Қаламгердің үйінде қара құлып
Қаламгердің үйінде қара құлып
2,899
оқылды
Қолда бар деректерге сүйенсек, елімізде отыз шақты әдеби музей-үй жұмыс істеп тұр. Аталған орын оқырман үшін тұлғамен жүздескендей әсер қалдырары белгілі. Әрі әдеби-туризм арқылы танымал болған орын қаншама?! Осындайда ойға Оралхан Бөкей тұрған үй оралары анық. Ал Шыңғыс­тайдағы үйде қара құлып тұрғанына бірнеше жыл өтті. Үй құны – 100 миллион Қатонқарағайға жолы түскен кез келген адам Оралхан үйін із­дейді. Бұған әлеуметтік желідегі жазбалар дәлел. «Алтайдың Кер­бұғысы» атанған жазушының му­зей-үйі осыдан он жыл бұрын жұ­мыс істеп тұрған-ды. Алайда жер­гілікті әкімдік пен меншік құқық иесі арасында келісімге келе алма­ғасын, қазір жұмыс тоқтап тұр. Меншік құқық иесі деп отырғаны­мыз – Ғалия Бөкейқызы. Жазушы­ның қарындасы 2019 жылы «Оралхан Бөкей үйі» қоғамдық қорын құрып, аталған орынның әдебиетшілер бас қосатын музей боларын алға тартқан-ды. Алайда пандемия салдарынан қоғамдық қор жұмысы ойдағыдай жүрмеген. Жазушының 80 жылдық мерей­тойы жақындағаны тағы бар. Ал мәселе шешімін таппай отыр. Иә, жоғарыда Оралхан Бөкей үйінің біршама жыл бұрын жұмыс істегенін жаздық. Жазушының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында жергілікті әкімдік жөндеу жұмы­сын жүргізіп, үй алдына ескерткіш орнатқан екен. Ғалия Бөкейқы­зының айтуынша, әңгіменің ауаны осы жерден басталады. Себебі әкімдік жүргізген жөндеу жұ­мыстары талапқа сай болмай, кейіннен жазушының қарындасы кей жерді өзі жөндеген. Әрі үй алдына қойған ескерткіш гипстен жасалып, жыл сайын қара бояумен боялатыны тағы бар.
«Олар менен үйді мемлекет меншігіне өткізуімді қайта-қайта сұрайды. «Не істейсіңдер?» десем, алғашында аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бірәлинов: «ішіне тимейміз, сыртын ағашпен қоршаймыз», – деді. Одан кейін аудан әкімімен сөйлескенімде «сыр­тын ағашпен қоршап, ауыл­дан үйге дейінгі жолды асфальттай­тынын» айтты. Мен бірден мұның әкімдіктің өз жұмысы екенін, ті­келей Оралханның үйіне не істей­тінін сұрадым. Болмаған соң олар: «Апай, бізге сатыңыз?» – деді. Са­­татынымды айтқаныммен, олар­­дың ала алмайтын ақшасын сұра­дым. Ала алмайтын ақша емес, 100 млн теңге. Бұл бағаны ойдан шығарған жоқпын. 2019 жылдан бері осы мәселені қолға алған кез­де дұрыс жөндеу жұмыстарын істеп, адам баратындай үй кейпіне келтірудің сметасын жасатқанда 110 млн теңге болған. Үйге толық жөндеу жұмысы жүргізіліп, Орал­ханның музейі қалыпты жұмыс істейтіндей деңгейге келеді. Шта­тының, қарауылы мен тазалықшы­сының айлығына дейін соның ішіне кіреді. Оларға соның 100 млн-ын беріңдер дедім. Олар мұн­дай қаржы жоғын алға тартты. «Онда сендер бұл үйге тиіспеңдер» дедім», – дейді Ғалия Бөкейқызы.
Одан бөлек, жазушының қарындасы әкімдіктің музей-үйді өз деңгейінде ұстай аларына сен­бейді. Өйткені Әбдікәрім музейінің қазіргі жайын алға тартты. Оған қоса, жергілікті жерде екі жыл сайын әкім ауысатынын, тиісті жағ­дай жасалмайтынын алға тартты. Ғалия Бөкейқызы 2019 жыл­дан бері билік басындағыларға да хат жолдаған екен. Даниал Ахметов Ерлан Қошановқа берген жауабында «Туған жер» жобасы бойынша қарастыруға, қаржы тартуға мүмкіндік барын жазған. Бірақ Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасындағылар үйдің жекеменшік екенін, оған қаржы бірден беріле қоймайтынын алға тартқан. Мемлекет қарамағанына өтсе... Мәселенің анық-қанығына жету үшін Қатонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бірәлиновты әңгімеге тарттық. Ол бірнеше жылдан бері аталған істің оңтайлы шешілуін күтіп жүргенін атап өтті. Әрі Қатонға ат басын тірегендердің көбі Оралхан үйін өз көзімен көргісі келетінін, сұрай­тынын баса айтты.
