Бүгінде ескерткіштің маңайы үлкен құрылыс алаңына айналған. Дәл түбінен ор қазылыпты. Айналасы қоршалып тұр еді, енді қоршауы алынып тасталып, басқа жұмыстар жүргізіле бастаған. Осының бәрі ұлтжанды азаматтардың алаңдаушылығын туғызып отыр. «Қызылжар өңірінде онсыз да қазақтың ардақтыларына ескерткіш орнату қиынның қиыны, барымыздан айырылып қалмайық», – деп қобалжып отырғандар баршылық. Жер иесі қалалық әкімдікке барып, ескерткіш мүсінді басқа жаққа ауыстыру туралы өтініш айтыпты деген сыбыс одан бетер отқа май құя түсті.АБАТТАНДЫРУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Кәсіпкердің өзі баспахананың ескі ғимаратының орнына сауда-әкімшілік орталығын ашып, маңайын абаттандыратынын айтады. «Біз бұл аумақтың барлығын, соның ішінде ескерткіштің маңайын көркейтеміз.Үкілі Ыбырайдың ескерткіші қалтарыстау жерде, көлеңкеде орналасқан, елеусіздеу жерде тұр. Біз керісінше, ескі ағаштарды кесіп, бұл жерді ашып жарықтандырамыз. Ескерткіштің айналасындағы ағаштар менің жерімде орналасқан, ал ескерткіш тұрған жерге менің қатысым жоқ. Мүсінге жапсарлас жердің барлығын көркейтетініміз туралы қаланың да, облыстың да әкіміне есеп бердік», – деді Спартак Амантайұлы.Оның сөзін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер де растады. Тіпті, кәсіпкер бұл жерге балалар алаңын орнатады дегенді де айтып қалды. Сондай-ақ Үкілі Ыбырай саяжолы да абаттандырылмақ. Бұл мәселені «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы өз бақылауына алды.
Ескерткіштің тағдырын білмек болып, Солтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасына хабарласқанымызда, жауапты маман Динара Бүркітәлімовадан «бұл мүсін жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне енгізілмеген» деген жауап алдық. «Біз облыс әкімінің қаулысымен және министрдің бұйрығымен бекітілген республикалық тізімге енгізілген ескерткіштердің жай-күйіне ғана мониторинг жүргіземіз. Облыс аумағында жергілікті маңызға ие 598 ескерткіш бар. Облыс аумағында және орталығында бұл тізімдерге енгізілмеген ескерткіш өте көп. Үкілі Ыбырай ескерткіші – солардың бірі», – деп түсіндірді Динара Өмірбайқызы. Петропавл қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлия Бейсенова: «Бұл мәселе бойынша қалалық әкімдікке ресми хат келіп түскен жоқ. Үкілі Ыбырай ескерткішін көшіру туралы мәселе күн тәртібінде емес. Қазір бұл туралы мәселе туындап тұрған жоқ», – деп қысқа қайырды.Лайым, солай болар деген үміттеміз. Әбден қартайғанша маңдайынан соры арылмаған әншінің аруағын ұрпағы мазаламаса керек-ті...
Солтүстік Қазақстан облысы