Анасы Ыстамбұлға алдап апарған: медреседе оқитын 16 жастағы қыз елге қайтарылды
Анасы Ыстамбұлға алдап апарған: медреседе оқитын 16 жастағы қыз елге қайтарылды
© gov.kz
1,980
оқылды
Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті Сыртқы істер министрлігінің көмегімен кәмелетке толмаған Қазақстан азаматын Түркия Республикасынан елге қайтарды. 16 жастағы Қазақстан азаматы отанымызға жеткізілді, қазір қыз отбасының жанында, Ақтөбе қаласында.
«16 жасар Қазақстан азаматы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннан елге оралуға көмек сұрады. Өтініштен кәмелетке толмаған қызды анасы алаяқтық жолмен Түркияға алып кеткені және оның еркіне қарсы Ыстамбұлдағы қыздарға арналған медресеге бергені анықталды. Сонымен қатар бала туыстарымен байланыса алмай, Қазақстанда жүрген әкесі мен екі ағасын сағынғанын айтып шағымданған. Аружан Саинның өтініші негізінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстанның Түркиядағы елшілігі арқылы Ыстамбұлда баланы іздеу мәселесін шұғыл қолға алды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің көмегімен бала табылып, оның Қазақстанға оралуына қажетті көмек көрсетілді» , – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Комитет Қазақстанның кәмелетке толмаған азаматтарының мүддесі үшін жұмысты одан әрі жалғастыра береді.