«Облыс орталығындағы білім ордасына Шерхан Мұртазаның есімін беруді мектеп ұжымы ұсынды. Ал ұсынысымыздың қолдау тапқанын Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген сүйіншілеп жеткізді. Бұрын мектеп-гимназияның мәртебесіне лайықты жұмыс істеуге тырыссақ, енді Шерхан Мұртаза атындағы мектеп ретінде жауапкершілік жүгі ауырлай түсті. Қазір мектеп қабырғасынан «Шерхантану» орталығын ашып, жазушының сүбелі сөздерін дәліздерге жазып жатырмыз. Сондай-ақ жыл сайын «Шерхан оқуларын» өткізу жоспарымызда бар, – дейді мектеп директоры Рахия Райқұлқызы.2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені ашылғанын көпшілік жақсы біледі. Осы тұста ел игілігіне берілген нысанның бірі – «Руханият және тарихтану» орталығы.
– Орталықта жазушының көзі тірісінде облыстық кітапханаға сыйға тартқан заттары, өзі пайдаланған жазу машинкасы, сувенирлік қаламы, иіссу құтысы, кілемшесі, шапаны, мантиясы, портфелі, тіпті жеке «Киев» фотоаппараты, түрлі марапаты, куәліктері және өзге де жеке басына қатысты құжаттары қойылған. Орталықта жергілікті айтыскерлер мен жазба ақындарды, жалпы қаламгерлерді қолдау бойынша шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады, – дейді орталық директоры Сауран Қалиев.Бұдан бөлек, Шерағамыздың Талапты ауылындағы үйі мемлекет меншігіне өтуіне байланысты орталық тарапынан оған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар орталық торқалы той аясында «Ауылды, сені сағынам…» атты Шерхан Мұртазаның 2 томдық кітабын дайындап, баспаға ұсынған. 90 жылдық тойда әдеби-мемориалдық үйінің ашылуы, сонымен қатар аталған жинақтың тұсаукесері сынды бірқатар іс-шара ұйымдастыру жоспарда бар. Журналистердің дені бүгінде өздерін «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» дейтіні шындық. Осы орайда Тараз қаласының орталығында орналасқан «Баспасөз үйіне» Шерхан Мұртаза есімі беріліп, қалам ұстаған қауымға бір қуаныш сыйлады. Қазір аталған нысанда облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты Өңірлік коммуникациялар қызметі, құрамына AQ JOL, «АR-АI», «Знамя труда» газеттері мен Jambul info ақпараттық агенттігі кіретін Aulieata-Media холдингі жұмыс істеп тұр. Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы 2009 жылдан бастап Халық жазушысының шығармашылық мұрасын ғылыми зерделеу, өскелең ұрпаққа насихаттау үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Институт президенті, ұлттық руханияттың шынайы жанашыры болып жүрген Ерболат Саурықов ұлы тұлғаны ұлықтап, шығармашылық мұрасын кеңінен зерделеуге зор үлес қосуда.
– Былтыр «Қазақтың Шерағасы» жинағының 11 томы оқырманға жол тартса, мерейтойға арналып бес томдық естелік кітабы әзірленді. Бұл кітаптың алғашқы томына қаламгерлік пен қайсар қайраткерлікті қатар ұстаған Шераға туралы әр жылдары танымал замандастары мен шәкірттері жазған эсселер енгізілген. Бұған қоса, Шерағаның мұрағаттық материалдары негізінде «Бір кем дүние» кітабы толықтырылып 1 000 данамен дайындалса, белгілі журналист-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергеннің зерттеулері сұрыпталып, «Шың мен шындық» кітабы әзірленді, – дейді «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаракөз Тамабаева.Тағы бір сүйінші хабар – Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйі алдынан Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіші бой көтерді. Мерейтой күні ескерткіштің лентасы салтанатты түрде қиылады деп күтілуде.
– Ескерткіштің жобасына конкурс жариялау, жеңімпаздарды анықтау мен орнын белгілеу жұмыстары оңай болған жоқ. Конкурс жеңімпазы Айдос Бүркітбаев – Алматыда қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовқа қойылған ескерткіш пен өзге де күрделі туынды авторы. Мүсінді орнатуда да аз дау болмады. Жұрт пікірін ескеріп, бас-аяғы 27 орын іріктеліп алынды. Солардың ішінен көпшіліктің пікірімен және келісімімен дәл осы жер лайықты деп таңдалды. Бүгін міне, ел-жұрт бар ықыласымен асыға күткен мүсін Тараз төрінен орын тапты, – дейді «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Мұратбек Әзімов.Мәдениетке жауапты сала мамандарынан білгеніміз, мерейтой күні белгіленгенімен, өтетін нақты шаралары әлі пысықталып жатыр екен. Алайда көптің аузында жүрген жоспар – тойдың негізгі шаралары Жуалы жерінде өтеді. Сондай-ақ облыстық қазақ драма театрында арнайы қойылым көрсетілмек. Одан бөлек, дастарқан жайылып, әруақтардың рухына құран бағышталады.
Жамбыл облысы