Ядролық қатер: қауіп қайдан төнеді?
Ядролық қатер: қауіп қайдан төнеді?
764
оқылды
Осыдан тура 60 жыл бұрын әлем алаң­даумен күн кешіп жатқан еді. 1962 жыл­дың қазан айында әйгілі «Кариб дағдарысы» болған-ды. Ол кезде әлемді ядролық соғыс қаупі алаңдатқан. Өкінішке қарай, ядролық қауіп әлі сейілген жоқ. Бірер күн бұрын америкалық миллиар­дер Илон Маск Twitter-де Ресей Қырымнан айырылар болса, ядролық қару қолдануы мүмкін екенін жазды. Соңғы кездері Украи­надағы соғысқа қатысты «біртүрлі» пікір айтып жүрген кәсіпкердің бұл мәлімдемесін кезекті хайптың бірі деуге болар еді, алайда Шығыс Еуропадағы соғыста стратегиялық мақсаттағы болмаса да, тактикалық ядролық қару қолданылу қаупі жоғары екені жиі ай­тыла бастады. Әсіресе, қазан айы басталғалы бері мұндай қаңқу сөз жиі естіліп жүр. Әрине, түрлі деңгейдегі саясаткерлердің сөзін алдымен өз аудиториясына бағыттал­ған пікір деуге болатын шығар. Дегенмен саясаткерлерге барлау деректерін әскерилер беретінін ұмытпау керек. Бәлкім, содан да шығар, қазанның 7-сі күні АҚШ президенті Джо Байден 1962 жылғы «Кариб дағда­ры­сынан» кейін дәл қазіргідей жоғары дең­гей­де ядролық қауіп болмағанын атап өтті. Ал Украина президенті В.Зеленский Ресейдің ядролық қару қолдануының алдын алу үшін превентивті соққы жасалуы керек екенін айтты. Рас, «Президент ядролық соққы деген жоқ, басқа мағынадағы соққыны айт­ты» деп Украина президентінің әкімшілігі мәлімет таратқаны бар. Шамасы, аса қауіпті риторика үшін ақталғанға ұқсайды. Бірақ қалай болғанда да, «айтылған сөз – атылған оқ». Ал Мәскеу жақтан қауіпті риторика, қоқан-лоқы жасау, сес көрсету қалыпты құбылысқа айналды. В.Путиннің өзі жар­ты­лай мобилизация жариялаған кезде Ресейдің аумақтық тұтастығын қорғау үшін қолда бар құралдың барлығын пайдала­натынын айтқан-ды. Сарапшылар әдетте оның бұл пікірін ядролық қарумен байла­ныс­тырады. Бәлкім, содан да болар, медиа мен мессенджерлерде Ресейдің ядролық қару қолдануы мүмкін екені жайлы ақпа­раттар жиі тарады. Сәйкесінше, НАТО-ның бірқатар елі, соның ішінде АҚШ мұндай қадамға жауаптың ауыр болатынын мә­лімдеп үлгерген. Мәселен, АҚШ президен­тінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан Ресей ядролық қару қол­данған жағдайда салдары апатты деңгейде болатынын айтқан. Онда да Мәскеу үшін солай деген пікір білдірген. Ал кейін так­тикалық ядролық қару қолданылса, НАТО конвенционалды қарумен-ақ ойсырата соққы беретіні жайлы инсайдерлік мәлі­меттер тарады. Конвенционалды қару деге­німіз – биологиялық, химиялық және ядро­лық қарудан басқа қарулар. Такти­калық, жедел-тактикалық, қанатты зымы­рандар, дүркіндетіп ату қондырғылары, түрлі бомба, отатқыштар, миналар дейсіз бе, адам өлтіретін құрал көп қазір. «Соның барлығын пайдаланамыз» дегені бұл. Бір сөзбен айтқанда, ядролық қару қолдану тікелей ядролық қақтығысқа апар­маса да, Еуропадағы соғыстың ұзаққа созылуына себеп болуы мүмкін. Абырой болғанда, қазіргі «ядролық соғыс» тек медиа кеңістікте жүріп