Тәтті түбір – табыс көзі
Тәтті түбір – табыс көзі
718
оқылды
Кейінгі жылдары Жамбыл об­лысында қызылша шаруа­шы­лы­ғы қарқынды дамуда. Тәтті тү­бір­ден де мол табыс түсіруге бо­ла­тынын түсінген еңбек адамдары жылда егістік алқабын ұлғайтып, өнімділікті арттыра түсуде. Биылғы жылы қант қы­зылшасы облыс бойынша 5,5 мың гектарға егілсе, келер жылы бұл көрсеткіш екі есе артады деген болжам бар. Облыс әкімдігі Ауылшаруашылық басқармасының басшысы Ербол Жиен­құловтың айтуынша, шаруалардың тәтті түбір шаруашылығын қолға алуына мемлекет тарапынан төленетін субсидия көлемінің 15 теңгеден 25 теңгеге артқаны сеп болуда екен. Ал 2023 жылы субсидия құны бір тоннаға 40 мың теңге болады деп көзделуде. Қант зауыттары 15 мың теңге төлесе, мемлекет тарапынан 25 мың теңге берілмек. Осының арқасында билік өкілдері келер жылы қызылша алқабын 10 мың гектар жерге жеткізу жоспарланған. Биыл облыста 5,5 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылса, оның ішінде Байзақ ауданында – 1000 гектарға, Жамбылда – 730 гектарға, Меркіде – 1780 гектарға, Т.Рысқұловта – 145 гектар және Шу ауданында 1820 гектарға тәтті түбір егілген. Аталған аудандарда 70-тен аса шаруашылық қант қызылшасы ша­руашылығымен айналысса, бүгінгі күні Байзақ, Жамбыл, Меркі, Шу ауданда­рын­дағы 16 шаруа қожалық жиын-терін жұмыстарын бастап кетті. Бүгінге дейін 160 гектар алқап­тан 12 946 мың тонна өнім жиналса, оның 11 076 тоннасы қант зауыттарына өт­кізілген. Ал облыс бойынша әр гек­тардан алынған орташа өнім 630 цент­нерді құраса, Меркіде – 800, Жамбыл­да – 455, Байзақта – 410 және Шу ауда­нында – 350 центнерге жеткен. Жиын-терін жұ­мыстарына барлығы 29 техника жұ­мылдырылып отыр. Жалпы Жамбыл облысы қант қы­зылшасын өсіру бойынша 2015 жылдан бері жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл сайын мемлекет тарапынан көрсе­тілетін қолдаудың нәтижесінде ай­мақтағы диқандар шетелден жоғары өнімді тұқымдар да сатып алуда. Өңірде тәтті түбір өсірумен 82 шаруа қожалық айналысса, меркілік диқандар көш басында тұр. қызылша Қазір шаруалардың ала жаздағы бей­неттерінің берекесін көретін кезі. Сон­дықтан еңбек адамдары күздің әр күнін қалт жібермей, науқандық жұмысты қыздыруда. Меркі ауданы бойынша 1 780 гектарға 29 шаруашылық тәтті түбір ексе, соның 11 шаруашылығы қант зауытына әзірге 9 269 тонна өнімдерін өткізген. Аудан­дағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Сыпатай батыр» серіктестігі биыл 130 гектар жерге қызылша егіп, бүгінгі таңда әр гектардан 500-800 центнерден өнім алуда. Шаруашылық басшысы Қанат Шайхиевтің айтуынша, бидай, арпаға қарағанда қант қызылшасын егу өте та­бысты екен. Егер техникамен жабдықталу түгел дерлік өзіңнен болса, пайданы еселеп шығаруға болады.
– Биыл табысты, өнімге мол жыл болды. Шаруашылық науқанға үл­кен дайындықпен кірісті. Техникалар алдын ала тексеруден өтіп, май-суын дұрыстадық. Қазір 500-800 центнерден өнім жинаудамыз. Жекелеген жерде бір түбі 10 келіден асатын дақылдар бар. Мен қант қызылшасын егудің қыр-сырын жетік меңгердім. Тәжірибемді шет елдерге барып шыңдадым. Түркия, Фран­ция елдерінің дала алқаптарында болдым. Ол жақта орта түсім – 800-1200 центнер. Оның себебі олар тыңайт­қыш­тарды тиімді пайдаланады. Күзде жерге аммофосты ендіріп, содан соң жыртса, ол топыраққа жақсы араласып, жауын-шашынмен бірге әбден жерге сіңеді. Менің ойымша, жерге тыңайтқыш бер­мей ешнәрсені егудің тиімділігі жоқ, – дейді шаруашылық басшысы.
Сонымен қатар «Сыпатай батыр» ша­руа қожалығы жоғары сұрыпты арпа, би­дай тұқымдарын өндіруде. Алдағы жы­лы шаруашылықтың 50 гектар алқа­бына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің бастамасымен Қазақ ғылыми зерттеу орталығынан 24 түрлі бидай тұқымын және осы шаруашы­лықтың өсіріп отырған 4 жоғары сұрыпты өнімдері егіліп, тәжірибе жүргізілмекші. Қай бидай тұқымы жақсы өнім берсе, сол бидайды облыстың басқа аймақтарында өсіріп, көбейту қолға алынады. Қазіргі таңда тәжірибелік алқапта жерді тыңайту, жыртып, тырмалау жұ­мыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық шығынды облыс әкімдігі мен ғылыми зерттеу орталығы өз қаражаты есебінен көтеріп жатыр. Иә, биыл шаруаларға жемісті жыл болғаны анық. Себебі барлық салада өнім еселеніп жиналады. Ең бастысы, ала жаздай еңбек еткен диқандардың маңдай тері еш кетпегені қуантады.

Жамбыл облысы