Бос жүргеннің «бағын ашады»
Бос жүргеннің «бағын ашады»
© коллаж: Елдар Қаба
345
оқылды
Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Алматы мен Астанада, сондай-ақ Қарағанды облысында байқалады. Сонымен қатар қыздар арасындағы жұмыссыздық деңгейі ұлдарға қарағанда айтарлықтай жоғары. Қарағанды облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма әр өңірдегі ресурстық орталықпен бірлесіп NEET санатындағы жастарды ауладан тауып алып, жұмысқа орналастыруға амал жасауға кірісті. Бұл – жалғыз Қарағанды ғана емес, басқа да аудан, қалаларда да жүзеге асатын жоба. Егер бұл іс орта жолдан қалмай, қарқын ала түссе, жұмыс­сыз жастар үшін оңтайлы болары сөзсіз. Мамандар ауланы, «пятактарды», базар­лар­ды аралап, жастарды тауып, өзара әңгіме өрбітіп, NEET санатының санын барынша азайтуды көздеп отыр. Бұл мәселе бұрыннан өзекті. Үкімет түрлі шара ұйымдастырса да, беті қайтар түрі жоқ. Ал бұл жаңа жобаға сенім артуға болатын секілді. Яғни, жер-жерден жұмыссыз жастарды іздеп, табуға білек сыбана кірісті. Құр санын анықтамай, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді басты мақсат тұтқан. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көруге үгіттейді. Тіпті, оқуға түсіруге де бағыт-бағдар көрсетеді.
– Иә, жаңа жұмыс нәтижесінде біз NEET жастар санатына кіретін 400-ге жуық адамды таптық. Тізімдегі әр жаспен кездесіп, кеңестік. Кімге қандай көмек керек екенін мамандар анықтап, арнайы тіркеу жасалды. Жұмыс жалғаса береді. Енді сол жастардың жұмысқа орналасуына, уақытын бос өткізбеуге күш саламыз. Бұл шаруаны біз үнемі назарда ұстаймыз, – дейді облыстық Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов.
Басқарма басшысының сөзіне сенсек, бұл жоба үздіксіз жұмыс істейді. Осылай бос жүрген жастардың жол табуына бағыт көрсетсек дейді. Көбіне жастарға психолог пен адвокаттардың көмегі қажет болады екен. Мұны да ұйымдастыра алатынын айтып отыр басқармадағылар. Айтпақшы, аталмыш жоба ел бойынша Қарағанды облысында алғаш болып ұйымдастырылып отыр. Сондықтан да, нақты жұмысқа кіріскені көп елді қуантары анық… Жоба нақты мынадай бағыттарды қолға алады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру үшін әлеуметтік бағдарламалар бөлім­дерінің, халықты жұмыспен қамту орта­лықтарының өкілдерімен, ірі өнеркәсіптік және өндірістік кәсіпорындар өкілдерімен кездесулер өткізеді. Бос жұмыс орын­дарының жәрмеңкелерін ұйымдастырады. «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» және тағы басқа да осы секілді жобалар туралы толық ақпарат береді. Кәсіпке икемі болса, оны оқытып, грант алуына жағдай жасайды. Яғни, жұмыспен қамту орталығы желісі бойынша қала, аудан әкімінің, облыс әкімінің гранттық бағдарламаларына қатысу үшін «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде оқуға жұмылдырады. Ал белгілі бір себептермен дипломға қол жеткізе алмаған, оқымаған жастардың білім алуына да қолұшын созады. Жасы­ратын несі бар, мұндай санаттағы жастар да жоғарыдағы тізімде бар екен. Тіпті, уақыт жоғалтқысы келмейтін жастар үшін қысқамерзімді оқу курстары бар. Сала-сала бойынша. Содан кәсіп игеріп, жұ­мысқа да орналасуға болады. Осы және басқа көмектерді NEET санатындағы жастарға көрсетеді. Ниет біреу ғана. Жастардың қоғамға бейімделу сапасын арттырып, жұмыссыз жастардың санын азайту.

Қарағанды облысы