жатыр. Кәдімгі ақпараттық майданда. Күштілердің шынайы ұрысқа кіргенінен гөрі интернетте бір-бірін боп­салағаны дұрыс-ау деген ой да келеді. Бірақ текетірестің созыла бергені жақсы емес. Тактикалық ядролық қару деген не? Ядролық қару адамзатқа қауіп төндіретін «табыстардың» бірі екені рас. Бірақ биоло­гиялық және химиялық қаруға қарағанда ядро­лық қаруға халықаралық деңгейде ты­йым салынбаған. Өйткені ядролық арсе­налы бар мемлекеттер бұл қаруды тежеуші фактор ретінде қолданады. Ал химиялық немесе биологиялық қаруды көптеген «үшін­ші әлем» елдері қолдануы мүмкін. Сондықтан «күштілер» ондайларды жазалап отырады. Бір сөзбен айтқанда, адамзаттың қаруларға қатысты ұстанымы ежелден бері келе жатқан «күш­тінің дүмі диірмен тар­тады» дегеннің дәл өзі. Әлсіз болсаң, өзіңді қорғауың, тіпті қор­ғауға ұмтылуың да «күнә». Алып елдерге бұл тәртіп жүрмейді. Содан да шығар, ядро­лық қаруға тыйым салынбаған. Ал Шығыс Еуро­падағы соғыста ядролық қаруы бар ел­дердің мүддесі қақтығысып жатыр. Сон­дықтан ядро­лық қарудың қол­данылу қаупін ешкім жоқ­қа шығармайды. Дегенмен «так­тикалық ядролық қару» де­ген­нің не екеніне де тоқ­талғанның айыбы болмаса керек. Өйт­кені әңгімеге арқау бо­лып отырған да осы қару. Негізі, жаппай қырып-жоятын қару­лардың ішіндегі ең қауіптісі ядролық қару саналғанымен, әр бомбаның өзіндік күш-қуаты болады. Қазір ядролық қарулардың қуаты килотоннадан мегатонналарға дейін есептеледі. Мәселен, 1961 жылдың 30 қаза­нында Жаңа жер аралында сынақтан өткі­зілген «Патша бомбаның» қуаты 58,6 мега­тоннаны құраған. Бұл дегеніңіз 1945 жылы Хиросмиаға тасталған атом бомбасынан мыңдаған есе күшті. Дәлірек айтқанда, Хи­росимаға тасталған бомбаның 3 мың 900 данасымен тең. Сынақ кезінде жарылыстан пайдан болған «саңырауқұлақ» 67 шақырым биіктікке дейін жеткен. Ал АҚШ-тың ең көп тараған B83 ядролық бомбасының жа­рылысынан кейін пайда болатын «саңы­рауқұлақ» 18-19 шақырым биіктікке дейін көтеріледі. Бұл бомбаның қуаты 1,2 мега­тонна. Әдетте мұндай аса қуатты бомбаларды стратегиялық мақсаттағы ядролық қару­лар­дың қатарына қосады. Тактикалық ядролық қару деп жарылыс қуаты 0,4 килотоннадан 15, кейде 50 килотоннаға дейін жететін қаруларды айтады. Сонда да тактикалық ядролық қаруды сипаттауға қатысты біріз­ділік жоқ. Мәселен, Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Нина Ратбун тактикалық ядролық қарудың жарылыс қуаты 1 килотоннадан 100 килотоннаға де­йін жетеді деген уәж айтады. BBC де осы деректерді алға тартып жүр. Ал ресейлік кей­бір әскери сарапшылар тактикалық ядролық қарудың қуаты 0,2 килотоннадан басталуы мүмкін екенін айтады. Бір сөзбен айтқанда, қуаты 100 килотоннадан төмен болатын ядролық жарылғыштың бәрін тактикалық ядролық қарудың қатарына қоса беруге болады. Мұндай оқтұмсықтар мен снарядтарды нысанаға қандай құрал жеткізеді, ол басқа мәселе. Айталық, 152 мм-лік РД4-01 снарядын калибрі сәйкес келетін көптеген гаубица мен зеңбірек ата алады. Оның қуаты 2,5 килотонна. КСРО мұндай снарядтарды алыс қашықтыққа ататын құрылғылар үшін шығарған. Яғни, гаубицалар 15-40 шақырым жердегі ны­санды осындай снарядтармен атуы керек. Ал АҚШ да «Дэви Крокетт» деп аталатын миномет үлгісіндегі қару болды. Оның жа­рылыс қуаты – 15 тонна. Бірақ әрі кетсе, 4-8 шақырымға ғана ұшады. Ал 280 мм-лік зеңбіректі америкалықтар «атомдық Энни» деп атаған. Ол тарихта атом снарядын атқан алғашқы зеңбірек ретінде қалды. 