Қазақстандағы ең бай 50 кәсіпкердің бірі Рамиль Мухоряпов туралы не білеміз?
Қазақстандағы ең бай 50 кәсіпкердің бірі Рамиль Мухоряпов туралы не білеміз?
© aikyn.kz
Кешелі бері отандық кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты пікірі қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Қазақтілді аудитория Chocofamily бизнесіне бойкот жариялап, оның өнімдеріне балама ұсына бастады. Осы ретте Aikyn.kz қазір қызу талқыланып жатқан «Рамиль Мухоряпов кім?» деген сұраққа жауап іздеп көрді. Рамиль Мухоряпов – Chocofamily Holding компаниясының негізін қалаушылардың бірі және тең иесі. Forbes Kazakhstan-ның зерттеуі бойынша 2019 (50-орын), 2020 (45-орын), 2021 (48-орын) жылдары Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына енген. Сонымен қатар 2021 жылдың маусым айында «Отбасы банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Одан бөлек YPO Kazakhstan және AlmaU қамқоршылар кеңесінің мүшесі.   Chocofamily Holding қандай компания? Chocofamily Holding 2016 жылы құрылған. Оның құрамына Chocolife.me купондары, Aviata/Chocotravel біріккен туристік компаниясы, интернет-дүкендер Chocomart.kz, Lensmark.kz, тапсырыс беру және жеткізу қызметі Chocofood.kz, дәрігерлерді іздеу қызметі iDoctor.kz, онлайн сатып алу мен қызметтерге ақы төлеу, кешбэктер мен «Рахмет» бонустарын алуға арналған мобильді қосымша кіреді. Pk.uchet.kz сайтындағы мәліметке сәйкес, компания 2016 жылдан бері мемлекетке салық төлеп келеді. 2022 жылы төлеген салық мөлшері – 15 731 789 теңге болған. Компанияның 2022 жылғы нақты кіріс мөлшері жайлы ақпарат жоқ. Ресми емес деректерге сәйкес жылдық табысы – 17 миллион доллар. Холдинг құрамындағы Aviata, Chocotravel, Chocofood.kz, Chocolife интернет-дүкендері Қазақстандағы ең ірі 40 интернет-сауда алаңының тізіміне енген.
Атауы 2021 жылғы кіріс мөлшері, млн доллар Рейтингтегі орны
1 Aviata 160 млн доллар 3
2 Chocotravel 37,5 млн доллар 15
3 Chocofood.kz 17,8 млн доллар 22
4 Chocolife 1 млн доллар 39
  Chocofamily Holding бизнесіне бойкот «Егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениеттің белгісі». Отандық кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың осы пікірі халықтың ашуын тудырды. Қазір әлеуметтік желі қолданушылары белсенді түрде Choco өнімдерінен бас тартып, мобильді қосымшаларын өшіріп, PlayMarket, AppStore платформаларында наразылық білдіріп, пікір қалдырып жатыр. Компания бірер сағаттың ішінде бірнеше мың қолданушысынан айырылып қалды. Ал бүгін Chocolife Instagram-дағы парақшасында алғаш рет қазақ тілінде жазба жариялады. Кешегі наразылықтан соң жыл соңына дейін барлығын қазақ тіліне аударамыз деп кешірім де сұраған. Бір айта кетерлігі, компания елде 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанымен, бұған дейін әлеуметтік желіде бірде-бір рет қазақ тілінде жазбаған.