Белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтің шығармалары қазақ оқырмандарының ғана емес, әлем жұртшылығының назарында. Бұл сөзімізге қаламгердің 80 жылдық мерейтойы аясында Алатау баурайында өткен ІІ халықаралық театр фестивалі дәлел. Ал жақында әдебиет әлеміне өзіндік өрнек салған дара тұлға «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Осыған орай жазушымен тілдесіп, қазіргі қазақ әдебиеті, шығармашылық ізденістері жайлы сұхбаттастық.
Өз әдебиетімізді насихаттауға шорқақпыз
– Дулат ағай, сізді 80 жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймыз! Сіз әр мерейтойыңыз сайын халықаралық театр фестивалін өткізуді қолға алған бірден-бір қаламгерсіз. Фестивальдың мақсаты мен сіз үшін маңызы қандай?
– Асылық сөйлеу емес, бірақ менің пьесаларым шетелде қойылып жатыр. Фестиваль өткізудегі мақсатым – сол театрларды Алматыға әкеліп, өзіміздің театрларды таныту, ал отандық театрларға өзгенің қойылымдарын көрсету. Басқалар қазақ шығармасын қалай қойып жатыр? Шетелде қазақ драматургиясы жайлы пікір жоқ десек те болады. Қазір менің пьесаларым ондаған шетелдік театрда қойылып жүр. Кейбірі, мәселен аустриялықтар «Қазақстан» деген елді мүлдем естімеген. Олар бізде әдебиет бар деп ойламайды. Мына тұрған Петербургте пьесам қойылғанда бір журналист: «Қазақ драматургиясы Петербург сахнасында қойылатындай деңгейге жетті ме? Әлде бұл кездейсоқ оқиға ма?» деп сұрақ қойды. Бұл – қаламгердің арына тиетін сұрақ. Бұған мен емес, Малыщицкый театрының режиссері ашуланып: «Осындай шовинистік пікірді қашан қоясыңдар? Қазақ әдебиеті орыс әдебиетінен озбаса кем емес. Оқып көріңдер» деп жауап берді. Лондонда пьесам қойылғанда да жұрт: «Бұл қай елдің драматургі? Қазақстан деген қандай ел?» деп таңғалды. Қазақстанды саясаткерлер мен экономистер білуі мүмкін. Ал халық біле бермейді. Олар бізде әдебиет бар деп те ойламайтын сияқты. Осы сеңді бұзу керек болып тұр. Әлем жүртшылығының назарын бері қарату керек. Бірнеше жыл бұрын Лондондағы Лордтар палатасындағы кездесу маған өте қатты әсер етті. Сонда мен: «Мәдениеттің қайнар көзі – шығыста. Тіпті, сіздердің фамилияларыңыздың өзі шығыстан. Сондықтан біздің әдебиетке зер салып көріңіздер» деп баяндама жасадым. Мендегі мақсат – қазақ әдебиеті мен драматургиясын шетелге таныту. Шығармаларым еліміз бен туысқан республикаларда ғана емес, Еуропада қойылып жатса, бұл – әлемдік деңгейге ашылған жол. Осыдан кейін әлем елдері біздің әдебиетімізге қызығушылық таныта бастайды. Шетелдік журналистер «Нобель сыйлығына лайықты жазушы Қазақстанда бар ма?» деп сұрады. Мен Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік пен Бексұлтан Нұржекеұлын атадым. «Өзіңізді ұсынасыз ба?» деді. «Әзірге ондай ойым жоқ. Осы үшеуінің біреуі алған соң ойланамын» дедім. Осының өзі қазақ әдебиетін таныту. Қазақта жақсы нәрсеңді адамдар өзі келіп алып кетеді деген тоғышарлық бар. Сиырыңды, мұнайыңды, ураныңды шетелдіктер алуы мүмкін. Бірақ Мексика мен Колумбиядан «Қазақстанда қандай әдебиет бар?» деп ешкім іздеп келмейді. Сондықтан олардың алдына әдебиетімізді өзіміз апаруымыз керек. Қазір нарықта өтімді тауарларға да жарнама жасайды. Жапон әдебиеті осылай жоспарлы түрде жұмыс істейді. Олар жазушыларының кітаптарын шығарып, кітапханаларға тегін апарып, Нобель сыйлығына дайындайды. Жапондар осылай төрт жазушысына Нобель алып берді, бесінші болып, Харуки Муракамиды дайындап жатыр. Біз осыны игере алмай келеміз. Менің кітабым ағылшын тілінде басылған кезде Лондондағы кітапханаға ресми түрде тапсырдық. Қарасам, кітап сөресінде қазақ әдебиетінде менікі бірінші болып тұр. Қасымдағылар қуанып, құттықтап жатыр. Ал мен опынып қайттым. Неге менікі бірінші тұр? Әуезовтің әңгімелері, классиктеріміздің повестері мен достарымның кітаптары қайда? Бұлардың біреуі жоқ. Демек, біз өз әдебиетімізді насихаттауға шорқақпыз. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп шетелге әдебиетімізді апарып көрсетуіміз керек. Содан кейін ғана қазақ әдебиетіне көңіл бөледі. Елшіліктеріміз де негізгі жұмысы қазақ мәдениетін таныстыру болғандықтан, жиі-жиі әдеби конференциялар өткізуі керек. Біз мәдени майданда белсенді жұмыс істеуіміз қажет.
– «Бөрте» пьесасын Еуропаның 4 елі қатар қояйын деп жатыр. Пьесалары шетелде қойылып жүрген санаулы драматургтың бірісіз. Бұл салаға бет бұруыңыздың сыры неде?
