Цифрландыру саласына селкеу түсті
Цифрландыру саласына селкеу түсті
© коллаж: Елдар Қаба
508
оқылды
Соңғы жылдары цифрланды­ру саласындағы реформалар жиі айтылғанымен, нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Басқаны ­ысы­ра тұрғанда, интернет мә­селесінің өзі қордаланған кү­йінде. Интернетпен қамтылма­ған ауылдардың жайын айтып жүр­генде қалалық жерде желінің сапасы нашарлады. Ал жа­уап­тылар қамтылу көрсеткішіне күш салып, сапаны ұмыт қалдырса керек. Мәселесі жоқ министрлік Кейінгі айларда халық интернет са­пасының тым нашарлап кеткеніне жаппай шағымдануда. Расымен, оның дәлелін өзі­міз де бастан өткеріп жүрміз. Жуырда Мә­жілістің жалпы отырысында мәселеге алаң­дағандар Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовқа сұрақ жаудырды. Әрине, біз аталған ведомствоны қол қу­сырып отыр демейміз. Алайда себеппен емес, салдарымен күресетін бұрынғы соқ­пағынан айнымай тұр. 2021 жылы елі­мізде байланыс операторларына ин­тернет сапа­сына қатысты 500-ден астам шағым түсіп, 135 млн теңге айыппұл өндірілген екен. Ма­мандар шағымның көптігіне қа­рамас­тан, байланыс операторлары жөнді жаза­ланбайтынын айтумен келген. Не­гізсіз емес, операторлар айыппұлды өтеп, жұ­мы­сын әрі қарай жалғастыра береді. Нәтиже жоқ. Мәселен, биыл алғашқы 9 айда 271 мил­лионға жуық айыппұл өтел­ген. Жыл бітпей жатып былтырғыдан 2 есеге ұлғайған. Ал ведомство өкілі бар болғаны тұты­нушылар интернет сапасының нашарлығы туралы eOtinish жүйесі арқылы министр­ліктің жанындағы Байланыс комитетіне жүгінуге болатынын, заңсыздық анық­талса, айыппұл салынатынын айтумен шектелген. Тұрысов сапа артуы үшін елдің әр өңірінде қосымша интернет мұнара­ларын орнату қажет екенін айтады. Бұл түсінікті, алайда бір қызығы, вице-ми­нистр «тұрғындардың көбі мұнаралардан қорқып, орнатуға қарсы шығуда» депті. Дегенмен біз Әсет Тұрысовтың сөзін негізсіз санаймыз. Өйткені қандай да бір фактіге сүйенбеген. Шамасы, ведомство өкіліне сауал жаудырғанда ақталудың жолын таппаса керек. Шынында, интернет мәселесінде екі себеп бар: біріншісі – ми­нистрліктің белгілі бір дәрежедегі ықпал­сыздығы. Екіншісі – солтүстіктегі көр­шімізге салынған санкциялардың сал­қыны. Қазақстан интернет трафигінің ба­сым бөлігін Ресейден алып келе жатқа­нын айтпасқа болмайды. Статистиканың сапаға қатысы жоқ Ресми деректерге үңілсек, Қазақстанда интернетке қатысты аса бір проблема жоқтай көрінеді. Тіпті, ел аумағы 99 пайыз интернетпен қамтылғаны айтылады. Негізі, бұл – шынайы цифр. Қалай екенін айтып береміз. 2020-2021 жылдардағы пандемия тұсында сапа жақсара түскен, 3G интернет желісі 100 пайыз бар, 4G интернет желісі – 97 пайыз шамасында. Енді қара­ңыз, пандемия кезінде оқушылар онлайн оқып жатқанда, ауыл балалары интернеттің жоқтығы кесірінен қалай бейнет көргеніне бәрі куә. Бірақ мұндай асыра мақтауға құрылған дерек кімдер үшін қажет болды? Сапа – аумақтың қам­тылуына емес, интернет жылдамдығына байланысты. Егер секундына 10 мбитке дейінгіні айтсақ, онда еліміз толық қам­тамасыз етілген. Ал 10 мбит/с-дан асатын жылдамдықты айтар болсақ, аумақта жаппай жақсы деңгей байқалмайды. Яғни, халықтың 