Утилизациялық алым дауының қайта тұтанатын түрі бар. Соңғы уақытта шетелден көлік әкелген азаматтар утилалым құнының қайта өсіп кеткенін айтып, шағымдана бастады. Кезінде «Оператор РОП»-тан құтылып, қуанған жұртшылық жаңа «Жасыл дамуға» өкпелі. Яғни, жаңасы ескісінің жолын қайталамаққа ұмтылатындай.Баяғы жартас – бір жартас
Жыл басындағы келеңсіз оқиғалардан кейін халықтың талабымен утилалым мәселесі қайта қаралғаны есімізде. Автокөлік иелерінен жылдар бойы негізсіз алым жинап келген «Оператор РОП» атты жекеменшік фирма жойылып, жиналған ақшасын жеңілдетілген автонесие ретінде таратқан еді. Осы арқылы қоғамның сенімі ояна бастаған. Утилалым мөлшері 50 пайызға кемігенде жұрт шетелден өзі қалағандай автокөлік әкелетініне қуанған. Құдды, көлік арзандайтындай көрінді. Дегенмен бұлай емес сияқты. «ӨКМ Операторы» ЖШС орнына Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалған мемлекеттік «Жасыл даму» АҚ-ның жұмысындағы олқылықтар мен түсініксіз тірліктер азаматтардың шағымын тудыра бастады. Мәселен, таяуда ақтөбелік қоғам белсендісі Асланбек Есов Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін мен «Жасыл даму» ұйымын сотқа беру үшін құжаттар жинап жатқанын мәлімдеді.
– 2022 жылы 2 маусымда Toyota Hilux 2.7 пикапы үшін утилизациялық алым төледім. «Жасыл даму» сайтында 1 млн 148,6 мың теңге алым төлеуім қажеттігі көрсетілген есепшот шықты. Бұл сома қайдан шықты деп байыбына барсам, алым құнын автомобильдің толық массасынан есептепті. Толық масса дегеніміз – багажы толтырылған және салонына жолаушылардың толық саны отырған кездегі салмағын қоса алғанда, көліктің жүктелген жалпы салмағы деген сөз. Осыдан сұрақ туады. Әрине, оған сену қиын, бірақ егер осы машина ұзақ жыл шыдап, ақыры утилизацияға дейін жетсе, онда оны жоюға тапсырған адамнан багажын жүкке, ал салонын жолаушыларға толтырып әкелуді талап ете ме? Солармен бірге жоя ма? Мұны қайдан шығарып жүр? Адамдарды кез келген жолмен көбірек төлеуге мәжбүрлемек пе? Аталған көліктің өз массасы, бос салмағы 2100 келі ғана. Бұл жағдайда алым сомасы екі есе аз болуға тиіс. Бұлар оның толық салмағын басшылыққа алып отыр, – деп ашыныпты азамат.
Қоғам белсендісі салаға жауапты Экология министрлігінен жауап күтетінін жеткізген. Соның негізінде сотқа талап арыз түсіруге ниетті. Қолында барлық құжаты бар. Сонымен қатар Асланбек Есов қазақстандықтарды мазалаған тағы бір маңызды проблемаға назар аудартты.
– Мен автомобильді сатып алғанда, утилалымды толық төлеймін. Бірақ біраз уақыттан соң ол машинаны басқа елге сатып жіберемін. Мұндай деректер жетерлік. Бұл жағдайда «Жасыл даму» маған әлгі қызметті көрсетпеген болып шығады. Себебі көлікті кәдеге жаратқан жоқ, жарата да алмайды. Ендеше ол менің төлеген ақшамды толық көлемде қайтаруға міндетті. Заң да, қисын-логика да осылай дейді, – деді ол.
Алайда бұл заңнамада мүлде қарастырылмапты. Бұрынғылар «Оператор РОП» ЖШС-іне арналған заңды да соған қолайлы етіп жазды. Заңнамада ӨКМ операторы алдында халық пен бизнестің міндеттемелері ғана тәптіштеп жазылып қойылған. Мысалы, 2021 жылғы 2 қаңтарда қабылданған жаңа Экологиялық кодекстің 332-бабына сәйкес, утилизациялық алым төленетін тауарларды Қазақстан аумағына әкелген жеке және заңды тұлғалар «осы тауарлардың адамдардың өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін төмендету мақсатында өзіне кеңейтілген міндеттемелер қабылдайды». Яғни, оператор компанияға алым төлеуі керек. Ал Экология министрлігінің түсіндіруінше, Экологиялық кодекске сәйкес, ӨКМ операторы тек артық төленген соманы ғана қайтарады. Оның өзінде азамат не өндіруші компания аталған оператор салық органына корпоративті табыс салығы туралы декларация тапсырғанға дейін 30 күн бұрын өтініш беріп үлгеруі керек. Бұл талап аталған кодекстің 389-бабының 1-бөлімінің 4-тармақшасында жазылған. Демек, нормалардың барлығы әуелде таразыға салынбастан, бір тараптың мүддесі үшін құрала берген.
