Күре жолдан қауіп көп
Күре жолдан қауіп көп
785
оқылды
«Қызылорда–Жезқазған» тасжолының жөнделуін жұртшылық көп жылдан бері тағатсыздана күтіп жүр. Сапалы жол екі өңірдің көлік қатынасын бір жүйеге түсіріп, қауіптің бетін сейілтер еді. Алайда созбалаңға түскен бұл келеңсіздіктің қашан жақсаратыны беймәлім. Бүгінде жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған негізгі жолдың тоз-тозы шыққан. Көліктер сапасыз жолға шыдас бермей тұр. Ойдым-ойдым жолдың салдарынан жол апаты да жиі болады. Сыр халқы мен Жезді өңірінің жұртшылығы адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған осынау сапасыз жолға алаңдаулы күй кешіп отырғанын айтып, ашынады. Жыл сайын құзырлы орындар тарапынан аталмыш жол мәселесі назарда тұрғаны айтылғанымен, көңіл көншітерлік нәтиже жоқ. Түрлі себеп­пен жылдан-жылға шегеріліп келеді. Ал жол азабын тартқан жолаушылар болса, күре жолдан келер қауіп күшейіп тұрғанын алға тартады.
«Көп жылдан бері жырға айналған бұл жолмен қатынау күн санап мүмкін болмай барады. Жыл сайын жөнделеді деген желеумен уақыт өтіп жатыр. Жол бойында көлігі бұзылып қалған жағ­дай­да тіпті қауіпті. Айдалада аялдайтын бірде-бір орын жоқ. Биыл жөндеу жұмыстары қолға алына бастады деген сөздер айтылды. Алайда әлі де қандай да бір нәтиже көре алмай отырмыз. Осы жолмен Астана қаласына жиі қатынаймыз. Жол қатынасының қан­дай қиын екенін жақсы білеміз. Сапа­сыз жолда жүрудің өзі азап. Адам өмі­ріне қаупі өршіл тұр. Сондықтан да түр­лі сылтауды желеу қалмай, саннан сапаға көшетін сәт келді», – дейді Қызылорда облысы Жаңақорған ауда­ны­ның тұрғыны Гүлжауһар Ысқақова.
Бүгінде Сыр елінде жалпы ұзын­дығы 3 398 шақырым болатын авто­көлік жолы бар. Соның ішінде 1 018 шақырымы республикалық, қалған бөлігі облыстық және аудандық маңыз­ға ие. Дей тұрғанмен, бұл жолдардың бәрі талапқа сай деп айтуға келмейді.
«Республикалық маңызға ие бұл күре жолда қиындық аз емес. Бала­ларым Астанадағы оқуына осы жолмен қатынап тұрады. Пойыз билеті аспан­дап тұр. Оның үстіне, жол арасы да ұзақ. Сондықтан көлікпен осы төте жол арқылы қатынайды. Жол-жөнекей аптапты ыстықта сапасыз жолдың салдарынан көліктері бұзылып, иен далада қалып қойса, жан сауғалайтын орын да жоқ. Соның салдарынан өмірлеріне қауіп төнуі мүмкін. Жолға шыққан әрбір адам өз өміріне алаңдап отырады. Жобаға сәйкес, бұл жолды жөндеу мерзімі үш жылға межеленген екен. Алайда әзірге нақты нәтиже көре алмай отырмыз. Ең бастысы, тиісті жұ­мыстарды сапалы әрі межелі уақы­тын­да толық аяқтаса екен. Біздің басты талабымыз – осы», – дейді тағы бір тұрғын Ләззат Мырзалиева.
Негізінен, өткен жылы Үкімет тарапынан республикалық маңызы бар күре жолдың жаңа жобасына қол қойылғаны айтылды. Бұл тұрғыда «Қазавтожол» ұлттық компаниясы мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында келісім жүргізілген. Соның негізінде Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырым­дық ескі жолына күрделі жөндеу жүргізу көзделген болатын. Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы ұзын­дығы 14,6 шақырымдық айналма жол салу қарастырылған. Жөндеу жұмыс­тары Қызылорда облысы аумағынан бас­тау алатыны тілге тиек болды. Соған орай тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ-ға хабарласып, жоба аясында атқарылып жатқан жұ­мыс­тар жайында сұрап көрдік.
«Жалпы, 2021 жылы Үкімет тара­пынан Еуропалық қайта құру және даму банкімен «Республикалық маңы­зы бар А-17 «Қызылорда–Павлодар–Ус­пен­ко–РФ шк» автомобиль жолы­ның «Қызылорда-Жезқазған» учаскесі 12-216 шақырымдар аралығын қайта жаңғырту» жобасына келісім жасалын­лы. Сол жылы мердігерлерді анықтау мақ­сатында тендер рәсімі өткізілді. Жоба авторы «СемЖолПроект» және «ҚазЖолПроект» ЖШС. Құрылыс жұ­мыс­тарын «Қытай Азаматтық Инже­нер­лік-Құрылым Корпорациясы» ҚР филиалы, «Қыран» ЖШС, Гуйджоуская Дорожно-Инженерная Корпорация» және Stecol Corporation мердігер мекемелері өз міндетіне алып отыр. Қазір осы жоба аясында мақсатты жұмыстар жүргізіле бастады. Нақты айтқанда, бүгінде облыс аумағынан 1б санатты 14,6 шақырымды құрайтын айналма жол салу жұмыстары қарқын алды. Бұл жұмыстарға аталмыш мердігерлер жергілікті жұмысшыларды жұмылдырып отыр. Ал құрылысқа қажетті материалдар облысқа қарасты Жаңақорған ауданынан тасымал­дану­да. Осы айналма жолдардың құрылыс жұмыстарынан кейін негізгі жолды жөндеу жұмыстары басталады. Жоба негізінде құрылыс жұмыстары үш жыл ішінде толықтай аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде», – деп түсіндірді бұл жайында «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалы.
Тапсырыс беруші компанияның мәліметіне сәйкес, жоба бойынша облыс аумағына жаңадан айналма жол салумен қатар 204 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары жоспар­ланып отыр. Оның ішінде ені 7 метр болатын ІІІ техникалық санаттағы авто­мобиль жолын ені 9 метр болатын ІІ техникалық санаттағы жолға ауыстыру қаралған. Сонымен қатар 2 дана жол айрығы және үй жануарларына арналған жол өткелдер, су арналарынан өтетін 3 көпір, 2 көпфункционалды аралық бақылау өлшейтін аркалар салу көзделген. Бұған қоса, 5 заманауи жылы дәретхана, 6 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелдері, 117 жол қиылысуы мен түйісулерін салу қарастырылған. Осы жұмыстар аясында жоба бойынша 440 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспар­ланып отырғанын да жеткізді. Сондай-ақ құзырлы мекеме тарапынан күре жолдың құрылыс жұмыстары меже­ленге үш жыл ішінде толықтай сапалы түрде жасалып, пайдалануға беріле­тініне де нық сенім білдірді. Ал халық тарапынан қаупі күн санап артып тұрған күре жолдың жұмысын жеделдете әрі талапқа сай жүргізілсе деген тілегін жеткізіп отыр. Мемлекеттің тікелей бақылауында тұрған жол құрылысының сапасы на­зар­дан тыс қалмайды деп үміттенеміз.

Қызылорда облысы