Аймақтың әлеуетін арттыру көзделген
Аймақтың әлеуетін арттыру көзделген
411
оқылды
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов СІМ Инвестициялар коми­тетінің төрағасы Ардақ Зебешевпен және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кез­десті. Өңірге жасаған сапары барысында олар шетелден инвестиция тарту жұмысының нәтижесімен танысты, сондай-ақ ірі жоба­лардың жүзеге асуына қолдау көрсетпек. Жиынға мемлекеттік орган басшылары, ірі компания өкілдері қатысты. Облыс әкімі 19 қазанда Астанада өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable-2022 инвестициялық форумы аясында металлургия, денсаулық сақтау, құрылыс, логистика және экология салалары бойын­ша жалпы құны 735 миллион доллар бо­латын 5 ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойған болатын. Ералы Тоғжанов бүгінге дейін қол қойылған барлық меморандумның орын­далу барысы жіті бақылауда екенін айтты.
«Облыста мыңнан астам шетелдік ком­пания тіркелген, оның ішінде жетеуі – трансұлттық компания. Өңірлік өнімнің жыл­дық өсімі – 5%. Оның негізгі үлесі – ша­ма­мен 42% өнеркәсіпке тиесілі. Облыста, жалпы республикада пайдалы қазбаларды өндірудің табиғи төмендеуі байқалады. Осыған байланысты экономиканың сапалы және тұрақты дамуы, халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру үшін өңдеуші өнеркәсіпті әртараптандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бұл салаға инвестициялық капитал тарту және оның көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде: барлық ірі компанияға осы міндет қойылды», – деп атап өтті облыс әкімі.
2022 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес, облыс экономикасына 600 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортының көлемі 1,2 млрд АҚШ доллары болды, ал өңдеуші сек­торға 53,8 млрд теңге инвестиция құ­йыл­ды. Бұл жергілікті өнімді дамытуға, импортты алмастыруға және бәсекеге қабілетті өнім экспортының өсуіне серпін берді. Бұл көрсеткіштер бойынша өңірлер ара­сында Ақтөбе облысы үздіктер қата­рында. 2027 жылға дейін инвестицияның жаңа толқынын тарту мақсатында металлургия, баламалы энергетика, фармацевтика, ме­ди­цина, мұнай-химия, құрылыс индус­трия­сы және агроөнеркәсіптік кешен сала­ларын қамтитын 95 инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Құны 4,6 трлн теңге болатын жобалардың нәтижесінде 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Негізгі инвестор елдер қатарына Сингапур, Түркия, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания және Нидерланд кіреді.
«Біз өңірдің шетелден тікелей ин­вестиция тарту бойынша атқарып жатқан жұмысымен танысу мақсатында келдік. Барлық инвесторды инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін «Ақтөбе» ӘКК базасын­да фронт-офистің жұмыс істеуінің оң тәжі­рибе­сін атап өту қажет. Бірінші жарты­жыл­дықтың қорытындысына сәйкес, Ақтөбе облысында 2022 жылға белгіленген ныса­налы индикатор қазір 63% орындалған. Был­тырмен салыстырғанда өсім 2 есеге өскен. Өңірде жобаларды жүзеге асыру, ілгерілету және инвесторлардың проблема­сын шешу үшін бар күш-жігер жұмсалуда», – деп атап өтті Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев.
«Kazakh Invest «ҰК» АҚ басқарма тө­раға­сы Мейіржан Юсупов инвестициялық жобалардың ұлттық пулы құрылғанын, оған 33 трлн теңге сомасында 850 жоба енгізілгенін хабарлады.
«Ақтөбе облысының үлесіне 1,5 трлн теңге болатын шикізаттық емес сектордағы 42 ірі жоба кіреді. Облыс өндірістік бағытта жақсы дамыған. Біз қолдайтын және инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасайтын жобалардың бірі – Ә.Молда­ғұлова атындағы халықаралық әуежай базасында жылына кемінде 1 млн тонна жүк айналымы бар мультимодальды көлік-логистикалық хаб құру», – деді Мейіржан Юсупов.
«Ауыл аманаты» жобасы басталды Бұдан өзге, аймақта тағы бір маңызды шара – ауыл халқының табысын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасы ресми түрде бастау алды. Өңір басшысы Ералы Тоғжанов жобаға қатысатын ауылдар толық тексеріліп, олардың әлеуметтік портреті анықталатынын айтты.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылы­ғы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын айтып өтті. Бұл салада 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады. Жалпы, кооперативтерді дамы­ту үшін бюджеттен 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Президент тапсыр­масына сәйкес, алдағы үш жыл ауылдық аумақтарды барынша дамытуға арналады. Ақтөбе облысы Мемлекет басшысының тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындап жатқанын мақтанышпен айта аламын. «Ауыл аманаты» жобасына қатысатын ауылдар толықтай скринингтен өткізіліп, олардың әлеуметтік портреті анықталды. Тексеріс нәтижесінде нақты жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтушылар саны, әр отбасының табысы айқындалды. Сондай-ақ мал және құс етімен, көкөніспен қамтамасыз етілу деңгейін, дамытуға қа­жет­ті өндіріс түрлерін белгіледік», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Жобаға барлық 12 ауданның 24 ауылдық округінің 42,4 мың тұрғыны қатысады, олар­дың жартысынан астамы экономика­лық белсенді халық санатына жатады. Бұл ауылдарда 747 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған және тұрақты табыс көзі жоқ тұрғындар саны 5 мыңнан асады. Атаулы әлеуметтік көмекті 151 отбасы алып отыр. Ауыл халқымен алдын ала кең көлемді түсіндіру жұмысы жүргізілді. «Ауыл амана­ты» жобасы аясында олар құс және өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін шығару үшін шағын және орта бизнес ашу және дамыту бойынша 2 772 жобаны жүзеге асыратын болады.
«Жобаны қаржыландыруға биыл рес­пуб­ликалық бюджет есебінен 3 млрд теңге бөлінді. 2023 жылы қаражат көлемі артады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына бөлін­ген қаражаттан бөлек ірі шаруа қожа­лықтары есебінен тауарлық несие ретінде 6 мың басқа жуық мал беретін боламыз. Осы сәтті пайдалана отырып, ірі шаруа­шылық басшыларына ризашылығымды білдіргім келеді. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр аудан, ауыл бойынша әлеуметтік-экономикалық ке­шен­ді жоспар әзірлеуге тапсырма бердім», – деп түйді Ералы Тоғжанов.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Ел тарихында тұңғыш рет жобаға қатысу­шылар ауылдағы үйін кепілге қоя отырып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие, соны­мен бірге қарыздың жалпы мерзімінің алғаш­қы үштен біріне кредиттік демалыс ала алады. Револьверлік әдіспен қай­тарылатын қаражат жаңа жобаларды қар­жы­ландыруға бағытталады. «Ауыл амана­тына» қатысушылар жеке қосалқы шаруа­шылықтар ретінде кооперативтердің құра­мына кіреді. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 50 пайызға дейін субсидия алуға, өнімді қайта өңдеу және өткізу процесін жүйелеуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде оған қатысатын елді мекендердегі жұмыс­сыздық деңгейі 41,4% төмендейді, атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары 885-тен 449-ға азаяды. Сондай-ақ тұрғындардың орташа табысы 172 мың теңгеден 330,3 мың теңгеге, екі есе артады деп болжануда.