Мерекелі мерейтой аясындағы алғашқы іс-шара Қырғыз Республикасының Алықұл Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасында «Қазақстан-Қырғызстан: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық» атты отырыспен басталды. «Дөңгелек үстел» форматында өткен кездесудің басты себебі – азаттықтың ақ таңымен қатар келген «Қырғызстан қазақтары қауымдастығының» 30 жылдық мерейтойы болғандықтан ауқымы кең іс-шара ежелден еншісі бір егіз халық – қырғыз бауырлармен бірлесе ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің құттықтауымен басталды. Қазақстандық делегацияны бастап барған «Отандастар қорының» Президенті Абзал Сапарбекұлы осы мерейтойдың жоғары деңгейде атап өтілуіне айрықша ықылас білдірген Қырғыз басшылығына, Қырғызстанның Халықтар Ассамблеясына, Қазақтар қауымдастығына, қоғамдық ұйымдарға, жанашыр ағайындар мен белсенді қандастарға риясыз ризалық білдіріп, ақжарма алғысын айтты. Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде бір-біріне деген осындай ыстық ықыласты қатынастың іргесін қалыптастырған Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов сынды екі ұлттың ұлы тұлғалары екенін мақтанышпен атап өтті.
Өз кезегінде жылы лебіз білдірген Қырғыз Республикасы Халқы Ассамблеясының төрағасы, атақты академик Абдығани Эркебаев та ежелден тату екі елдің арасындағы берік достықтың тарихи тамыры терең екенін тебірене жеткізді. Өзінің де қазақ достары көптігін мақтан тұтып, олардың жақсы қасиеттерін дәріптеді.
Еңбек Ері, Халық жазушысы, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы тұңғыш елшісі, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың жан тербетер жақсы сөздері елді еріксіз елжіретті.
Жиын соңында алыс-жақын шетелдердегі қалың қазақтың қамын ойлайтын «Отандастар қорының» басшысы Абзал мырза көршілес елдегі қандастар қауымына атажұрттың атынан арнайы «Қоржын» топтамасын тарту етті. Естен кетпес естелік ретінде қазақтың қасиетті домбырасынан бастап, ұлттық киімдер, бағалы кәдесыйлар ұсынып, ұлттық құндылықтарымыз тағы бір ұлықталды. Кешкілік шекаралас Жамбыл облысының Кенен Әзірбаев атындағы филармониясы өнерпаздарының мерейтойға арнайы ала келген ән-шашуын тамашалады. Тараздық сахна саңлақтары мерейтой қонақтарының мейірін қандырып, қандастарымыздың абыройын асырды.
М.ХАҚНАЗАР