Жаңа медицина мекемелерін тұрғызғанда құрылыс нормалары мен талаптарының сақталуын қатаң бақылау қажет-ақ. Өйткені, пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл ғана өте салысымен, қабырғалары қақырап, төбелері салбырап, іргетасы үгітіліп, едендері опырылып жататын емдеу мекемелерінің қатары жыл сайын артып барады. Сондайлардың бірі – Панфилов ауданындағы Сарыбел ауылында орналасқан. Он жыл бұрын қолданысқа беріліп, жергілікті жұртшылықты қуанышқа бөлеген ғимараттың іргетасы отырып, қабырғаларында жарықшақтар пайда болып, төбесі тесіле бастапты. Тұрғындар ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысын қабылдап алғандарға өкпелі. «Амбулаторияның қазіргі қалпы өмірге қауіп төндіреді. Он жыл ішінде осындай жағдайға жеткен ғимаратты пайдалануға қабылдап алып, тиісті құжатқа қол қойғандарды жауапқа тарту керек. Қадағалаушы органдар қайда қараған, неге талап етпеген? Қазіргі кезде келуге қорқамыз. Балаларды әкелмеуге тырысамыз. Қайта жөндеп, реттеп берсін. Мемлекеттің қаржысына тұрғызылған дүниенің сұрауы да қатал болғаны жөн», – дейді сарыбелдіктер.Облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанымызда, Сарыбелде комиссия болып, ғимаратты апатты деп тапқанын, кемшіліктерге акті жасалып, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржының мөлшері анықталғанын айтты. Қазіргі кезде қаржыландыру мәселесі шешілуде екен. Биыл облыстық мәслихаттың шешімімен жергілікті бюджеттен денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге 1 841 821 мың теңге бөлініпті. Оның 538 021 мың теңгесі Қаратал аудандық орталық ауруханасының «Б» бөлігінің жылдарға созылған күрделі жөндеуін аяқтауға қарастырылып, «А» және «Б» бөліктерін күрделі жөндеу кейінге қалдырыпты. Осы орталық аурухананы абаттандыруға 200 миллион теңге, Сарқан ауданындағы Черкасск ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуге 135 миллион теңге бөлініпті. Сондай-ақ, облыстағы емдеу мекемелеріне блокты-модульды қазандықтар орнатуға 900 миллион теңге берілген. Биыл облыста 6 нысан бойынша құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізілді. Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхананың құрылысы келер жылы аяқталуға тиісті. Көксу ауданындағы Ақшатоған ауылында бір ауысымда 20 адам қабылдайтын емхана, Еңбекшіқазақ ауылында бір ауысымда 20 адамға арналған фельдшерлік-акушерлік пункт, Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, осы аудандағы Алтынарық ауылында ауысымда 10 қабылдауға арналған медпункт салынып, жыл соңына дейін пайдалануға берілуге тиісті. Сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы жедел тұрғызылатын модульды жұқпалы аурулар ауруханасын салу мен оған қызмет көрсету де биыл бітеді деп жоспарланған.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы