Нан да қымбат өңірде, ән де қымбат
Нан да қымбат өңірде, ән де қымбат
© коллаж: Елдар Қаба
636
оқылды
Ақмола облысы өткен апта соңын­да егін орағын сәтті аяқтап, бітік піскен егінді шашау шығармай жинап алған. Дегенмен еліміздегі негізгі астықты алқапты өңірдің бірі бол­ғанымен, соңғы күндері дастарқан­дағы басты тағам – нан бағасы шарықтап шыға келді. Әрі ас атасы құнының қымбаттауы тұтас ел ау­ма­ғын дүрліктіріп тұр. Дүкен сөре­лерінде бірден 50-60 теңгеге, кей жерлерде 100 теңгеге дейін ас ата­сының қымбаттап кеткеніне налыған халық наразылығын білдіріп жатыр... Жақында EnergyProm еліміз бойынша ресми статистиканы жария еткен. Оған қарағанда биыл нан бағасы шамамен алғанда 19,4 пайызға қымбаттаған. Әрі бұл қымбатшылық еліміздің барлық аймағын тұтастай қамтыпты. Әсіресе, Ұлытау облысында нанның бағасы 48,3 пайызға бірден шарықтап шыға келген. Одан кейін 27,6 пайызбен Ақмола және 25,8 пайызға көтерілген Алматы қаласы келеді. Сондай-ақ нан өнімдерін шығару көлемі де біршама төмендеген. Қаңтар айынан бастап тамыздың соңына дейін елімізде 342,4 мың тонна нан шығарылған. Ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға аз. Нан шығару көлемінің төмендеуі әрі бағаның күрт қымбаттау себебін анықтамақ болып өңірдегі диірменшілермен тілдеспек болдық. Олар барлық ел аумағындағы диірмендердің тоқтауына вагондардың жетіспеушілігі әрі қызметін тым қымбатқа ұсынуы кедергі келтіріп тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар диірменшілер әкімдіктен берілетін арзандатылған астықтың жеткілікті мөлшерде берілмейтінін де алға тартты.
«Міне, бес-алты жылдан бері бағаны ұстап тұру үшін Атбасар ауданында наубайханаларға дотациялық ұн беріліп келеді. Әрине, бұл ұнның бағасы нарықтық бағадан төмен. Атбасарда қазір формадағы нанның құны 115-120 теңгеге жетті. Бірақ біз қажетті ұн көлемін ала алмай отырмыз. Дегенмен соған қарамастан нанның баға­сын көтермеуге тырысамыз. Жеңілдетілген дотациялық ұнды алуға аудандық әкімдік көмектеседі. Әкімдікпен бірге нан баға­сының қымбаттамауы үшін жұмыс жүр­гізудеміз. Соңғы үш жылда Атбасар ғана емес, тұтас республика аумағында диір­мендер тоқтап қалды. Мәселен, Атбасарда 9 диірменнің тек үш-төртеуі ғана жұмыс істеді. Негізгі себеп бидайдың бағасы қымбат болды», – дейді Атбасар аудандық Диірменшілер одағының төрағасы, «Иман 777» ЖШС-ның басшысы Динмагомед Асаев.
Нан бағасының күрт қымбаттау себебін білмек болдық. Жергілікті наубайшылар да шикізат құнының қымбаттауы нан бағасының өсуіне ықпал еткенін жеткізді.
«Осы жылдың сәуірінен тамыз айына дейін әкімдікпен меморандум жасап, оған сәйкес бізге жеңілдетілген, яғни 121 теңгеден ұн берілетін. Қыркүйек айында меморандум аяқталып ұн берілмей қалды. Сәйкесінше, ендігі кезекте ұнды 180 теңгеден алатын болдық. Мұнымен қоса, өсімдік майы, қант, ашытқыштың да бағасы қымбаттап кетті. Баға қымбаттаған соң жұмысшылардың да айлығын көтердік. Сондықтан нанның бағасын да қымбат­татуға мәжбүр болдық», – дейді «Ер төстік» наубайханасының басшысы Нұрлан Түтешов.
Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған деректерге сенсек, өңір биыл 5,5 миллион тоннаға жуық астық жинаған. Диқан қауымының бағына қарай ауа райы да қолайлы болып, баданадай болған бидай жауын-шашынға қалмай қырманға түскен. Шамамен гектарына 10-12 центнерден айналған астықтың сапасы да жоғары. Қазір қырмандарда кептірілген астық элеваторларымен сақтау қойма­ларына жөнелтіліп жатыр. Ведомство басшы­лығының пікірінше, астықтың сатып алу бағасы нарықтағы сұранысқа байланысты реттеледі.
«Өткен жылы бидайдың бағасы жоғары болған. Бірақ ол кезде егін орағынан жиналған өнім мен оның көлемі де біршама төмен болған. Бәрі негізінен сұранысқа байланысты болады. Жыл сайын біздің өңір әлемнің 30 еліне астықты экспортқа шығарады. Әсіресе, Өзбекстан, Пәкістан, Иран, Ресей және Қытайға жіберілетін өнімнің көлемі үлкен. Биыл облыстың аграрлы шаруашылықтарына жеңіл­детілген бағамен 83 мың тонна жанармай ұсынылды. Оның ішінде шығынның бір бөлігін мемлекеттің өзі субсидия есебінен жапты», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.
Басқармалар біріне-бірі сілтеді Алайда астықты молынан алдық деп алақанымызды ысқыласақ та, өңірде нан бағасы бірден аспандап шыға келді. Ал жергілікті билік органдары мәселені дереу шешудің жолдары қарастыруға асық­пайтын сыңай танытты. Өйткені ырыққа көнбей кеткен қымбатшылыққа тұсау салуға жергілікті биліктің қауқары да қалмаған сияқты. Олай дейтініміз – біз тілдескен тиісті облыстық басқармалар нан бағасы туралы әңгіме қозғауымыз мұң екен, мәселені біріне-бірі сілтеп әлекке түсті.
«Нанның бағасы, жалпы әлеуметтік азық-түліктің құнын реттеу – кәсіпкерлік басқармасының құзыретіндегі шаруа. Біз бағаны реттеуге араласа алмаймыз. Кәсіп­керлік басқармасына хабарласыңыз», – деді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.
Ал Кәсіпкерлік басқармасы басшы­сының орынбасары Жаслан Айдрахманов керісінше бұл мәселеге Ауыл шаруа­шылы­ғы басқармасы тікелей жауапты екенін жет­кізді.
«Мен қазір Қарағанды облысында іссапарда жүр едім. Нан бағасы бойынша жағдай жөнінде дәл қазір хабарсызбын. Бірақ негізі бұл мәселемен Ауыл шаруа­шылығы басқармасы айналысады. Біздің құзыретімізде емес. Сонда хабарласыңыз», – деді ол.
7 мың тонна ұн таусылып қалған Мәселе жөнінде облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Балжанов та пікірін білдірді. Басқар­ма басшысының айтуынша, облыста Азық-тү­лік келісімшарт корпора­циясынан тұ­рақ­тандыру қорына берілген ұн таусылып қалған.
«Электр энергиясына тарифтің кө­терілуі, жанармай бағасының қымбаттауы сияқты факторлар да бағаның қымбаттауын туғызған. Сонымен қатар тұрақтандыру қорына биыл Ақмола облысына Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан берілген 7 мың тона ұн таусылды. Енді жыл соңында берілуі тиіс. Бірақ нақты қашан берілетінін айта алмаймын. Сондықтан да тұрақтандыру қорынан ұн берілмей жа­тыр», – деді Серік Мырзасейітұлы.
  P.S.
Қысқасы, бір-бірімен байланысты тұтас жүйедегі кереғар қайшылықтардың салдары­нан баға қымбаттаған. Оның ішінде ас атасы нан бағасының күрт көтерілуі халықтың қалтасын қаға бастаған. Бұл орайда тиісті ми­нистрліктер мен әкімдіктер тез арада ше­шім қабылдап, әрекет етпесе, жағдайдың одан сайын ушығатыны сөзсіз...

Ақмола облысы