Қай мемлекетте болмасын, елдің экономикалық қауіпсіздігінің негізін өндірісшілер құрайды. Осы іргетастың беріктігі өнеркәсіптік кәсіпорындарды басқаратын адамдардың санына емес, сапасына байланысты. Қазақстанда осындай азаматтардың бірі – «АЗМК (АКҚЗ) Group» директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Ахметжан Бәкрімұлы Шардинов.
Осы айтулы күндері зауыт ұжымы, әріптестері, достары, отбасы оны 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетуде. Ахметжан Бәкрімұлының қызметі тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерінен орын алды. Солай бола тұра, ол еңбегі сіңген даңқына бөленіп жүрген жоқ, адамдар мен мемлекетіміздің игілігі жолындағы қызметін жалғастырып келеді.
Ахметжан Бәкрімұлы еліміздің гүлденуіне сөзімен емес, ісімен үлес қосып келе жатқан жан. Оның басшылығымен Алматы көпір құрылымдары зауыты жол құрылысы саласындағы инвестициялық жобаларды ойдағыдай жүзеге асыратын көпсалалы холдингке айналды. Табысты дамуының арқасында холдинг соңғы жылдары мемлекетке 5 млрд теңгеден астам салық аударды. Ал өндірісті жаңғыртуға жұмсаған меншікті қаражаты 2 млрд теңгені құрады.
Тәуелсіздік жылдары АЗМК (холдингтің бас компаниясы) Қазақстанның өңірлеріне де, көрші мемлекеттерге де өз өнімін жеткізе отырып, бүкіл достастыққа танымал болды. Мақтануға тұрарлық жетістіктер көп, бірақ өзі 30 жылдан астам уақыт бойы басқарған Алматы көпір құрылымдары зауытының (АКҚЗ) үлкен ұжымы қайта құру кезеңінің қиын-қыстау жылдарында өндірісті және кәсіпорынның осы күнгі даңқын темірбетоннан құйғандай етіп биікке көтерген еңбек ұжымын толық сақтап қалғаны Ахметжан Бәкрімұлы Шардиновтың ең жоғары жетістігі деп санайды.
Кеңес Одағы әлемнің геосаяси картасынан жоғалып, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналған кезде зауыт үшін, еліміздің барлық құрылыс индустриясы үшін қиыншылығы мол күндер келіп жетті. Сол жылдары Ахметжан Шардиновты зауыттың директоры етіп ұжым таңдады, сол кезде кәсіпорындар шаруашылық есепке көшіріліп жатқан болатын. Бірақ Ахметжан Бәкрімұлын бұндай тағдырдың тартуы қуанта қойған жоқ. «Сайлауда жеңіске жеткенімде, ерекше қуаныш бола қойған жоқ», – деп Ахметжан Шардинов естеліктерімен бөлісті.
– Керісінше, жауапкершіліктің орасан зор ауыртпалығын сезіндім. Адамдар маған сенді, өз болашағын және зауыттың болашағын сеніп тапсырды. Менің бірінші кезектегі міндетім – зауыт пен мамандарды сақтау, қиын-қыстау кезеңді бастан өткеру екенін түсіндім. Өйткені Кеңес Одағы кезінде көпірлердің, өткелдердің және т.б. 80%-дан астамы біздің зауыттың құрылымдарынан салынған болатын, яғни әлеуетті өткізу нарығы бар болды. Алайда тапсырыс берушілердің қайта келуі үшін уақыт қажет еді. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ Шардиновтардың сөздік қорында «жоқ» және «мүмкін емес» деген сөздер болмайды деп тәрбиелеген ата-анама мың алғыс. Бәрі мүмкін – тек жұмыс істеу керек, – дейді ол.
Сол қиын жылдары зауыт ұжымы өз директорының айналасына топтасты. Ұжымды, жұмыс істейтін мамандардың көпшілігін сақтап қалды.
Ахметжан Бәкрімұлы Шардинов 1947 жылы қазанның жиырмасында Алматы облысындағы Жаркент қаласында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін, 1963 жылы Алматы қаласындағы политехникалық техникумға, одан кейін Өскемен құрылыс-жол институтына оқуға түседі. Еңбек жолы Панфилов жүгері-ұсақтау зауытында басталды, онда ол электрослесарь болып жұмыс істеді. Кеңес армиясы қатарындағы қызметтен оралғаннан кейін, Алматы темірбетон бұйымдары мен қысымдық құбырлар зауытына слесарь болып жұмысқа орналасты. Көп ұзамай Ахметжан Шардинов бастамашыл және адал ниетті қызметкер ретінде «Асфальтбетон» кәсіпорнына технолог болып жұмысқа шақырылды, содан кейін өндірістік цехтың бастығы лауазымына тағайындалды. Тіпті, 1981 жылы 8 жылдық еңбек қызметінен кейін өзін кәсіби және тамаша ұйымдастырушы ретінде танытқан Ахметжан Шардинов 33 жасында Қапшағай жол-құрылыс материалдары комбинатының директоры болып тағайындалды, ол оны тез арада алдыңғы қатарлы кәсіпорынға айналдырды. 1985 жылы енді тәжірибелі маман ретінде үлкен өндірісті толыққанды жұмыс істету үшін Алматы тас өңдеу зауытының директоры қызметіне тағайындалды. 1990 жылы Алматы көпір құрылымдары зауытының ұжымы оны төрт үміткердің ішінен басшы етіп таңдап, кәсіпорынды сеніп тапсырды.
