Кезінде Алматы облысындағы бірнеше ауданның экономикасына тірек болып, халықты ақ қантпен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келген Ақсу ауданындағы қант зауыты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы мен 2000 жылдардың басында қолдан-қолға өтіп, бірнеше мәрте сатылып, ақыры ешкімге керексіз болып, 13 жыл тұрып қалған болатын. Баталов облыс әкімі болып тағайындалған соң қант зауытын қайта іске қосуға белсене кірісіп, бірнеше жылғы қайта жаңғырту мен құрылымдау нәтижесінде 2017 жылы кәсіпорын қайта өңдеуге қайта кіріскен еді. Сол кезде осы саланың жілігін шағып, майын ішкен жергілікті мамандар қазіргі кезде қосалқы бөлшектерін айтпағанда, негізгі жабдықтарының барлығы өндірістен мүлде алынып тасталған, шығарылмайтын ескі технологиялық желінің ғұмыры ұзаққа созылмайды деген еді. Қазіргі кезде сол айтқандары шындыққа айналды. Алғашқы жылдары шетелден шақырылып, жоғары айлық тағайындалып, тұрмыстық, қызметтік жағдай жасалған мамандар кері қайтып кетті. Арнайы тапсырыспен істелген қосалқы бөлшектердің ғұмыры да қысқа болды. Бұрын тек қант қызылшасын өңдейтін зауытта алыс шет елдерден тасымалданатын шикізат – қант қамысын қайта өңдеуден өткізуге қатысты жасалған талпыныс та тұйыққа тірелген сыңайлы. Өйткені биыл да биліктің үйіп-төккен уәдесіне сеніп, тәтті түбір еккен Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының диқандары жиналған азын-аулақ өнімдерін тағы да 150-200 шақырымдағы Көксу қант зауытына тасымалдап, қосымша шығынға ұшырауда. Осыдан біраз бұрын Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы жұртшылықпен жүздесу барысында бұл мәселеге арнайы назар аударып, министрлік пен облыс басшылығына елімізді қантпен қамтамасыз етуде үлкен міндет атқаратын отандық қант зауыттарының екеуі Жетісу облысында орналасқанын, алдағы кезде осы қос кәсіпорынның жұмысын жүйелі жолға қоюды тапсырды. Әсіресе, қыруар қаржы жұмсалған Ақсу қант зауытының тағы да тұралап қалғанына қатысты қынжылысын білдірді. – Қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік арта түсті. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап жергілікті бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Биыл жазда қант бірден қымбаттап, оның тапшылығы туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығы мен бейқамдығының кесірінен болды, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтарылып тұрған алып зауытты тезірек толық іске қосуды, қажет болса, басқа инвесторлар тартуды қарастыру керек екеніне назар аударған болатын. Сонымен қатар облыстағы екі қант зауытының қуатын 100 пайызға жеткізіп, 2026 жылға қарай өндірілетін қант көлемін 180 мың тоннаға арттыру қажет екенін айтқан еді. Сондай-ақ облыстың көкөніс пен бау-бақша өсіру ісінде зор әлеуеті бар екенін, осы орайда, заманауи қоймалар салу мәселесін шешу қажеттігін атап өткен. Одан бері де бірер апта өтіп кетті. Күні кеше Ақсу ауданына барған облыс әкімі жергілікті халықпен кездесуінде аудандағы бірден-бір ірі кәсіпорын Ақсу қант зауытының қазіргі мүшкіл жағдайына тағы да тоқталып, алдағы кезде қайта өңдеу өндірісін дамытуға қатысты атқарылар жұмыстар барысын пысықтады. Жергілікті жердегі кәсіпорынның тоқтап тұрғаны да әсер еткен болар. Бұрын гектарынан 300 центнерден төмен өнім алмайтын ақсулық қызылшашылар биыл орташа есеппен алғанда әр гектардан 88 центнерден ғана тәтті түбір жинап, Көсу қант зауытына бар-жоғы 4,1 мың тонна ғана өнім өткізіпті. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген өте нашар көрсеткіш. Жағдай осылай жалғаса берсе, биылғы қант тапшылығы келер жылы еселеп қайталануы әбден мүмкін. Өйткені Жетісу облысында қант қызылшасы алқаптарының көлемі бұрынғыдан екі есеге жуық қысқарғанымен қоймай, кейбір аудандарда өнімділік те тым төмендеп кеткен. Тәтті түбірден бас тартып, қант қамысын өңдеуге кіріседі деген «Ақсу» қант зауытының болашағы әлі белгісіз. «Көксу» қант зауыты ырғақты жұмыс істеп тұр. Бірақ жылдағыдай өнім өткізуге келгендердің кезегі байқалмайды. Соған қарағанда, екі зауыттың емес, бір кәсіпорынның да жүктемесін қамтамасыз ете алмай отырғандаймыз. Жалпы Жетісу облысында жергілікті өнімдерді өңдеу дұрыс жолға қойылмаған. Мәселен, Ақсу ауданы ірі қара мен қой-ешкі саны бойынша облыстағы аудандардың көш басынан көрінсе, егістікте – екінші орында, майлы дақылдар өсіруде – үшінші орында. Алайда осындай жоғары көрсеткіштерге иелік ететін өңірде мал мен егістікті, майлы дақылдарды қайта өңдеуден өткізетін бірде-бір кәсіпорынды айтпағанда, шағын цех та жоқ. Сүтті басқа жаққа тасымалдауға мәжбүр. Халық ауданда ет пен сүтті, бидай мен майлы дақылдарды қабылдайтын, қайта өңдеуден өткізетін орындардың болмауы салдарынан жаз бойғы еңбектерінің жемісін өздері көре алмай, алыс-жақыннан ағылған алыпсатарларға жем болуда. Сондықтан бұл бағытта шұғыл іс-шаралар қолға алынып, инвесторлар тартып, шағын болса да қайта өңдеу кәсіпорындарын іске қосу қажет. 2010 жылғы тасқыннан кейін тас-талқаны шығып, су қабылдап, таратуды тоқтатқан «Қызылағаш» су қоймасы қалпына келтірілді. Республикалық бюджеттен Қызылағаш суару алқабын қайта қалпына келтіруге 4 млрд теңге бөлініпті. Барлығы ойдағыдай болса, бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталып, айналымға 5,3 мың гектар суармалы жер қосылады. Бұл ақсулық диқандар үшін аса зор мүмкіндіктерге жол ашады. Аудан егістік пен майлы дақылдар бойынша алдыңғы орынға шығады. Дегенмен қайта өңдеу кәсіпорындарының болмауы кезекті рет қолбайлау болуы әбден мүмкін. Миллиардтар жұмсалған жалғыз қант зауыты тұралап тұрғанда, жаңа кәсіпорындар іске қосылады дегенге қатысты үміттен күдік басым.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы