Ұлытауда хабарсыз кеткен төрт балықшы іздестіріліп жатыр
Ұлытауда хабарсыз кеткен төрт балықшы іздестіріліп жатыр
355
оқылды
Ұлытау облысында үш күннен бері хабарсыз балықшыларға іздеу салынды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті.
«15 қараша күні сағат 11.10-да Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жедел пультіне балық аулауға кетіп, байланыссыз қалған балықшылардың туыстарынан хабар келіп түсті. 13 қазан күні Сәтбаев қаласынан 4 балықшы Ұлытау ауданы Байқоңыр ауылы Дулығалы өзеніне балық аулауға кеткен», - деді Руслан Иманқұлов.
ТЖМ ресми өкілінің айтуынша, хабарсыз кеткен балықшыларды іздеу жұмысы жүріп жатыр.
«Іздеу және құтқару жұмысын жүргізу үшін Жезқазған қаласынан Ұлытау облысы ТЖД қызметкерлері мен техниктері жіберілді. Арақашықтық шамамен 190 шақырымды құрайды. Іздеу жұмыстары жүргізілуде», - дейді ол.
Осы орайда Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпсіздік ережесін тағы бір еске салады. Тұманға және басқа да қолайсыз ауа райында суға баруға тыйым салынады. Су қайығы аударылған жағдайда, бастысы дүрбелең салмай жағдайды бақылауға алу керек. Алдымен барлық адамның бар-жоғын тексеру, содан кейін мүмкін болған жағдайда жағалауға бағыт алған жөн. Ақауы бар немесе тексерілмеген су қайықтарын қолдануға тыйым салынады. Қайықтардың жарамдылығына көз жеткізу керек және ол жүзу құралымен жабдықталған болуы тиіс. Суға шықпас бұрын туыстарыңыз бен жақын таныстарыңызға орналасқан жеріңіз және қайтып оралу уақыты туралы хабарлаңыз. Ешбір жағдайда қайықтың бортында отыруға, оны шайқауға, борттан сүңгуге, қозғалыс кезінде бір жерден екінші жерге ауысуға болмайды. Өйткені бұл қайықтың аударылуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ қатаң сақталуы керек негізгі ережелердің бірі - құтқару кеудешесінің болуы. Кеудеше қайықтағы әрбір адамда болуы тиіс. Кеудешелер ыңғайлы, түймеленген және қозғалысқа кедергі келтірмеуі керек. Төтенше жағдайда «112» пультіне ұялы телефон арқылы тегін және тәулік бойы қоңырау шалуға болады.