Ахметжан Бәкрімұлының стратегиялық ойлау, қызметінде озық жүру қабілетінің арқасында зауыт еліміздің көлік стратегиясында Үкімет белгілеген мақсаттар мен міндеттерге уақтылы дайындалды. Жолдар мен көпірлердің ауқымды құрылысы басталды.
АЗМК – өндіріс пен ғылым қатар жүретін кәсіпорын, ал заманауи зертхананың болуы оның жалғыз дәлелі емес. Тек 2011-2015 жылдар аралығында зауытта жол құрылысы мәселелері бойынша алты ғылыми-практикалық конференция мен семинар өткізілді. Барлық іс-шараға практиктер ғана емес, сонымен қатар ғалымдар, жобалаушылар, тіпті бейіндік мамандықтардың студенттері де қатысты.
Кәсіпорын өз жұмысында инновациялар мен жаңғыртуға айрықша үміт артты. Жаңғырту неғұрлым жедел жүргізілсе, инновацияларға соғұрлым көп мүмкіндіктер пайда болады. Мысалы, жаңғыртудың бірінші кезеңі зауытқа «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жобасына қатысуға мүмкіндік берді. Өз қаражатын ғылыми зерттеулерге инвестициялау есебінен Қазақстан үшін мүлдем жаңа өнім – көпір құрылысы кезінде қаражаттың шамамен 15%-ын үнемдеуге мүмкіндік беретін 42 м көпір арқалығы жасап шығарылды. Дәл осы инновациялық жобаны әзірлегені үшін 2015 жылы Ұлттық инженерлік академия Ахметжан Бәкрімұлы Шардиновты «Жылдың үздік инженері» деп атады. Айта кететін болсақ, мұндай өнімді әлі күнге дейін ТМД елдерінің ешқайсысы жасап шығармайды.
АЗМК үздіксіз даму стратегиясының бірі – тәлімгерлік. Сондықтан бүгінде топ-менеджерлердің көптеген жетекші позицияларында жас кадрлар жұмыс істейді. 90-шы жылдары зауыт өз мамандарын жоғалтпай, сақтап қалғандықтан, осындай батыл қадам жасауға мүмкіндік туып отыр, өйткені олар – бүгінде ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, зауыт жастарының тәлімгерлері. Ахметжан Бәкрімұлы – зауыт тағдырына бей-жай қарамайтын ынталы адам, прогрессивті технологияларды енгізудің бастамашысы, холдингтің шынайы пікірлестердің ұжымы болып қалыптасуына көп күш жұмсаған тұлға.
Ахметжан Бәкрімұлы Шардиновтың бойында екі өте құнды, бірақ сирек кездесетін қасиет – адамдарды бағалай білу және басқалардың проблемаларына немқұрайды қарамау. Бірінші қасиетінің арқасында, қай жерде жұмыс істесе де, әрқашан айналасына өзі сияқты ортақ іске жан-тәнімен берілген ниеттес адамдар жиналады. Ал оны елдің қоғамдық-саяси өмірінің көрнекті қайраткері еткен екінші қасиеті болды.
Екі мыңыншы жылдардың басында ол Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығының филиалдарын құру бойынша үлкен жасампаз жұмыс жүргізді. Ахметжан Бәкрімұлы Шардиновтың Қазақстан халқының келісімі мен достығын нығайту ісіндегі қызметі назардан тыс қалған жоқ, ол 2010 жылы Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Екі рет Алматы тұрғындары оны биліктегі өз өкілі етіп сайлады, ол төртінші және бесінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаты мандатын иеленді. «Депутаттық корпустың құрамы өте күшті болды», – дейді Ахметжан Шардинов.
– Құрамына көптеген өндірушілер мен экономистер кірді. Бірте-бірте біз шиеленіскен мәселелерді шеше бастадық. Электрді кезекпен өшіру проблемасын толығымен шешкен жаңа трансформаторлық қосалқы станциялардың бірқатар желісі салынып, іске қосылды. Бірнеше тұрғын аудандар мен жекелеген объектілерді газдандыру басталды. Қала жаңа жол айрықтарына ие болды. Зейнетақы мен жалақыны кешіктіру және басқа да көптеген мәселелер шешілді, – деп еске алады қайраткер.
Егер Ахметжан Бәкрімұлының қоғамдық жұмысы туралы сөз қозғайтын болсақ, оның Қоғамдық кеңестегі, «AMANAT» партиясындағы қызметін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Алматыда партияның алғашқы қоғамдық қабылдауларының бірі АЗМК-да ашылып, осы жылдар ішінде өз проблемаларының шешімін іздеп келген көптеген адамға көмектесті.
Бүгінде Ахметжан Бәкрімұлы Шардиновтың есімі Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен танымал. Көптеген шетелдік әріптестері оны табандылығы, тағдырдың сынақтарынан сүрінбей өту қабілеті, сарқылмас еңбекқорлығы және стратегиялық ойлау мен болашақты бүгіннен бастап құра білу талассыз таланты үшін жол құрылысының ақсақалы, темірбетоннан жасалған тұлға деп атайды.