Дала демократиясын дамытпақ
Дала демократиясын дамытпақ
608
оқылды
Елордада президенттікке «Ауыл» халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партия­сынан кандидат атанған Жигули Дайрабаевтың республикалық штабының ресми ашылуы өтті. Кандидаттың респуб­ликалық штабының басшысы Төлеу­тай Рахымбеков штаб жұмысын бас­тай отырып, әуелі құттықтау сөз сөйлеп, сайлау науқанын өткізу жоспарлары туралы баян­да­ды.
«Үгіт-насихат жұмыстарымен Қазақстанның барлық елді мекенін, атап айтқанда, 88 қа­ланы, 30 кентті, барлық 20 өң­ірде ор­наласқан 6 000-нан астам ауыл­дық елді мекенді қамтуды жос­пар­лап отырмыз. Біздің кандидат пен сенімді тұлғалардың сапар­лары «Есіктен есікке» форма­тында өтеді. Барлық іс-шара уа­қы­тын­да өткізіледі. «Ауыл» пар­тиясынан кандидат Жигули Дайра­баев­тың бағдарламасы мен ұсыныстары өз жақтастарын табады деп үміттенеміз», – деп атап өтті Төлеутай Рахымбеков.
Оның айтуынша, кандидатты қолдау жөніндегі штабтар республикалық маңызы бар үш қаланы қоса алғанда, еліміздің барлық 20 өңірінде бар. Сондай-ақ барлық 164 ауданда және 37 облыстық деңгейдегі қалада 222 штаб ұйымдастырылды. Прези­денттікке кандидат Жигули Дайрабаев партия мүшелеріне сенім білдіргені үшін алғыс ай­тып, іс-шараға қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарла­ма­сымен таныстырды.
«Менің сайлауалды бағдар­ламам біздің басты ұлттық ар­тық­­шылықтарымыз – дала демо­кратиясы қағидаттарын; жо­ғары рухани-адами мәдениетті; күшті аграрлық саланы және мықты өңірлерді барынша іске асыруға негізделген жаңа Қазақстанды құруға бағытталған. Ата-баба мұрасын қас­терлеп құрметтейтін және ұлттың болашағы үшін шын пейіл­мен алаң­дайтын әрбір қа­зақстандық менің бастамала­рым­­ды қолдайтынына және Қа­зақстанды одан әрі дамыту жө­ніндегі ортақ істің қозғаушы күшіне айналатынына сенім­дімін», – деді кандидат Дайрабаев.
Сонымен қатар іс-шарада кандидаттың жақтастары, фер­мерлер мен партияның жастар қанатының белсенділері сөз сөйлеп, қолдау білдірді.