Жамбыл облысында барымташылар басынып барады. Айдың-күннің аманында қорасындағы малынан айырылып, сан соққандардың қарасы қалың. Жыл басынан бері 781 мал ұрлығы тіркелсе, оның 139-ы – қамбар ата түлігі. Ұрының уысында кеткен төрт түлігі айлап табылмағандықтан, шаруалардың құқық саласы қызметкерлеріне деген өкпесі қара қазандай. Мәселен, Байзақ ауданының Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенінде жыл сайын 40-қа жуық төрт түлік ізім-ғайым жоғалып кетеді екен. Ауыл тұрғындары «тәртіп сақшыларынан түк қайыр жоқ» деп отыр.
– Өткенде ғана екі жылқымды ұрлап кетті. Содан полиция қызметкерлері «табылды» деп сүйінші сұрады. Қуанышты хабарды ести сала барсақ, «сіздің жылқыңыз емес екен» деп шығарып салды. Жыл сайын малымыздан айырыламыз. Бұларға тосқауыл қоя алатын адам бар ма? Осылай жалғаса берсе, бала-шағамызды қалай асыраймыз? Бұдан кейін заң органдарына қалай сенуге болады? – дейді ашынған ауыл тұрғыны Ораз Мелдібек.Ақжардағы ағайынның мұңы тек мұнымен шектелмейді. Мал ұрлығының кесірінен ауыл тұрғыны Маржан Кәлінбекованың ұлының басы дауға қалған.
– Биылғы көктем көңілсіз басталды. Ауылдағы ауқатты бір азаматтың жылқысын менің балам бағатын еді. Көктемде 3 жылқысынан айырылса, жуырда тағы 14 қылқұйрығы қолды болды. Құзырлы орган өкілдері әлі бірде-бір ұрланған малды таппады. Малды барымташылар қолды қылса да, шығынын біз төлеуге мәжбүрміз. Ұлым еңбекақы да алмайды. Амалсыздан жоғалған жылқылар үшін тегін жұмыс істеп жүр, – дейді ауыл тұрғыны.Жуалы ауданында да жағдай мәз емес. Атап айтсақ, Қ.Д және Қ.С. есімді азаматтар жуырда Теріс ауылының адамдарымен алдын ала сөз байласып, бөтеннің мал қорасына түсіп, жәбірленуші И-ге тиесілі екі биесін ұрлап әкеткен. Материалдық шығын 1 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ биылғы жылдың 14 қыркүйегiнде Байзақ ауданы полиция бөліміне осы өлкенің 44 жастағы тұрғыны «Қазфосфат» ЖШС-на және ауыл тұрғындарына тиесілі 22 бас жылқының жайылымнан жоғалып кеткені туралы арызданған. Аудандық полиция бөлімi қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай 47 жастағы тұрғынды құрықтаған. Ең сұмдығы, күдікті ауыл тұрғындарының малын ақыға бағатын бақташы болып шыққан. Ол өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып, жылқыларды жайылым басынан сатып жіберген. Қазір аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұдан бөлек, өткен жылы Шу ауданын шулатқан 25 жылқының ұрлығы биыл ашылып отыр. Шу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жалпы құны 11 миллион 550 мың теңгені құрайтын 25 жылқыны ұрлаған 52 жастағы Талас ауданы Ақкөл ауылының тұрғынын араға жыл салып барып ұстап отыр. Ол жылқыларды Шу ауданы Алға ауылына қарасты жайылымнан жасырын түрде айдап әкеткен екен. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің өкілдері мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда биыл біршама азайғанын айтады. Сондай-ақ ашылған қылмыстардың да саны артқан көрінеді.
– 8 айдың қорытындысы бойынша, облыс аумағында мал ұрлығының тіркелуі былтырмен салыстырғанда 17,3 пайызға азайды. Қылмыстың ашылу пайызы 52,2-ден 55,5 пайызға артты. Соның ішінде ауыр санаттағы мал ұрлығының саны 12,3 пайызға кеміді. Облыс аумағында ұрланған және жоғалған 781 бас малдың 399-ы, яғни 50,9 пайызы иесіне қайтарылды. Малды немесе ет өнімдерін заңсыз, тиісті жолдама құжаттарсыз тасымалдағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 406-бабымен 135 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жайылымдарда не өзге орындарда малды қараусыз қалдырған мал иелеріне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес 1 513 хаттама толтырылды, – дейді облыстық Полиция департаментінің бөлім бастығы Қанат Қожамқұлов.Әрине, қылмыс санының азайғаны қуантады. Алайда он айда 781 мал ұрлығының тіркелуі сүйіншілейтін жағдай емес. Құқық саласының қызметкерлері 50,9 пайыз мал иесіне қайтарылды деп отыр. Сонда әлі ұрланған төрт түліктің жартысы барымташылардың қолында деген сөз. Ал оның қаншасы сойылып, сатылып кеткені бір Аллаға аян. Естеріңізде болса, өткен жылдары Мойынқұм ауданында өрісте жүрген мүйізді ірі қараларды мылтықпен атып алып, етін сойып әкететін ұрылардың әрекеті тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызған болатын. Аталған барымташыларға қатысты сол кезде аз-маз ақпарат айтылғаны болмаса, толыққанды дерек берілмеді. Осы сияқты ақиқаты айтылмай, ашылмай жатқан қанша қылмыс бар десеңізші. Жоғарыда айтылған сандар соған дәлел бола алады. Айтпақшы, жуырда жамбылдық полицейлер малшыларға жарық шағылыстырғыш элементтерді төрт түліктің мойнына тағуды міндеттеуді бастады. Тәртіп сақшылары бұл қараусыз қалған малды түн мезгілінде анықтауға мол мүмкіндік туғызатынын айтуда. Ал бұл бастама барымташылардың жолын кесуге қаншалықты септігін тигізер екен? Оны алдағы уақыт көрсетер...