«Оралхан Бөкей тұрған үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттің меншігіне алу керек. Ал бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Ғалия Бөкейқызы сату бағасын 100 млн теңге деп бағалады. Алайда бағалаушылар ары кетсе 3-4 мил­лион­нан көпке бағалап тұрған жоқ. Жоқ дегенде 10 миллион теңге сұраса, бұл соманы табуға бо­лар еді. Жергілікті кәсіпкерлерді тартсақ та, аталған соманы жинауға мүмкіндік бар. Бірақ одан көп соманы беруге жағдай келмейді. Оның үстіне 100 миллионға сатып алсақ, одан бөлек, 40-50 миллион тең­геге жөндеу жұмыстарын жүр­гізсек, мемлекеттік тексеру бар емес пе? Егер үй мемлекет менші­гіне өтсе, толық жөндеу жұмысын жүргіземіз. Айналасын абаттанды­рамыз. Үйді қалпына келтіру үшін арнайы мамандардың, дизайнердің шешіміне жүгінер ек», – дейді ол.
Дүйсен Бірәлиновтың айтуын­ша, жазушының 80 жылдығы қарсаңында музей-үйінің есігі ашық тұрғаны көпке қуаныш сый­лайды. Бірде Шыңғыстай ауы­лы­ның халқы қосылып, Ғалия Бөкей­қызына хат жазған деседі. Қатон­қарағай ауданы әкімдігі Оралхан Бөкей тұрған үйді мем­лекет мен­шігіне өткізе алмаса, мектеп-мұра­жайдағы бір бөлмесін жабдықтап, қайта жөндеуден өткізеді. Оралхан Бөкей мектебі Сондағы мектеп-музей деп отыр­ғаны – Әбдікәрім музейі. Музейдегі бір бөлмеге жазушының жеке заттары қойылған. Бірақ мұнда да мәселе жоқ емес. Жауап­тылардың айтуынша, аудан дең­гейінде музейді ұстауға қаржы бөлінбейді. Соған байланысты Әбдікерім музейін мемлекетке беруді ұйымдастыра алмай отыр. Сол үшін облыстық мұражай құ­рамына беру жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда Әбдікәрім музейі арнайы талапқа сәйкес келу үшін біраз күту керек. Егер музей облыс қарамағына өтсе, мұражайда гид, күзетші және тағы басқалары жұ­мыс істейді. Себебі қазір мектеп-музейде бір ғана адам жұмыс істейді. Ал бір адамның қолынан көп нәрсе келе бермейтіні тағы бар.
«Музей-үйлер жеке адамның емес, мемлекеттің қарамағында болғаны дұрыс. Сол кезде ғана жұмыс дұрыс жүреді. Қатонқарайға туристер көп баратыны белгілі. Сонда бірінші сұрайтыны – Орал­ханның үйі. Әбдікәрім музейінде Оралханға арналған бөлме бар дегенмен, әңгіме мемориалды-му­зейге келіп тіреледі. Мұндай му­зей­ді экспонатпен толтырмайды, қаз қалпында көрсету керек. Жазу үстелі, төсегі сол күйінде тұруы керек. Турист те сол аураны сезініп, жазушымен бірге тыныстағандай күй кешеді», – дейді жазушы Әлібек Асқаров.
Жазушымен сөйлескенімізде, Оралханмен қатар Қалихан Ыс­қақтың үйін музейге айналдыру жайын қозғауымызды өтінді. Көзі тірісінде жазушы Топқайыңда үй салдырып, кітаптарын жинақтаған деседі. Өзі кеткесін үйдің ме­мо­риал­ды-музейге айналарынан үміт­тенген. Осы турасында жауап­тылардан сұрағанымызда, туыс­қан­дары арқылы балаларына сәлемдеме жолдаған екен. Мұнда да меншік құқығы мәселесі бар. Әйтпесе, Дүйсен Бірәлиновтың айтуынша, үйдің іші музейге сұранып тұр. Жалпы, еліміздегі музей-үй­лердің халі мәз емес. Республи­калық деңгейге көңіл бөлмегесін, жергілікті жердің қауқары жет­пейтіні бар. Мемлекеттен бөлінетін гранттық, нысаналы, базалық қар­жыландыруға іліну үшін де біраз тер төгу керек. Оның үстіне, тұлғаның мерейтойы жақында­ғанда қозғалатын атқамінерлер тағы бар. Жоғарыдағы Оралхан үйі мәселесі қалай шешілері белгісіз?! Ал Қалихан Ысқақтың музей-үйін ашу үшін жазушының 90 жылдық мерейтойын күтеміз бе?

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