25 қазан – Республика күні! Бұл күні 1990 жылы Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Биыл Президент ұмыт болған тарихи күнді қайта жаңғыртты. Ұлттық мерекені атап өту туралы Елтаңба авторы, архитектор, «Құрмет» және І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, профессор Жандарбек Мәлібекұлының пікірін білген едік.– Биыл 25 қазан ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Елдің егемендігін айшықтайтын Елтаңбаның авторы ретінде тарихи күннің насихатталуына көңіліңіз тола ма?
– Адамзат тарихында қоғамның дамуында әртүрлі өзгерістің болуы – заңдылық. Біз құндылықтардың бірі өшіп, енді бірі қайта жаңғырған қоғамда өмір сүрдік. Рас, бастапқы кезде Тәуелсіздік (!) деп алақайлап қуандық. Сол Тәуелсіздік деген сөздің астарында көп мағына жатыр. Шын мәнінде, тәуелсіздікке қол жеткіздің бе, тізгін өз қолыңда ма? Тәуелсізсің бе? Әлде әлі де тәуелдісің бе?.. Егемендігін алған елдер «тәуелсіз елмін» деп емес, нық сеніммен республикамын, мемлекетпін деп шегелеп айтады. 30 жыл бойы «тәуелсіздік» деп айту Қазақ мемлекеті, Қазақ Республикасы екенімізді дүдәмал етіп көрсетеді. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Әлі де айтып келе жатырмыз. Бұл бұрын Қазақ Республикасы, мемлекеті, мәдениеті, тарихы болмаған ба... деген екіұдай ойға қалдырады. Республика деген сөз белгіленген, дербес мемлекет дегенді білдіреді. Өзге елмен тереземіз тең деген сөз.
– 30 жылда шекарамызды шегендеп, ел ретінде мемлекеттік рәміздерді бекіттік. Төл теңгеміз бар. Осы аралықта біршама жоғымыз түгенделген жоқ па?
– Архитектор ретінде Қазақ мемлекетінің бір кірпішін болса да қалауға атсалысып жүрмін. Сөз жүзінде айта бергеннен ештеңе шықпайды. Іс жүзінде жүзеге асқаны маңызды. Мәселен, тіл туралы 30 жылдан бері айтып келе жатырмыз. Қай заманның перзенті болса да әр қазаққа ана тілін білу – парыз. Кейде қоғамда бір мәселе айтыла берсе, сол проблеманы тыңдаудан, талқылаудан ел шаршайды. Жалыққан соң айтыла-айтыла жауыр болған мәселеден қашқақтайды. Бізде проблема қазақтың арасында ана тілін білмейтін, қазақ тілінде сөйлемейтіндердің бар екенінен туындап отыр. Жоғары лауазымды қызметке тұру үшін қазақ тілін білуі шарт. Бұл біздің қоғамда айтылмайтын заң болуы керек. Қазақ жерінде тұрып жатқан адам қазақша білуі тиіс.
Сондықтан қазір қабылданып жатқан заңдардың барлығы ұлы даланың тарихы, мәдениетіне негізделуі тиіс. Дала заңы қазіргі қаулы, жарғының түп қазығы болмайынша, халықтан қолдау таппайды. Еуропа мәдениетін енгізген сайын деформацияға ұшыраймыз. Өз мәдениетімізді ұмыта бастаймыз. Сондықтан шыққан тегімізге қараған дұрыс. Сонда ғана түп-тамырымызға қайтуымыз мүмкін. Мұның бәрі тарихи археологиялық ескерткіштерде тайға таңба басқандай жазылып тұр. Алайда соны реконструкция жасауға, зерттеуге қаржы тапшы дейді. Түбі сонда жатыр. Сол себепті салт-сана, төл мәдениетіміздің түп төркінін қамтып, «Ойтек» архитектурасының негізін қалап жатырмын.
– Егемендік алған соң ел астанасы Алматыдан елордаға ауысты. Жаңа қала салды. 20 жылда айналасы орманға айналды. Қала тұрғызғанда ең бірінші нені ескерген жөн?
