Сыр даласының төрінде адамзаттың ғарышқа алғаш қадам басуына жол ашқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы жаңа даму кезеңіне бет бұрып келеді.
Байқоңырдың екінші тынысы
135
оқылды

Кешеннің тарихи миссиясы уақыт өткен сайын жаңа мазмұнмен толығып, заманауи технология, жаңа өндіріс және халықаралық ынтымақтастық тоғысқан стратегиялық алаңға айналу мүмкіндігін алып отыр. Бұл ретте «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешені жобасының маңызы айрықша.

«Байқоңыр» десе, ең алдымен адам­заттың ғарышқа алғаш ұшуы, тұңғыш жасанды жер сері­гі­нің орбитаға шығарылуы еске тү­седі. Ғарыш тарихындағы осындай айтулы оқиғалар бұл кешеннің әлемдік маңызын айқындап берді. Алайда соңғы жиырма жылда ға­рыш индустриясы түбегейлі өз­гер­ді. Коммерциялық ғарыш қыз­мет­тері дамып, жерсеріктерді ұшыруға сұраныс артты. Жаңа технологиялар пайда болып, көптеген мемлекет өз ғарыш инфрақұрылымын қа­­­лыптастырды.

Осының барлығы «Бай­қоңыр­дың» бәсекеге қабілеттілігін сақ­тап, оның мүмкіндігін жаңа талап­тарға бейімдеуді қажет етеді.

Байқоңырдың болашағын айқындайтын жоба

Осы тұрғыдан алғанда, «Бәй­те­рек» ғарыштық-зымыран кешені Қа­зақстанның ғарыш саласындағы ең маңызды стратегиялық жо­ба­лары­ның бірі саналады. Өйткені оның мәні жаңа техникалық нысан салумен өлшенбейді. Жоба «Бай­қоңырдың» технологиялық мүм­кін­дігін жаңғыртып қана қоймай, ха­лықаралық ғарыш инф­ра­құры­лымындағы орнын сақтауға және нығайтуға бағытталған ұзақмер­зім­ді бастама ретінде бағаланып отыр.

Биыл 30 сәуірде «Байқоңыр» ға­рыш айлағынан жаңа буындағы «Союз-5» («Сұңқар») зымыран-та­сы­ғышының алғашқы сынақ ұшы­рылымының жүзеге асуы осы ба­ғыт­тағы маңызды кезең болды. Бұл  «Бәйтерек» жобасының практи­ка­лық тұрғыдан іске аса бастағанын көр­­сететін елеулі оқиға десек, қа­те­­­­леспейміз.

Қазақстан мен Ресей арасын­да­­ғы үкіметаралық келісім негі­зін­де жүзеге асырылып жатқан аталмыш жоба аясында екі тараптың міндеттері де айқындалған. Атап айт­қанда, Қазақстан тарапы ұшы­ру кешенінің жерүсті инф­ра­құры­лы­мын жаңғыртуға және қажетті тех­нологиялық жүйелерді қалып­тас­тыруға жауап берсе, Ресей жаңа буын­дағы «Союз-5» зымыран-та­сы­ғышын әзірлеу міндетін атқа­ра­ды.

Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы, эк­о­ло­гия­лық талаптардың ескерілуі жо­­ғары мәнге ие. Себебі жуырда ұшы­рылған жаңа буындағы зы­мы­ран-тасығыштың отын жүйесі бұ­рын қолданылған кейбір ауыр зы­мырандармен салыстырғанда қор­шаған ортаға түсетін жүктемені азай­туға мүмкіндік береді. Бұл «Бай­­қоңырдың» ғарыштық қыз­метін за­манауи экологиялық та­лап­тарға сәй­кестендіру тұрғы­сы­нан да маңыз­ды рөл атқарады.

Өз кезегінде «Бәйтерек» жо­ба­сының мән-маңызы мен алдағы міндеттері жөнінде Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің «Бай­қоңыр» кешеніндегі өкілді­гі­нен сұрап білдік.

