Астана қаласындағы №51 мектеп-гимназиясында «Ұлты үшін туған ұлы тұлға – Мұстафа» атты іс-шара өтті. Рухани кездесу Мұстафа Шоқай есімін ұлықтау, зерттеулері мен ел үшін істеген ісін насихаттауға арналды. Ғалымдар тұлға жайындағы еңбектерімен таныстырып, қызықты деректермен бөлісті. Салтанатты іс-шараға «Мұстафа Шоқай» зерттеуінің авторы, қазақ руханияты үшін ерен еңбек сіңірген аты әлем қазақтарына әйгілі, Түркия мемлекетінің Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, шоқайтанушы Әбдіуақап Қара қонақ болды. Одан бөлек, жиынға мұстафатануға үлес қосып жүрген Әбжәлел Бәкір, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Ұлттық музей, Ұлттық кітапхана қызметкерлері, зерттеуші ғалымдар, білім беру саласы қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Келген қонақтар мұражайда ұлт күрескерінің саяси көзқарастарының қалыптасуына əсерт еткен тарихи оқиғалар мен Мұстафа Шоқайдың шетелдегі эмиграцияда жүрген кезеңдегі атқарған қоғамдық қызметі туралы деректермен танысты. Мұстафа Шоқайдың өмірі, саяси жолы, Түркістан, Кавказ, Түркия, Франция елдеріндегі эмигранттық тағдыры, айдауға түскен кезде көрген ауыртпалықтары айқын көрініс тапқан тарихи туындысынан үзінділер тамашалады. Ізінше жас музейтанушылар ғылыми-зерттеу клубының жұмысына баға берді. Профессор Әбдіуақап Қара мен қоғам қайраткері Әбжәлел Бәкір Шоқайдың өмірі мен қызметі туралы пікір алмасып, дөңгелек үстелде кеңінен көсілді. Тұлғаның туған күнінен бастап, ұлт үшін істеген игі ісіне тарихи баға берді. Мұстафа Шоқайды ұлықтау, еңбегін көпке таныстыру ел ішінде бәсең екенін баса айтты. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде шоқайтануға кедергі болған адамдардың есімін атап, алда биліктен күтетін бастамаларға тоқталды. Жиынға қатысқандар ғалымның айтқанын ұйып тыңдап, үнсіз келісіп отырды.
«Егер зерттеп қарасаңыз, қазақта халықаралық тақырыпта 150 мақала жазған кім бар? 1924-1933 жылдар аралығында Лондонда алты рет баяндама жасауға кімнің қауқары жетті? Эпистолярлық мұрасына келсек, 100 шақты адаммен хат алмасып, хабар алысқаны бір төбе. Мемлекет басшысы тарихта болмаған бастама көтеріп жатыр. Алаш қайраткерлеріне барынша көңіл бөлініп, еңбегі ел ішіне таралып жатыр. Кезінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО бекітіп, тойлауды сұрағанда билік ақша жоғын айтқанда тосылып қалғанымыз бар. Сол қателіктер қайталанбай, ұлт руханиятын жаңғыртсақ екен. Мұстафа Шоқай туралы ел білмейтін қаншама дерек, зерттелуі тиіс тұсы бар. Сондықтан жастар, ғалымдар Шоқай биігін барынша таныса деймін», – деді қоғам қайраткері Әбжәлел Бәкір. Шоқайтанушы Әбдіуақап Қараның айтуынша, Түркия жұрты Мұстафа Шоқай бейнесіне тәнті. Өйткені Францияда ескерткіші барына қызыға да қызғана қарайды екен. «Маған түрік бауырларымыз «біз Франциямен әдеби, рухани қанша байланыс орнаттық. Алайда Мұстафа Шоқай бір рет барды, таңдандырды. Кейінірек ескерткіші бой көтерді» деп қайран қалады. Ал бұл маған шабыт береді, рухымды көтереді», – деді ғалым.Ал №51 мектеп-гимназия директоры Данара Мейранбекқызы оқу орнына көрнекті қоғам қайраткерінің есімі берілгелі бері әр іс жөнін тапқанын атап өтті. Қайраткерге арналған музей ашу ісі де бір айдың ішінде жүзеге асқанын, тіпті Германиядан қоңырау шалып Шоқай мұрасын табыстағандар бар екен. Мектеп директоры музей жұмысының жүруіне үлес қосып, үнемі байланыста жүретіні үшін Әбдіуақап Қараға естелік сыйлық табыстап, шапан жапты. Айтулы іс-шара «Ұлты үшін туған ұлы тұлға – Мұстафа» атты танымдық-драмалық қойылыммен жалғасты. Мұстафа Шоқай өміріне суреттеген көрініс пен жары Мария Горинаның монологі, аса көрнекті қайраткерге арналған жыр-шумақтары көрермен назарына ұсынылды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