50 пайызы­на жетпейтін бөлігі қамтылмаған. Ал мектеп пен әлеуметтік нысандарға келсек, онда жаһандық көр­сеткіш бойынша 20 мбит/с не одан жоғары болуы керек. Бұл тұрғыда Қазақ­станның деңгейі төмен. Жалпы, биыл интернет сапасы мен ба­ғасына байланысты мәселе тіптен ушықты. Кейбір операторлар бағасын ша­рықтатты. Көктемде еліміздегі IT қауым­дастық өкілдері бас қосқаны есте. Сонда жиналған тәуелсіз мамандардың жағдайға көңілі толмаған. Оларды интернет тра­фигін Ресейден алатын байланыс опера­торларының жайы алаңдатқан еді. Өйткені терістіктегі көршіге санкция салынғаннан кейін интернеттің сапасы лезде төмендеді. Оның үстіне, бізде интернет арқылы жұ­мыс істейтін ауқымды жобалар ресейлік серверлерге қосылған. Ол серверлердің де бағасы құбылды. Біз сол кезде IT маман Әлібек Байсейіттен мән-жайды сұраға­нымызда «IT маман ретінде үлкен жобалар мен жұмыс істегенде ресейлік серверлерге қосыламын. Жалға алу есебінде ай сайын ақы төлеймін. Санкциялардан кейін маған хабарлама келді. Серверлерге қосылу құны 1,5 есеге өсті. Интернет сапасы да аздап тө­мендеді. Елімізде ресейлік серверлер арқылы жұмыс істейтін жобалар өте көп. Оларға да қиын соғады. Мұның бәрі ай­налып келіп ел экономикасына кері әсер етеді», – деген болатын. Бірақ тиісті ве­домство трафикті өзге елдерден алу жол­дарын қарастырады деп дәмеленгенбіз. Алайда сарапшы жағдайдың мүлде на­шарлап, интернет сапасы одан әрі төмен­дегенін айтумен шектелді. Саладағылар биліктегілерден трафикті сатып алудың шұғыл басқа жолын іздес­тіруі қажет екенін айтқанына жарты жыл­дан асты. Алайда салаға жауапты ведомство өкілдері мәселеге мүлде алаңдамайтын тәрізді. Жағдай өзгеріссіз – «баяғы жартас, сол жартас». Шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бағдат Мусиннің жұмысына көңілі тол­майтынын айтып, ескерту айтты. Оған дейін де ел сынына қалып жүрген министр міз бақпағандай. Мемлекет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрінің ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жұмысына қанағаттанбайтынын айтқан. «Үкімет ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баян­дауға тиіс. Цифрландыру ісі баяу жүргізі­луде. Менің ойымша, нашар. Есеп коми­тетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық хол­дингінің жұмысын жақсартуды тап­сырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде Премьер-Министр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министр­ге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңыз­ға көңілім толмайды» деген Қасым-Жомарт Тоқаев. Сынға қалған ведомство басшысы аяқасты өндіріп жұмыс істеп жатқанын байқамай келеміз. «Зерде» холдингін жо­йып, ал холдинг құрамына кіретін «Инно­вациялық технологиялар паркі», Astana Hub және QazInnovations агенттігін бір ұйымға біріктіріп, министрліктің тікелей қол астына кіргізгенін өзіне үлкен іс санағандай. Оның айтуынша, мұндай істен 750 миллион теңгеге жуық бюджет қара­жаты үнемделіп, көптеген басшыдан құ­тылып, жұмыста жауапкершілік артады. Бұдан кейін Бағдат Мусин басқалай ісімен көзге түсіп жүрген жоқ. Енді алдағы уа­қыт­та өзгеріс бола қоятынына сену қиын.