Шымкентте ерлі-зайыптылардың 2 жұбы ұсталды
Шымкентте ерлі-зайыптылардың 2 жұбы ұсталды
© polisia.kz
Шымкентте алаяқтықпен айналысқан алматылық ерлі-зайыптылар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Соңғы үш күн ішінде Абай аудандық полиция басқармасына төрт жеке кәсіпкер арызданған. Олар өз шағымында азық-түлік дүкенінен 25-30 жас шамасындағы бейтаныс адамдар қомақты сомаға сауда жасап, ақысына банк қосымшасы арқылы жалған чек көрсетіп, оқиға орнынан бой тасалағанын айтқан. Жәбірленушілер төленген ақшаның есепшотқа түспегенін білген соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алып, іздестіру жұмыстарына кірісті. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде, Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктілерді қала аумағындағы дүкендердің бірінен қылмыс үстінде құрықтады. Олар төртеу – екеуі ер адам, екеуі әйел болып шықты. Барлығы Алматы қаласының тұрғындары. Күдіктілердің бірі бұрын есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың ерлі-зайыптылар екені белгілі болды. Тергеу барысында жас отбасылардың бірдей схема бойынша әрекет еткені анықталды. Күдіктілер дүкенге кіріп, азық-түлік себетін жинайды, содан кейін төлем кезінде олардың екеуі қызметкерлердің назарын аударады, ал үшіншісі сатушыға жалған чек көрсетіп, төртіншісі жүргізген көлікпен оқиға орнынан кетіп қалып отырған. Сондай-ақ Абай ауданының төрт тұрғыны және Еңбекші ауданының бір тұрғыны алаяқтардың құрбаны болғаны анықталды. Күдіктілер қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер зардап шеккен адамдардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды және осы қылмыстық топқа алданған басқа да азаматтар болса, тез арада арыз түсіруді сұрайды.