Басты саланы алға бастырмауда
Біз осы мәселені бұрын да қозғаған едік. Утилалымның ауыл шаруашылығына орасан зиян тигізіп отырғанын «Атамекен» ҰКП-ның Агроөнеркәсіп кешені және тағам өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев осыған дейін бізге бірнеше рет айтқан болатын. Негізі, пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттары бойынша тракторлар, комбайндар мен ауыл шаруашылығы саласындағы басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Бізде техникалардың тозбағаны жоқ, ауылдық жерлерде жарты ғасырға жуық жер жыртып жүрген темір-терсектер де кезігеді. 2019 жылы салада қолданылған техниканың 60 пайызының мерзімі өткені анықталған. Бірақ бәрі қолданыстан шығарылмады. Себебі орнын басар жаңа техника жоқ. Енді биыл, арада 3 жыл өтісімен бұл көрсеткіш 80 пайызға жетті. Жаңарта қояр қаржы жоқ, шаруалар шетелден техника алғысы келген күннің өзінде жол тосатын бірнеше жайт бар.
– Ауыл шаруашылығы техникасының паркі ескірген соң саланың дамуы кенжелеп қалды. Еліміздегі жалпы техниканың 80 пайызы тозған. Барлық шаруаның техникасын жаңартуға шамасы жетпейді. Көптеген ұсақ фермер тіпті отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алмай жүр. Ал импорттық ауыл шаруашылығы техникасына енгізілген утилалымы мәселені одан сайын күрделендірді. Қазір фермерлер өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кезде оның құнына қосымша 7 миллион теңгеге дейін утилалым төлейді. Бұл аздай, 12 пайыз мөлшерінде қосымша құн салығы бар. Мынадан кейін фермерлер мүлде техникасын жаңарта алмайды, – деді Есенеев.
Жаңа техникаға утилалым алсын дейміз ғой, мейлі, бірақ Экология министрлігі одан да сорақыға барғалы отыр. Енді ауыл шаруашылығы техникаларына арналған қосалқы бөлшектерге де утилалым енгізуді жоспарлапты. Экология министрі Серікқали Брекешевтің «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің жекелеген түрлерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығының жобасы талқылауға шығарылды. Бұдан бұрынғы Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев 2019 жылы ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алым енгізгенін білеміз. Қаңтар оқиғаларынан кейін жауаптылар ауыл кәсіпкерлерінің ашынған үніне құлақ асқандай болып, алым сомасын екі еседей азайтты. Бірақ алымды түгел жоймады. Аздаған жеңілдік саланың дамуына күш бере қойған жоқ, есесіне министрлік бөлшектерге утилалым енгізу арқылы мәселені одан әрі күрделендірді. Ауызекі тілмен айтқанда, «запчастілерге» де утилалым төлейсіз. Бұдан кейін шаруалар қалай ашынбайды? Қазір «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы шығып отыр. Палатаның Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеев шешім күшіне енсе жағдай тіптен қиындайтынын айтып отыр.
– Бұйрық жобасында дөңгелекті тракторлар, жартылай тіркемелер, соның ішінде ершікті тартқыштар үшін утилалым жиналатыны көрсетілген. Ал соңғы 3 жылдағы ахуалға талдау көрсеткендей, Қазақстан жыл сайын орта есеппен 5 692 тракторды шетелден тасиды: 2019 жылы – 6 930, 2020 жылы – 5 385, 2021 жылы – 4 763 трактор әкелінді. Бұл техника фермерлеріміз арасында үлкен сұранысқа ие. Құжаттағы өзге тауарлық позициялар бойынша ауыл техникасын жөндеуге арналған запастық бөлшектердің барлығы дерлік импортталады. Тауарлардың аталымы 1 мыңға дейін жетеді», – деді маман.
Мысалы, 2021 жылдың қорытындысында, жобада көрсетілген СЭҚ ТН (сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасы) 8409990009 коды бойынша запастық бөлшектердің импорты – 65,1 миллион долларды (шамамен 31,6 млрд теңгені), ал СЭҚ ТН 8708509909 коды бойынша – 7,7 млн долларды құраған. Есенеевтің айтуынша, қазір ӨКМ операторы ауыл шаруашылығы техникаларынан алым жинап отыр. Яғни, аграршыларымыз, фермерлер ол алымды техника, ауыл шаруашылығы көлігін сатып алғанда бірден төлейді. Енді сол көлік сынып қалғанда, ауыл шаруашылығы өндірушісіне дәл сол көлікті жөндеу үшін тағы алым төлеуге тура келмек. Сондықтан қосалқы бөлшектерден алым жинауды абсурд деп санаған жөн. Оның үстіне, Экология министрлігі қырғидай тигелі отырған қосалқы бөлшектер елімізде шығарылмайды. Ұлттық палата мен ауыл кәсіпкерлері Экология министрлігінің бұл тірлігі ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттауына соқтыратынын, ауыл шаруашылығын дамытуға соққы беретінін ескертті. Ескі тәсілден бас тартпаған жауаптылар ауылды қаусатып тынбаса игі еді.
Қорыта айтқанда, қазір «Жасыл даму» мен Экология министрлігінің бағыты ақылға қонбай тұр. Керісінше, көлікті болып, шаруа істеймін дегеннің жолына кедергі қоюмен көзге түсуде. Бұл әрекет ертеңгі күні қоғамда тағы дүмпудің тууына себепкер болса таңғалмаймыз. Жалпы, Экология министрлігінің соңғы кездегі бір де бір жоспары көптің көңілінен шыққан жоқ. Шамасы, Брекешов қол астындағы министрлікті бюджетке молдап қаржы түсіретін құрал ретінде ғана қарайтындай. Ал ескі жолды үлгі тұтқан «Жасыл даму» жаңа жолға түспейтінін анық аңғартты.