– Иә, жаңа жұмыс нәтижесінде біз NEET жастар санатына кіретін 400-ге жуық адамды таптық. Тізімдегі әр жаспен кездесіп, кеңестік. Кімге қандай көмек керек екенін мамандар анықтап, арнайы тіркеу жасалды. Жұмыс жалғаса береді. Енді сол жастардың жұмысқа орналасуына, уақытын бос өткізбеуге күш саламыз. Бұл шаруаны біз үнемі назарда ұстаймыз, – дейді облыстық Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов.Басқарма басшысының сөзіне сенсек, бұл жоба үздіксіз жұмыс істейді. Осылай бос жүрген жастардың жол табуына бағыт көрсетсек дейді. Көбіне жастарға психолог пен адвокаттардың көмегі қажет болады екен. Мұны да ұйымдастыра алатынын айтып отыр басқармадағылар. Айтпақшы, аталмыш жоба ел бойынша Қарағанды облысында алғаш болып ұйымдастырылып отыр. Сондықтан да, нақты жұмысқа кіріскені көп елді қуантары анық… Жоба нақты мынадай бағыттарды қолға алады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру үшін әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өкілдерімен, ірі өнеркәсіптік және өндірістік кәсіпорындар өкілдерімен кездесулер өткізеді. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастырады. «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» және тағы басқа да осы секілді жобалар туралы толық ақпарат береді. Кәсіпке икемі болса, оны оқытып, грант алуына жағдай жасайды. Яғни, жұмыспен қамту орталығы желісі бойынша қала, аудан әкімінің, облыс әкімінің гранттық бағдарламаларына қатысу үшін «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде оқуға жұмылдырады. Ал белгілі бір себептермен дипломға қол жеткізе алмаған, оқымаған жастардың білім алуына да қолұшын созады. Жасыратын несі бар, мұндай санаттағы жастар да жоғарыдағы тізімде бар екен. Тіпті, уақыт жоғалтқысы келмейтін жастар үшін қысқамерзімді оқу курстары бар. Сала-сала бойынша. Содан кәсіп игеріп, жұмысқа да орналасуға болады. Осы және басқа көмектерді NEET санатындағы жастарға көрсетеді. Ниет біреу ғана. Жастардың қоғамға бейімделу сапасын арттырып, жұмыссыз жастардың санын азайту.
Қарағанды облысы