Петропавл тұрғындарын зымырандардың гүріліне ұқсас қатты дүмпу шошытты
Петропавл тұрғындарын зымырандардың гүріліне ұқсас қатты дүмпу шошытты
426
оқылды
Петропавлда қатты дүмпудің дауысы тұрғындарды шошытты. Ұшақтардың немесе зымырандардың гүріліне ұқсас қатты дауыстың видеосы желіде тарап, талқыға түсті. Stan.kz ақпарат агенттігінің мәліметінше, петропавлдықтар әлеуметтік желілерде бұл дауыстың неден екенін талқылады. Біреулер пойыздардың өтіп бара жатқан дауысы деп болжаса, біреу бұл әуе қорғаныс жүйесі ме деп алаңдаушылық танытты. Енді біреуі шетелдіктер келді деп қалжыңдады. "Севказэнерго" АҚ-ның баспасөз қызметі тұрғындардың үрейін тудырған дыбыстың қайдан шыққанын түсіндірді.
"16 қазан сағат 23:00-ден 17 қазан күні сағат 00:30-ға дейінгі аралықта жөндеуден шығару кезінде №4 станциялық қазандық блогының қыздырғышын жоспарлы тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл процесс толығымен бақыланады және технологиялық тұрғыдан күрделі жөндеу кезеңінде жылыту беттерінің үлкен көлемі ауыстырылуы қажет", – деп хабарлады компания.
Баспасөз қызметі 25 қыркүйекте №5 станциялық қазандықты күрделі жөндеуден шығару кезінде дәл осындай тазалау жұмыстары жүргізілгенін қосты. Бұл ретте тазалаудың негізгі кезеңі күндізгі уақытта болғандықтан қалалықтар оны байқамай қалған.
"Қазан айының соңына дейін № 6 және № 7 станциялық қазандықтардағы бу қыздырғыштарын күрделі жөндеуден шығарған кезде, жылыту беттерін үлкен көлемде ауыстырудан кейін тазалау жоспарлануда. Күні мен уақыты қала тұрғындарына әлеуметтік желілерде қосымша хабарланады", – деп түйіндеді энергетиктер.