Дүбәра дубляж – салаға сын

Дүбәра дубляж – салаға сын

Өткен аптада Мәдениет және спорт министрлігі түрлі бағыттағы он фильмді дубляждау үшін лот жа­риялады. Құны – 67,5 мил­лион теңге. Осы ақпарат тарағаннан-ақ ел арасын­да түрлі сұрақ туды. «Дуб­ляждауға осынша қаржы кете ме?» деп есептеуге кі­ріскендер де бар. Ра­сымен, дубляж жасау қым­бат па? Сұраныс көбейсе, бәсеке артады Арнайы сайтта жарияланған құжатқа мән берсек, лот жеңімпазы жоспарланған 67 459 821,43 теңгеге он фильмнің дубляжын жасайды. Оның ішінде көркем, деректі және анимациялық фильмдер бар. Бар­лығы дерлік қазақ тіліне аудары­лады. Orda.kz-тің мәліметінше, орындаушы отандық продюсер­лердің әлі жарыққа шықпаған фильмдерін де дубляждауы мүмкін. Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігі қазақ тіліндегі ойын-сауық бейнеконтентін әзірлеп, кеңінен таратуды жоспарлап отыр. Дубляждалған туындылар кейінірек үлкен экраннан көрсетіледі. Айталық, елімізде фильмді қазақ тіліне дубляждаудың екінші тынысы ашылғанына он бір жылға жуық уақыт болды. Сол аралықта отандық студиялар шетелдік алпа­уыттармен серіктесе жұмыс істеді. Тіпті Ресейдегі жағдайға байла­ныс­ты шетелдік туындыларды орысша дубляждап жатқан студия бар. Мә­селен, Arai Media Group студия­сы­ның дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, Қазақ­станда 1960-1970 жылдары ең алғаш дубляж жасалған. Фильмдерді Шә­кен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы дыбыстаған. Мыса­лы, «Қыз Жібек», «Менің атым Қо­жа», «Бандыны қуған Хамит» сияқты туындылар қазақ тілінде дубляждалды. Алайда Кеңес одағы ыдыраған соң дубляж жасау ісі бір­шама уақытқа тоқырап қалған. 2010-2011 жылдан бастап фильм­дерді дыбыстау, соның ішінде им­порт туындыны дубляждау жандана бастады. Ал телеарнадағы сериалды дубляждау өз алдына дамыған.

«Қазір белгілі бір дәрежеде жаңа сатыға көтерілдік. Нақтырақ айт­қанда, дубляж жасауға мемлекет қаржы бөледі. Бұл – талмай еңбек етіп жүрген продюсер, режиссер, жетекші және тағы басқаларының жетістігі. Оның үстіне дубляж ре­жиссері, дыбыс режиссері, актер болуға сұраныс артты. Әлеуметтік желіде танымалдық артқан соң, әуесқой дубляж студиялары пайда болды. Алайда фильм дубляждау саласында әлі де бәсекелестік аз. Сәйкесінше бәсекелестік болу үшін дыбыстайтын материал көп болуы керек. Айталық, қазір телеарналар өзара бәсекеге түсе алады. Мәселен, Қазақстан, Хабар, 7 арна өзара жақсы бәсекелеседі. Ал кинотеатрға арналған форматта аса бәсеке жоқ. Өйткені қоғамдық орында қазақ тілінде сөйлеуді талап еткендер кинотеатрға келгенде үнсіз. Шетел­дік фильмнің орысша дыбысталған нұсқасын қуана тамашалайды. Се­бебі «киноның орысша аудармасы сапалы» деген жаман әдет қалып­тасқан. Бұл – нашар дубляж жасаған студиялардың жемісі. Екінші, үшінші деңгейдегі телеарналар са­пасыз дыбыстайды. Аталған арна­дан түрік, үнді сериалының сапасыз дыбысталғанын көрген халық кино­театрдағы қазақша дубляжға «жо­ламайды». Мәселен, сол арнадағы дубляж үшін 2005-2008 жылдан бері 6-8 мың теңге алатын актерлерді танимын. Мардымды қаламақы ал­ма­ғасын, ынта болмайтыны белгілі. Бұл – менің пайымдауым. Сондық­тан бөлініп жатқан қаражат шы­ғынын қайта қарастыру керек сияқ­ты», – дейді Arai Media Group сту­дия­сының дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев. Оған қоса, режиссер әсіресе, ауыл-аймақ, облысқа интернеттен гөрі телевизия жақын екенін алға тартты. Тиісінше сапасыз дыбыстау сол аймақтың сөйлеу тіліне де әсер етеді. Түптеп келгенде, мәселе бала тәрбиесіне келіп тіреледі. Сон­дықтан фильм дыбыстаудан басқа, телевизиядағы дубляждауға көңіл бөлу қажет. Оның айтуынша, теле­ар­налардың ішінде де жоғары дең­гейде дыбыстайтыны бар. «Басқа арна да сол үлгіде жұмыс істесе, қазақша дыбыстауды жаңа деңгейге көтеретін едік» деп отыр режиссер.
Жүгі ауыр процесс 2006 жылдан бері дубляж ре­жиссері болып қызмет еткен Назым Қуатбекқызының айтуынша, кейін­гі жылдары қазақ тіліне деген сұ­раныс артқан. Түрік, корей, үнді се­риалдарын дыбыстаудың басы-қа­сында жүрген ол дубляж жасай­тын студиялардың да шығар­ма­шылық жағынан өскенін айтады.
«Дубляж саласында еңбек жо­лын енді бастағанда шетел сериалын орысшаға аударуға тапсырыс көп түсетін. Кейін келе қазақша дыбыс­тауды сұрайтын болды. Мысалы, қазір «Синематон» студиясы Nickelodeon каналының қазақша кон­тентін даярлауға үлес қосып жатыр. Өнімдеріміз кішкентай ба­лалар мен көрермендердің арасында сұранысқа ие. Байқауымша, бір фильмді дыбыстауға шамамен 10-20 миллион теңге кетеді. Ал дубляж актерінің жалақысы жұмыс көле­міне байланысты. Мұны санап оты­ратын арнайы маман бар. Мәселен, актердің бір сериядағы сөзі мен эмоциясы есептеледі. Кейіннен актермен талқылай отыра жалақысы бекітіледі. «Синематон» жұмыс көлемі – 70 пайыз қазақша. «Хабар» арнасында төрт-бес жыл орысша дубляждаудың басы-қасында жүр­гесін студияда орысша дубляж бө­лімі бар. Мысалы, жақында Ресей­дегі жағдайға байланысты тікелей екі фильмді орысша дубляждап бердік. Екі фильмнің де тұсаукесері өтті», – дейді «Синематон» сту­диясының режиссері Назым Қуатбекқызы.
Аталған режиссердің айтуынша, бір фильмді дыбыстаудың өзіне 50-60 дыбыс жазылады. Әсіресе, импорт фильмдерде актерді тікелей шетелдік компаниялар бекітеді. Сол үшін кинотеатрға арналған фильмді дыбыстауға бір ай уақыт кетуі мүм­кін. Ал сериалды дыбыстауға кел­сек, бір күнде төрт-бес серияны жа­зуға болады. [caption id="attachment_222301" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Жоғарыда айтқандай, шетелдік фильмдерді дыбыстауды алғаш бо­лып қолға алған – «Болашақ» коор­поративтік қоры. Қор мүшелерінің қалай демеуші іздеп, билікке хат жолдағанына сол істің басы-қасын­да жүргендер куә. Мәселен, Arai Media Group студиясының атқа­рушы продюсері Айымгүл Мэлс­қы­зы осы процеске куә болғанның бірі. Продюсермен әңгімелеске­ні­мізде дубляж саласының біршама алға жылжығанын атап өтті.
«Бұрын қазақша контентке аса назар аудармайтын. Қазір билік на­зар аударып жатыр. Бұған біз, шы­ғармашылық топ қуанамыз. Себебі бұл – біздің қаншама жыл бойы жүргізген күресіміздің жемісі. Кино­театрға да, телеарнаға да өнімін қазақша ұсынатындардың да қатары көбейді. Мәселен, дыбыс режиссері, дубляж актерін маман­дық ретінде ешбір ЖОО-да оқыт­пайды. Олар өздері тырысып, тә­жірибе жүзінде төселіп келеді. Егер осы жолмен жүре берсек – Гол­ли­вудтың өзін қазақша сөйле­тетін күнге жетеміз. Себебі сұраныс бар жерде талап болады. Неліктен шет­ел фильмі бірден орысша ды­быс­талады? Себебі орысша көретін көрермен көп. Осылайша, Голливуд бірден орысша дыбыстауға өз қа­ражатынан тапсы­рыс береді. Біз қазақшаны осындай дәрежеге жеткізсек, артық шығын­далмай-ақ Голливудтың тапсырыс беруін күтер ек. Алайда бізде ондай мүмкіндік жоқ. Себебі көрермен кинотеатрдан қазақша дыбысталған туындыны көруге құмартпайды», – дейді Айымгүл Мэлсқызы.
Сондықтан болар студияның қазақ тілінде сапалы дубляждауға аса көңіл бөледі. Мұны өнімдерінен байқауға болады. Шетел туынды­ларының арасында қазақы қалжың­ның араласуы, ел түсінетін сарказм, қазақша бояу бәрі – тіл үшін кү­рестің жарқын үлгісі. Әрі атқарушы продюсердің айтуынша, «Болашақ» қоры бір фильм не мультфильм дыбыстауға шамамен 20-50 миллион теңге қаражат тартқан деседі. Бұған актерлік құрамның жалақысы, сту­дия ақысы, тағы басқа қыз­мет­керлердің маңдай тері мен дистри­бьютор ақысы кіреді. Дистрибью­тордың өзі түрлі салық пен шы­ғынды мойнына алатыны белгілі. Сондықтан атқарушы продюсер Мәдениет және спорт министрлі­гімен жұмысты жақында баста­ған­дықтан, бір фильм үшін мемлекет бөлетін қаржы сомасын атай ал­мады. Одан бөлек, студиялардың лотқа қатысуға құқығы жоқ. Олар дистрибьютор тапсырысын күтеді. Бір білеріміз, министрлік қолдауымен «Қара қабылан: мәңгі Ваканда», «Аватар: су жолы» туындылары қазақша дыбысталады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