осындай жұмыстар оңтайлы шешімін тауып жатса, 2023 жылдың екінші жартысында құ­рылыс жұмыстарын бас­таймыз деп жоспарлап отырмыз. Оған дейін құжаттарды дайындап аламыз. Жалпы нақ­ты уақытта кенттің іші таза. Тазалық жұ­мыс­тарын тиісті деңгейде жүр­гізіп жа­тырмыз», – дейді бұл жайында Жаңақорған аудандық тұрғын үй-комму­налдық шаруа­шы­лығы бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев.
Қалай дегенде де, қоқыстан шыққан кү­лімсі иіске тұншыққан тұрғын­дардың көңілі пәс. Ал құзырлы орын­дардың сөзіне сүйенсек, бұл орын биыл да қоқыстан тазармайтын сияқты.