Азия чемпионаты: қазақстандық боксшылар жарыс басталмай үш жүлде еншіледі
Азия чемпионаты: қазақстандық боксшылар жарыс басталмай үш жүлде еншіледі
© inform.kz
578
оқылды
Амман қаласында (Иордания) бокстан Азия чемпионаты басталмай жатып, қазақстандық боксшы қыздар үш салмақта жүлделі орынға ие болып тұр, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Нақты  айтсақ, бүгін Амманда алауы тұтанған бокстан Азия біріншілігінде қазақстандық боксшы қыздар Мәдина Нұршаева (66 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) жарыс басталмай жатып-ақ, қола жүлдеге қол жеткізіп тұр. Оған Азия чемпионатына аталған салмақта қатысушылар санының тым аздығы себеп болып отыр. Аталған үш қазақстандық спортшы да жарысты бірден жартылай финалдан бастамақ. Демек, үшеуінің де қоржынында қола медаль бар деген сөз. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатына ел намысын кімдер қорғайтынын жазған болатынбыз. 13 қарашаға дейін жалғасатын турнирдің бүгін алғашқы іріктеу сындары басталып кетті. Аталған додада ерлер – 13, ал əйелдер 12 салмақта кім мықтыны анықтайды. Сары құрлық додасын әдеттегідей Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып ұйымдастырады.