– Драматургия – үлкен әдебиеттің сахналық формасы. Мен басында пьеса жазбаймын деп жүргенмін. Оралхан Бөкей жазбасыма қоймады. Содан қоярда-қоймай жүріп, «Ректордың қабылдау күндері» деген пьеса жаздым. Алғашқы пьесам сәтті шыққаннан кейін сенім оянып, «Әпкені» жаздым. 1978 жылдан бері 44 жыл бойы «Әпке» қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді. Сөйтіп, драматургияға келіп, дәнігіп алдым. Драматургияның басқа роман, прозаларға қарағанда өте маңызды, «жауынгер» жанр екеніне көзім жетті. Өйткені мен қазір «Қарғын» романымды, повестерімді кімнің оқып жатқанын білмеймін. Ал кешке театрда көрерменнің пьесамды көретінін, барғандағы реакциясынан білемін. Осылай менің драматургияға деген ынтызарлығым әр премьера сайын арта берді. Қазір «Бөртені» қосқанда, 28 пьесаның авторымын. Мен санына мақтанып отырған жоқпын. Оның қойылмағаны жоқ. Көп драматург 5 пьеса жазып, министрлікке «қойылмай жатыр» деп хат жазып жатады. Ал мен ешуақытта жаңа пьесамды «қойшы» деп біреуге тықпалаған емеспін. Тәуелсіздіктің арқасында пьесаларым шетелде қойылып, кітаптарым шетелде жарық көріп жүр. Бұрынғыдай Мәскеуге қарап отыратын заман болса, мұның бірі орындалмас еді. Англияда 3 кітабым шықты. Лондонда «Өкпек жолаушы» мен «Аққу жібек» пьесалары қойылып жатыр. Енді «Бөртеге» жаппай кірісу басталды. Швейцария, Аустралия, Люксембург пен Италияның астанасында қойылады. Бөрте жайлы еуропалық режиссер «Біз Шыңғысханды білуші едік, оның әйелі жайлы білмеппіз. Бұл – әлемге ортақ туынды. Бөрте – әйел затының қайталанбас образы. Мен пьеса кейіпкеріне ғашық болдым» деді. Еуропалықтардың қойылымға жай кіріспей, ынтызарлықпен кірісіп кеткені қуантады.
Әр руға бір-бір Бөрте тауып бере алмаймын
– «Бөртеден» кейін ештеңе жазбаймын деп едіңіз. Шынымен де, қолыңызға қалам алмадыңыз ба?
–Иә, «Бөртеден» кейін ештеңе жазған жоқпын. Қазір ойланып жүрмін. Жазуға уақыт та, дайындық та керек. Ойымда екі-үш тақырып бар. Фестивальдан кейін қолыма қайтып, қалам алуым мүмкін.
– «Бөрте» руды көбірек насихаттады деп арагідік айтып қалады. Бұған қалай қарайсыз?
– Жоқ, руды насихаттаған жоқпын. Моңғолдың құпия шежіресінде де, барлық тарихи деректе де қоңыраттарды айтады. Ал мен оны өзгертіп, адай, арғын, қыпшақ дейін бе? Алғашында, моңғолдар осыны қоямыз деген. Одан кейін қоймайтын болды. Себебі «бұлар бәрін қоңырат қылып, Шыңғысханды қазақ деп бізден тартып алмақшы» депті. Мен «Онда Моңғолдың құпия шежіресін өздерің өзгертіп қайта жазып алыңдар» дедім. Құпия шежіре 1240 жылы Шыңғысханның көзі тірі кезінде жазыла бастаған. Кітапта қоңырат деп жазған соң солай алдым. Әр рудың бас-басына бір-бір Бөрте тауып бере алмаймын ғой. Мен пьесаны рушылдықпен жазып отырған жоқпын. Пьесаны жазу туралы идея баяғыда Сәуірбек Бақбергеновтің «Бөрте – Шыңғысханның жұбайы» деген романын оқып шыққаннан кейін пайда болған. Сол кезде неге біз Томиристің, Ұмай ананың етегінен ұстаймыз. Олар қазақ емес. Ал Бөрте таза қазақтың қызы, оның ішінде руы – қоңырат. Ата-бабасының жері – Қаратаудан. Әкесі мал айдап, Моңғолияға барған. Өте бай, атақты адам болған. Бүкіл моңғолдардың билері мен батырлары қоңыратпен құда болғанды жақсы көрген. Тарихта солай болса, мен оны қалай өзгертемін. Бұған дейін Балуан шолақты да жаздым. Сонда ешкім үндеген жоқ. Енді «Бөртеде» руды көп айтыпсыз дейді. Маған олардың руы емес, болмысы керек. Әркім батырлар мен тұлғаларды өз руына тартады. Біздегі ең жаман әдет – осы. Не болса да, Бөрте – ең бірінші қазақ қызы. Керісінше, мақтануымыз керек. Шыңғысханды ақылымен, көркімен бағындырған қазақ қызы екенін айтып. Кезінде Оспанхан Әубәкіров: «Бес миллион қазақта, он миллион ру бар» деп еді. Бас-басымызға бөліне бермей, қазақ болатын уақыт жетті емес пе?
– Көзімнің тірісінде тарихшылардың сынын естіп кетсем деп едіңіз. Тарихшылар не деді?
– Тарихшылардың пікірі әртүрлі. Он тарихшы болса, он түрлі пікір айтады. Бөртені жазу барысында барлық тарихшымен ақылдастым. Олар әртүрлі пікір айтты. Содан кейін: «Тарихты сендер өздерің жаза беріңдер. Мен көркем шығарма жазып жатырмын. Сондықтан бұған таласпаңдар» дедім.