Өкілдіктің мәліметіне сәйкес, «Бәй­терек» ғарыштық-зымыран ке­шенінің Қазақстан үшін страте­гиялық маңызы зор. Яғни бірегей жоба арқылы ғарыш айлағының техникалық мүмкіндіктерін жаң­ғыр­тып қана қоймай, оның әлем­дік ғарыш инфрақұрылымындағы ор­нын сақтап, одан әрі нығайтуға мүм­кіндік мол. Әсіресе осы ар­қы­лы Қазақстан мен Ресей ара­сын­да­ғы ғарыш саласындағы ынты­мақ­­тастықтың жаңа деңгейге кө­те­­­­рілгенін алға тартады.

Осы ретте «Бәйтерек» кеше­ні­нің іске қосылуы «Байқоңырдың» тех­нологиялық әлеуетін арттырып, заманауи зымыран-тасығыштарды ұшыруға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға жол ашатынын мәлімдеп отыр. Сондықтан жоба­ның жүзеге асуы Байқоңыр қала­сы­ның экономикалық және әлеу­меттік дамуына да жаңа мүмкін­дік­тер беретініне сенім нық.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол­дауының арқасында жүзеге асып жатқан «Бәйтерек» жобасы Қазақ­стан­ның ғарыш саласындағы әлеуе­­тін күшейтетін маңызды бас­тама ретінде жоғары мәнге ие. Алдағы уақытта кешеннің толық­қанды іске қосылуы ғарыш қақ­па­сының жаңа даму кезеңіне жол ашып, өңірдің инвестициялық және технологиялық мүмкін­дік­терін арттыруға серпін береріне се­нім зор.

Өңір экономикасына жаңа серпін

Әлемдік ғарыш индустрия­сы­ның қарқынды дамуы ға­рыш айлақтарының эконом­и­ка­лық маңызын да арттырып отыр. Бү­гінде жерсеріктік байланыс, ин­тернет, климаттық мониторинг, ауыл шаруашылығы, геология, на­ви­гация және басқа да көптеген са­лалар ғарыштық технологияларға тәуелді бола бастады. Демек, Бай­қоңырдың келешегі тек зымыран ұшыру көрсеткіштерімен өлшен­бей­ді деген пікір қалыптасып келе­ді. Есесіне, экономикалық белсен­ді­­­лікті арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті кадрларды даярлау және сервистік секторды дамыту тұрғысынан да маңызды рөл атқаруы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, «Бәйтерек» жобасының Қы­зылорда облысының әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына берер мүмкіндігі мол.

«Бүгінде жоба аясында жер­гі­лік­ті халық арасынан 300-ге жуық аза­мат жұмыспен қамтылып отыр. Со­нымен қатар жоғары білікті ма­ман­дарды даярлау жұмыстары жүр­гізіліп, жергілікті кадрлардың кә­сіби құзыреттерін арттыруға жағ­дай жасалуда. Жобаның маңызы тек зымыран ұшырумен шектелмейді. «Бәй­терек» – Байқоңырдың ұзақ­мер­зім­ді даму перспективаларымен тіке­лей байланысты стратегия­лық жоба. Оның іске асырылуы қа­ла­ның инженерлік, энергети­калық, ком­муналдық және әлеу­мет­тік инф­­рақұрылымын одан әрі дамы­ту­ға жаңа мүмкіндік береді. Өйт­кені заманауи ғарыш ай­ла­ғының тиімді жұмыс іс­теуі үшін оның ин­женерлік-ком­му­налдық инф­­ра­құрылымы да за­­­манауи та­лап­тарға сай болуы қа­жет. Осы бағытта облыс әкімдігі тара­п­ынан Бай­қоңыр қаласының ком­мунал­дық және энергетикалық жүйе­лерін кезең-кезеңімен жаң­ғыр­ту мәселесіне де ерекше көңіл бө­лініп отыр. Жалпы, «Бәйтерек» жобасы Бай­­қоңыр үшін жаңа даму кезеңі­нің басталуына негіз болады деп есеп­тейміз. Ол ғарыш айлағының тех­никалық мүмкіндіктерін кеңей­тіп қана қой­май, жаңа жұмыс орын­дарын ашуға, жергілікті кадр­лар­­дың әлеуе­тін арттыруға, ғы­лы­ми-техни­калық ортаны дамы­ту­ға және эко­логиялық қауіпсіз­дік­ті күшейтуге мүм­кіндік береді. Бай­қоңыр – Қазақстанның ға­на емес, бүкіләлемдік ғарыш са­ласының тари­хында өзіндік ор­ны бар біре­гей қала. Сондықтан оның тарихи маңызын сақтай оты­рып, заманауи технологиялар, эко­логиялық қауіп­с­іздік және тұ­рақ­ты инфра­құры­лым негізінде жаңа даму ке­зеңіне шы­ғаруды мақ­сат тұтамыз», – дейді бұл жө­нін­де Қызылорда облысы әкі­мі­нің орынбасары, Прези­дент­тің «Бай­­қоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай.

