Петропавлда Толағай бала дүниеге келді
Петропавлда Толағай бала дүниеге келді
Солтүстік Қазақстан облысы перинаталдық орталықта Толағай секілді алып сәби дүниеге келді. Салмағы бес келіден асатын нәрестені петропавлдық әйел туды. СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қазан күні облыстық перинаталды орталықта алып сәби туған. Ер баланың салмағы - 5 100 грамм. Ол Петропавл тұрғынының екінші баласы, әйел сәбиді кесарь тілігінсіз өзі туған. Бұл - биылдыққа өңірде өмірге келген алғашқы алып бала.
«Біздің дәрігерлердің біліктілігі мен кәсібилігі арқасында ананы аман-есен босандырып алдық. Қазіргі уақытта нәрестенің де, әйелдің де жағдайы жақсы, үйіне жіберілді. Мұндай шымыр балалар өте сирек дүниеге келеді, орталықта жылына бір-екеуі ғана туады. Жалпы 4 мың граммнан асса - ірі, ал 5 мың граммнан асса - алып бала деп есептеледі», – дейді СҚО көпсалалы ауруханасы перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжная.
Өткен аптада облыстық перинаталды орталықта 89 сәби дүниеге келсе, соның 49-ы – ер бала. Жалпы биылғы тоғыз айда 3415 нәресте дүние есігін ашты, оның 54-і – егіздер. ЭКО арқылы 108 бала туған. Сондай-ақ 10 сәбидің салмағы туғанда 4 келіден жоғары болған. Еске сала кетейік, бір жеті бұрын Алматыда салмағы 5 келіден астам қыз бала дүниеге келген еді. Алматының №2 перзентханасында 32 жастағы әйел жүктіліктің 39 аптасында патология бөліміне түсіп, салмағы 5 328 грамм, бойы 60 см сәбиді дүниеге әкелді.
«Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Әйел еш қиындықсыз босанды. Қазір анасы мен нәрестенің жағдайы жақсы. Үш күн перзентханада жатып, үйіне шығарылды», – дейді бас дәрігердің орынбасары міндетін атқарушы Гүлнәр Куренова.