– Қазір ғимарат салатын құрылыс компаниясының мамандары Кеңес үкіметі кезіндегі талапқа қарайды. Құрылыс нысанына сараптама жасаған кезде КСРО-ның кезіндегі талаптарды басшылыққа алады. Мәселен, Астананың сол жағалауында Ұлы дала көшесінен қалаға қарасаңыз, шаһардың келбетін танымай қаласыз. Қазақ салған қала дейтіндей, қандай ерекшелігі бары түсініксіз. Зәулім ғимараттар жапсарлас орналасқан астанада ауа жетіспейді. Мәселен, көпқабатты үйдің ауласын жерасты көлік тұрағына айналдырып, төбесіне 5-6 түп ағаш отырғызып қояды. Ағаш жерде өссе ғана тамыр жаяды. Бір қабат бетонның төбесінде тұрған ағаш тамыр жаймайды. Гүлді сәндік үшін шелектерге отырғызады. Жобадағы «көгалдандыру» деген талап орындалса болғаны. Тамырын тереңге жаймаған дүниенің жаны болмайды. Сондықтан аспанмен таласқан үйде жайлылық болмаса, адамның жаны құлазып, тоқырауға ұшырайды. Жасанды жылтыраған дүние адамның жанына жылу сыйламайды.
– Астанада баспанаға қолы жеткен адам қуанады. Жанға жайлы, жайсыз деп таңдауға мұршасы келмей жатқан жоқ па?
– Иә, баспанаға зар болған соң пәтер бергенге мәз боламыз. Оның ішіне кірген соң әдет-ғұрпыңды ұмытып кететініңді білмейсің, байқалмайды. Архитекторлардың өзі деформацияға ұшыраған. Қазақша сөйлейді. Бірақ ойы, дүниетанымы өзгерген. Қазақтың жанына жайлы, таным-түсінігімен үндесетін үй салуымыз керек. Астананы салған кезде ағаштарды жан-жағынан жіппен тартып өсірді. 20 жылдан кейін сол ағаштар орманға айналды. Үйдің айналасы да дәл сондай тал-терегі тамыр жайған орман болуы керек. Зәулім үйлердің маңайында қариялар бас қосып, қоғамдағы мәселені талқылайтын алаңқай, балалар алаңсыз емін-еркін жүгіріп ойнайтын ойын алаңы болуы қажет. Қазір көпқабатты үйлердің ауласында бала ойнайтын бос жер жоқ. Есіктің кіреберісінен бастап, көшеге дейін көлік тұрады.
– Өзгеге үлгі етіп көрсететін қазақ архитектурасын қалыптастыру үшін не істеу керек?
– Аласапыран заманда байларды қудалап, көзін құртты. Барымыздан айырылдық. Кедей-кепшікке қалқан болар бай-бағландар шекара асып, бас сауғалады. Ұрпағын аман сақтап қалу үшін тәуекел етіп, шекара асты. Байлармен бірге құт-берекеміз қоса кетті. Қазір енді бай бола алмай жатырмыз. Бай болу да – мәдениет. Қазақтың сауатын ашып, ілім-білім үйретуге мұрындық болған, қазақ жастарына қолдау көрсеткен байларды қудалап, түп-тамырымыздан ажыратуды мақсат еткен. Бабаларымыз жанға жайлы қала салу мәдениетін жетік меңгерген. Біз өркениетке үлес қосқан халықпыз. Ботай мәдениетінен бастап жан-жақты зерттеу жүргізсек, қазақтың қала сала алатынын дәлелдей аламыз. Сәулет өнерінің қыр-сырымен қоса философиясын да меңгергеніне көзіміз жетеді. Шетелден келген архитектураны ығыстырып шығарудың жолы – өзіміз одан да жақсысын жасау. Соның негізінде жанға жайлы жаңа ғимараттар салу.
Қазақтың ұлттық жадын өшіруге тырысқан қаншама кезең артта қалды. Ғылым мен білімді меңгерген зиялы қауымның өзі қуғын-сүргінге ұшыраса да, ұлт үшін қызмет етті. Өркениетті ел қатарына қосу үшін табандылық танытты. Елтаңбада еліміздің 4500 жылдық тарихы тұр. Алтын адам – тарих, мәдениет, руханияттың мәйегі. Бізде мемлекет көне заманнан бері бар. Біздің рухымыз, тарихымыз тереңде жатыр. Тек қана көмбені қайта аршып, тарихи мұрамызды түгендесек, кәдеге жарата алсақ болғаны...
– Көп рақмет!