Қазір жоба аясында жергілікті ха­лықты жұмыспен қамтуға мүм­кін­дік артқан. Сонымен қатар ин­женерия, автоматтандыру, электр энергетикасы, ақпараттық тех­нологиялар, бағдарламалау жә­не техникалық қызмет көрсету ба­ғыттарында білікті мамандарға сұ­раныс ұлғая түскен. Бұл өз ке­зе­гін­де өңірдегі техникалық және кә­сіптік білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр.

Жаңа мүмкіндіктер алаңы

Негізінен, «Бәйтерек» ке­ше­ні арқылы ғарыш айлағы­ның жұмысы жанданып, Бай­қоңыр­­ғ­а келетін мамандар мен ма­­мандандырылған қызметтердің кө­лемі де артады деп күтілуде. Бұл бірін­ші кезекте қаладағы сервистік инф­рақұрылымға деген сұранысты кү­шейтетін болады. Сондай-ақ жер­гілікті кәсіпкерлер үшін жаңа на­рық қалыптастыра алады деген пі­кір бар.

Бұдан бөлек, «Байқоңырдың» та­­рихи және ғарыштық әлеуеті ту­ризм бағытында да жаңа мүмкін­дік­­терге жол ашатыны айтылады. Со­­нымен қатар кешеннің эконо­ми­­калық және экологиялық тиім­ді­лігі де жоғары бағаланып отыр. 

«Жалпы, «Бәйтерек» жобасы ке­шеннен ұшырылатын «Союз-5» («Сұңқар») зымыран-тасығы­шы­ның отын жүйесінің бұрынғы зы­мыран-тасығыштарға қарағанда экологиялық қауіпсіздігі жоғары болуымен ерекшеленеді. Сон­дық­тан «Бәйтерек» жобасының іске асы­­рылуы «Байқоңырдағы» ға­рыш­­­тық ұшырулардың экология­лық қауіпсіздігін арттыру бағытын­дағы маңызды қадам деп санаймыз. Бұл, әсіресе Байқоңыр қаласы мен оған жақын орналасқан елді ме­кендер­дің тұрғындары үшін айрық­ша маңыз­ды. Ал эконо­ми­калық тұрғыдан алып қарасақ, жоба Байқоңырдың да­му мүм­кін­діктерін кеңейтеді. Оның жүзеге асуы жаңа жұмыс орын­дарын ашу­ға, инженерлік-тех­никалық мамандарды даярлау­ға, заманауи технологияларды ен­гізуге және ғарыш саласына қа­тысты жаңа өндірістік әрі сер­вис­тік бағыттар­дың қалыптасуына мүм­кіндік аша­ды. Сондықтан «Бәй­терек» Бай­қоңырдың жоғары тех­нологиялар мен инновациялар шо­ғырланған орталық ретінде дамуына жаңа серпін береді деп ай­ту­ға болады», – деді  Қайрат Ырза­құлұлы.

Жалпы, «Бәйтерек» жобасын бір ғана зымыран ұшыру кешені ре­тінде қабылдау жеткіліксіз. Яғ­ни бұл стратегиялық жоба Бай­қоңыр­дың технологиялық әлеуетін жаң­ғыртуға, өңір экономикасына ин­вестиция тартуға, жергілікті кадр­лардың біліктілігін арттыруға жә­не жаңа кәсіпкерлік бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.

Осы тұрғыдан алғанда «Бәй­терек» жобасы Байқоңырдың жаңа тынысын ашатын маңызды қадам ретінде жоғары маңызға ие. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы