Достықтың дөңгелек үстелі
Достықтың дөңгелек үстелі
459
оқылды
Таяуда бағзыдан бауырлас көр­шіміз – Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында «Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының» 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар бастау алды. Қазақ-қырғыз елдері ежелден-ақ тамыры терең тату көршілік орнатып, баяғыдан-ақ барыс-келіс пен алыс-беріс аясы анағұрлым кеңейген мүдделес мемлекеттер екені бесенеден белгілі. Қырғыз Республикасы – біз үшін тамыр­лас, тағдырлас һәм бауырлас мемлекет. Екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гумани­тарлық саладағы ынтымақтастық аясы кеңейе түсуде. Соның арқасында қазір қазақ-қырғыз қатынасы жаңа деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар. Биыл Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерекесі ұлтымызды ұйыстырған Қауымдастықтың мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Ел тыныштығы мен тұрақтылықты, халықтар арасындағы достық, ынтымақтастық қатынастарды нығайта түсуге Қырғыз Республика­сындағы қазақ қауымдастығы да зор септігін тигізіп жүр. қауымдастық Мерекелі мерейтой аясындағы ал­ғашқы іс-шара Қырғыз Республикасының Алықұл Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасында «Қазақстан-Қырғызстан: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық» атты отырыспен басталды. «Дөңгелек үстел» форматында өткен кездесудің басты себебі – азаттықтың ақ таңымен қатар келген «Қырғызстан қазақтары қауымдастығының» 30 жылдық мерей­тойы болғандықтан ауқымы кең іс-шара ежелден еншісі бір егіз халық – қырғыз бауырлармен бірлесе ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің құттықтауымен басталды. Қазақстандық делегацияны бастап барған «Отандастар қорының» Президенті Абзал Сапарбекұлы осы мерейтойдың жоғары деңгейде атап өтілуіне айрықша ықылас білдірген Қырғыз басшылығына, Қырғызстанның Халықтар Ассамблеясына, Қазақтар қауымдастығына, қоғамдық ұйымдарға, жанашыр ағайындар мен белсенді қандастарға риясыз ризалық білдіріп, ақжарма алғысын айтты. Абзал Сапарбек­ұлы өз сөзінде бір-біріне деген осындай ыстық ықыласты қатынастың іргесін қалыптастырған Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов сынды екі ұлт­­тың ұлы тұлғалары екенін мақтаныш­пен атап өтті. Өз кезегінде жылы лебіз білдірген Қыр­ғыз Республикасы Халқы Ассамблея­сы­ның төрағасы, атақты академик Абды­ғани Эркебаев та ежелден тату екі елдің арасындағы берік достықтың тарихи тамыры терең екенін тебірене жеткізді. Өзінің де қазақ достары көптігін мақтан тұтып, олардың жақсы қасиеттерін дәріп­теді. дөңгелек үстел Еңбек Ері, Халық жазушысы, Қазақ­станның Қырғыз Республикасындағы тұңғыш елшісі, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың жан тербетер жақсы сөздері елді еріксіз елжіретті. Жиын соңында алыс-жақын шетел­дердегі қалың қазақтың қамын ойлайтын «Отандастар қорының» басшысы Абзал мырза көршілес елдегі қандастар қауымына атажұрттың атынан арнайы «Қоржын» топтамасын тарту етті. Естен кетпес естелік ретінде қазақтың қасиетті домбырасынан бастап, ұлттық киімдер, бағалы кәдесыйлар ұсынып, ұлттық құндылықтарымыз тағы бір ұлықталды. Кешкілік шекаралас Жамбыл облысының Кенен Әзірбаев атындағы филармониясы өнерпаздарының мерейтойға арнайы ала келген ән-шашуын тамашалады. Тараз­дық сахна саңлақтары мерейтой қонақ­тарының мейірін қандырып, қандас­тарымыздың абыройын асырды.

 М.ХАҚНАЗАР