1953 жылы 25 мамырда 15 килотонналық снарядпен алыстағы полигонды атқылады. Айтпақшы, Хиросимаға тасталған бомбаның да қуаты 15 килотонна еді. Жалпы, тактикалық ядролық қарудың тиімсіз екенін ресейлік әскерилер де, нато­лықтар да біледі. Көптеген конвенционалды қарудың жарылыс, қиратқыш қуаты 5-10 ки­лотонналық ядролық оқтұмсықтың жа­рылысынан кем емес. Демек, тактикалық ядролық қарудан гөрі конвенционалды, дәлдігі жоғары қаруларды пайдаланған тиімді болар еді. Содан да болар, кәсіби әскери сарапшылар Украина жерінде тактикалық ядролық қарудың қолданылу ықтималдығы өте төмен екенін айтады. Біз де ядролық қаруға қатысты алып-қашпа әңгімелер медиа кеңістікті дүрліктіруден әріге бармайтын шығар деп үміттенеміз. Қауіп басқа жақтан болса ше? Өкінішке қарай, Шығыс Еуропадағы ядролық апат қаупі тек қаруға байланысты емес. Со­ғыста ядролық қару пайдаланыл­мағанның өзінде, бейбіт мақсатқа арналған кәсіп­орындардың нысанаға айналу қаупі бар. Яғни, АЭС-тер жарылса да, ядролық апат болады деген сөз. 1986 жылы Черно­быль АЭС-інде болған апат ядролық шаң-тозаң­ның, радиацияның Еуропаның біраз жеріне дейін жетуі мүмкін екенін көрсеткен. Ал әдет­те АЭС-тер энергетикалық инфра­құ­рылым қатарына кіреді. Өкінішке қарай, соңғы күндері Украина қалаларындағы жылу-энергетика орталықтарына, инфра­құрылымға бірнеше мәрте зымыран соқ­қысы жасалғанын ескерсек, АЭС-терді ны­­саналар қатарынан шығарып тастауға бол­майды. Тіпті, қаңғыған зымыран немесе сна­ряд келіп дөп тисе де, нысандарға аз за­қым кел­мейді. Одан соң АЭС-тер Мәс­кеу­­дің батыс елдерін тығырыққа тіреу үшін қолданатын боспалау құралына айналуы мүм­кін екенін де ескеру керек. Соғыс бары­сында Украи­наның Энергодар қаласындағы Запорожье атом электр стансасының төңі­регін атқы­лаған оқиғалар болды. Екі жақ бір-бірін айыптады. МАГАТЭ өкілдерінің басын қатерге тігіп, Энергодарға барып жүргені со­дан. Ал Украинада жұмыс істеп тұрған 4 АЭС, жалпы саны 15 энергоблок бар. Энер­годардағы АЭС Еуропадағы ең үлкен станса. Одан бөлек, Хмельницкий АЭС-і, Ровен АЭС-і, Николаев облысындағы Оңтүстік Украина АЭС-і бар. Бәріне қанатты зы­мырандар мен камикадзе-дрондар ұшып жете алады. Одан бөлек, жұмысы тоқталған Чернобыль АЭС-і бар. Ол зақымданса да қауіпті. Өйткені Чернобыльда да реакторлар тұр. Ядролық қалдықтар бар. Қысқасы, ядро­лық қару қолданылса да, стансалар ны­санаға алынса да, адамзатқа қауіп төн­діретін жағдай қалыптасып келе жатыр. Ядролық апат болса «соғыста түрлі жағдай болып тұрады» деп ақталудың да қисыны қалмайды.