Бірліктегі балалар балабақшада оқып жүр
Бірліктегі балалар балабақшада оқып жүр
623
оқылды
Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданы Ақүйік ауылдық округіндегі білім ошағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Соған орай ауыл балалары екі қабатты жаңа балабақша ғимаратында оқып жүр. Негізінен бұған дейін балаларға сапалы білім беруге негіз болған Бірлік ауылындағы С.Қошанов атындағы №55 мектеп әу бастан асар әдісімен салынған. Алғашында ауылдан шыққан азаматтың қолдауымен типтік жобада қолға алынған бұл мектеп бір се­бептерге орай тұралап, құрылысы аяқсыз қалып қойған. Бірнеше жыл бойына сақалды құрылысқа айналып, жартылай салынған нысан кейіннен 2000 жылдардың тұсында ауыл халқының ықпалымен асар әдісімен пайдалануға беріліпті. Дейтұрғанмен, типтік жобадан асар әдісіне ауысқан білім ошағында барлығы талапқа сай деуге келмейді. Негізгі ғимаратта спорт залы, асханасы секілді орындар қам­тылмаған. Соған орай мектеп ғимараты ар­ты­нан 2014 жылы қосымша нысан салынған. Биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі туындады. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ғимарат балаларға сапалы білім беруде талапқа сай келмей тұр. Жаңа оқу жылы басталған тұста күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған.
«Жалпы ауылдың тіршілігі жаман емес. Соның ішінде ауылымыздағы асар әдісімен салынған мектебімізге күрделі жөндеу жұ­мыстары қолға алынып отыр. Оған облыстық қазынадан 400 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Білім ошағы жөндеуден өткізіліп жатқанына орай балаларымыз биыл ғана бой көтерген 90 орындық балабақша ғимаратында оқып жүр. Сондай-ақ кейбір балалар мектеп артындағы қосымша ғимаратта да білім алуда. Негізінен құзырлы орындарға ауылға тип­тік жобадағы жаңа мектеп салыну қа­жеттігі туындап тұрғанын айтқан болатын­быз. Алайда, бұл талабымыз әзірге аяқсыз қалып тұр. Ақыры күрделі жөндеуден өткі­зуге шешім қабылданды. Жалпы ауылға жаңа мектеп салынса деген өтінішіміз бар», – дейді ауыл ақсақалы Әріпбек Асанов.
Ауылдағы балабақша ғимаратының да тозығы жеткен. Бұл балабақшаның апатты деп танылуына орай биыл ғана 90 орындық жаңа балабақша ғимараты бой түзеген. Әлі де ашылу салтанаты болмаған осы су жаңа нысан бүгінде балаларға уақытша білім алуға беріліп отыр. Ал бүлдіршіндер әлі де сол баяғы апатты жағдайдағы балабақша ғимаратында тәрбиеленіп жатыр екен.
«Негізінен балабақша ғимараты апатты жағдайда тұр. Бұл нысан 1965 жылы тұрғы­зылған. Соған орай жергілікті әкімдікке қол­қа салып жүріп, жаңа балабақша салуға қар­жы бөлінді. Соған сәйкес биыл екі қа­батты су жаңа ғимарат бой түзеді. Бүгінде тиісті жұмыстар толықтай аяқталып, бала­бақша ғимараты балаларды қабылдауға толықтай дайын. Алайда білім ошағындағы ахуалға байланысты әлі күнге ашылмай тұр. Межеге сәйкес, бір-екі айдың көлемінде мек­тептің жөндеу жұмыстары толық аяқта­лады деген ақпар бар. Сол уақытта жаңа балабақша балалар игілігіне есігін айқара ашады деп үміттенеміз. Біздің де басты тілегіміз – мектептің жөндеу жұмыстары жеделдете аяқталып, бүлдіршіндер жаңа балабақша ғимаратына көшірілсе», – деп ойын толықтырды ауыл тұрғыны.
Бүгінде аталмыш білім ошағында ша­тырын ауыстыру, еденін жаңалау сынды жұмыстары жүргізіліп жатса керек. Жөндеу жұмыстарына ауыл халқы тартылған. Осы мәселе төңірегінде Жаңақорған ауданы әкімдігіне хабарласып, мәселенің мән-жайына қанықтық.
«Бірлік ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары барлық талапқа сай межеленген уақыт шеңберінде жүргізілуде. Жақын уақытта жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, екінші тоқсанда оқушыларға есігін айқара ашатын болады. Бүгінде балалардың жайлы білім ошағында сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктер жасалуда. Содан кейін жаңа балабақшаның салтанатты ашылуы болып, бүлдіршіндер ескі ғима­раттан заманауи жаңа ғимаратқа көшірілетін болады», – деп хабарлады Жаңақорған аудандық әкімдігінен.
Ал Ақүйік ауылдық округі әкімі тара­пынан жөндеу жұмыстарында ешқандай ке­дергі болмайтынын, балалардың қауіп­сіздігіне алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін жеткізді.
«Мектепке жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілуде. Нақты уақытта еденін жаңалау, төбесін жабу жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы ауылда 570-тің үстінде бала білім алады. Бүгінде жөндеу жұмыстарына байланысты жаңа балабақша ғимаратында төменгі сынып оқушылары оқып жатыр. Ал жоғары сынып оқушылары қосымша ғи­ма­ратта білім алуда. Негізінен ауылда 2 600-дің үстінде халық тұрады. Биылғы негізгі жаңалығымыз – ауылға газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Ауыл тұрғындарын көптен күткен көгілдір отынмен қамту мәселесі таяу күндері шешіледі деп күтілуде. Ауылдың негізгі тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Бұл тұрғыда да атқарылған жұмыстар ауқымды», – деп түсіндірді бұл жайында ауыл әкімі Азамат Мамеков.
Жалпы құзырлы орындар тарапынан мектептің күрделі жөндеу жұмыстары алдағы қараша айында толықтай аяқталып, пайда­лануға берілетініне сендіріп отыр. Ескі ғи­маратта әупірімдеп тәрбиеленіп жатқан бүл­діршіндеріміздің де жаңа балабақша­ның игілігін көретін күні алыс емес екенін жеткізді. Қорыта айтқанда, бала қауіпсіздігін қаперден шығармай, балалар өз мектебіне, бүлдіршіндер жаңа балабақша ғимаратына жеделдете орналастырылуы тиіс. Бұл «Балалар жылы» аясында балғындарымызға жасалған үлкен сый болар еді.

Қызылорда облысы