Негізі дау-дамайға ілігіп, қасықтап жинаған абыройынан айырылған жұлдыздар аз емес. Тіпті, 2022 жылы кейбірінің үстінен іс қозғалып, қамауға алынғаны да бар. Соның бірі жақында ғана елді шулатқан жағдай – Төреғали Төреәлінікі.
Танымал әнші жазықсыздан-жазықсыз бір баланы соққыға шығып, қабағын жарған. Бейтаныс жігіттің өзін Төреғали Төрәлі ұрғанын айтқан видеосы қыркүйектің 28-інде әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Еске салсақ, Төреғалидің бұл бірінші дауы емес. 2017 жылы Павлодарда әнші концерт үстінде қариямен сөзге келіп, халыққа концерт бергенін міндетсінген еді.
– Риза емессіздер ме, пожалуйста, тұрып, шығып кете беріңіздер, есік ашық. Ешкімді қинағаным жоқ. Концертіме келмесең, өліп қаламын, ауа жетпей жатыр, асылып өлемін дегенім жоқ, ағайын, – деп қарияға ұрысқаны бар.
Алайда артынан бұл ісі үшін халықтан кешірім сұрап, инстаграм парақшасына жариялаған.
Бірақ көп ұзамай, өткен жылдың қыркүйегінде Төреғали тағы бір дауға ілікті. Алматыдағы әуежайдан Гонконгқа ұшатын ұшақтың ішінде дау шыққан. Әнші отбасымен бірге шетелге ұшқалы тұрған ұшаққа билетсіз өтіп кеткен. Ұшақтың ұшар кезінде «отбасымды шығарып салуға келдім» деп одан түспек болған. Сөйтіп, экипаж командирі қайта тексеріс жүргізіп, рейс 18 минутқа уақытынан кешікті. Салдарынан Алматы әуежайының үш қызметкері әншіні ұшаққа билетсіз жібергені үшін жұмыстан кетті.
Ал әншінің айтуынша, осы жолғы дау жаңа бейнебаянның түсірілімі кезінде шыққан. Даудың басы «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде гидтің әншіден көз алмағанынан басталып, ақыры төбелеске ұласқан. Гидті соққыға жықты. Сөйтіп қыркүйектің 30-ы күні әншіні полиция ұстап, уақытша қамауға алды. Бірақ ертеңінде Төреғали 10 миллион теңге кепілақы төлеп шыққан. Ал 5 қазанда әнші гидпен достасқаны жайында парақшасында жазды.
Естеріңізде болса, осы жылдың сәуір айында жасөспірімдер арасында танымал Mad Men тобының мүшелері сахнадан қатаң тәртіптегі түрмеге бір-ақ аттанды. Олар қылмыстық топ құрып, аса ірі мөлшерде психотроптық заттар мен есірткіні сатқаны үшін 15-тен 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сотталғандардың ішінде Q-pop жанрында өнер көрсететін топтың продюсері әрі жетекшісі Руслан Хван, Moora деген лақап атымен әйгілі Әлимұрат Ибраимов, би студиясының жетекшісі мен үш хореограф бар.
Соттың мәліметінше, топтың продюсері Руслан Хван осыдан екі жыл бұрын қылмыстық топ құрған. Оған мүше 6 адамның әрқайсысына міндеттері де бекітілген. Оның бірнешеуі екі қабатты коттедждің жертөлесіндегі зертханада психотроптық заттарды дайындаса, өзгелері арнайы құрылған сайт пен чаттарда есірткі саудалаған. Кейін әлеуметтік желі арқылы сатылған есірткіні Алматының әр бұрышына түйіншектеп тастап отырған. Ал жетекшінің өзі сатып алушылармен келіссөз жүргізген. Бұл кәсіппен жалпы жеті адам жеті айға жуық айналысқан. 20-27 жас аралығындағы шоу-бизнес өкілдері осыдан бір жыл бұрын жалдамалы коттеджде ұсталған. Тінту кезінде ірі көлемде психотроптық заттар, гашиш және тас астына жасырып қойған мефедрон табылды. Тура бір жылға созылған тергеуден кейін әртістер енді ұзақ мерзімге түрмеге түсті. Қылмыскерлер жалпы айтқанда, 3 айдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Тағы бір Shiza есімді рэпер «Ирина Қайратовна» тобымен бірлесе өткен концертте елдің ашуына қалды. Рэпер туды қолына орап алып, балағаттаған болатын. Концерт 22 мамыр күні Алматыда Балуан шолақ атындағы спорт сарайында өткен. Іле-шала артынан «Ирина Қайратовна» тобының солисі Азамат Маркленов қазақстандықтардан кешірім сұрап, видеоүндеу жариялады. Ал рэпердің өз тарапынан Көк Ту атты трэк жазып, елден кешірім сұраған. Жақында ғана «Келинка Сабина» фильмінің продюсері Азамат Дулатов Алматыдағы сауда орталықтың бірінде төбелес шығарып, басы дауға қалды. Ол балаларға арналған ойын-сауық орталығында қызметкерді ұрып жіберген. Ал журналист Михаил Козачков ұсынған мәліметке сәйкес, жанжалға продюсердің әйелінің қоқысын жинаудан бас тартуынан шыққан хабарлады. Жазбада ойын-сауық орталығына Азамат Дулатовтың жұбайы балаларымен келіп, өздерімен фаст-фуд әкелген. Сөйтіп, сол жерде тамақтануға рұқсат алған. Алайда қайтарында әйел артынан қалған қоқысты жинаудан бас тартып, ұрыс шығарған. Содан қоқысты жерге тастап кеткен. Артынан күйеуін ертіп әкелген екен.
Бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Алматы қалалық полиция департаменті екі тараптың да полицияға арызбен жүгінгенін мәлімдеді.
«Алматы қалалық полиция департаменті хабарлағандай, бұл деректі қазір Бостандық аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі тексеріп жатыр. Ойын-сауық орталығы қызметкерінің алған дене жарақатының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шернияздың ісі әлі қаралып жатыр. Естеріңізде болса, олар биылғы жылдың сәуірінде тұтқындалған. Тіпті, Мейіржан Төребаевтың қамау мерзімін 17 қазанға дейін ұзартты. Оларға қаржы пирамидасын құрып, адамдарды алдады деген айып тағылып отыр. Әзірге олармен бірге күдікке ілінген үшінші вайнер Әзизжан Сайдбаев әлі ұсталмады. Сол себепті іс әлі жабылған жоқ. Анық-қанығы тексерілуде.