"Сараптама тағайындалды": Бас прокуратура Рамиль Мухоряповқа қатысты мәлімдеме жасады
"Сараптама тағайындалды": Бас прокуратура Рамиль Мухоряповқа қатысты мәлімдеме жасады
Фото:instagram.com/rrm777
520
оқылды
Қазақ тілінде сөйлейтіндерді кемсіткені үшін басы дауға қалған кәсіпкер Рамиль Мухоряповты Алматы қаласы Полиция департаменті тексеріп жатыр. 
«Менің білуімше, Рамиль Мухоряповты қазір Алматы қаласының Полиция департаменті тексеріп жатыр, тиісті сараптама тағайындалған. Сараптама қорытындысы бойынша баға беріледі», – деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Чиндалиев журналистерге.
Еске салсақ, кәсіпкердің мәдениет пен қазақ тіліне қатысты сөздері жұртшылықтың ашу-ызасын туғызған еді. Күні кеше жиындардың бірінде Мухоряпов орысша сұраққа қазақша жауап берген азаматтардың бойында «сәл ұлтшылдықтың көрінісі барын, бұл жағдай үлкен мәдениеттің белгісі емес екенін» айтқан.
«Егер мұндай болса (орысша сұрағандарға қазақша жауап беріп жататын болса) қатты қапаланар едім. Меніңше, бұл сәл біртүрлі. Сәл ұлтшылдықтың көрінісі. Бұл үлкен мәдениеттің белгісі емес. Біздің қонақжайлығымыз бәрін көтеріп кетуі керек», – дейді ол.
Қазақ тіліне қатысты осы аты шулы мәлімдемесінен кейін басы дауға қалған Chocofamily Holding басшысы Рамиль Мухоряпов Instagram желісінде қазақстандықтардан кешірім сұрады. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қазақ тіліне қатысты дөрекі мәлімдемесінен кейін қазақстандықтардың сынына ұшыраған кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етті.