Қаңтар оқиғасы: бұрынғы полицейлерге қатысты сотта құқықбұзушылықтар болып жатыр
Қаңтар оқиғасы: бұрынғы полицейлерге қатысты сотта құқықбұзушылықтар болып жатыр
378
оқылды
Талдықорғанда азаптау қолданды деп айыпталған полицейлерге қатысты қылмыстық сот процесі жүріп жатыр. 24 адам жәбірленуші деп танылды, бірақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, процесте заңбұзушылықтарға жол берілген.
"Атап айтқанда, заңбұзушылықтар сот залының қылмыстық процеске қатысушылардың көп бөлігі үшін жарамсыздығынан көрінеді. Процесс жәбірленушілердің мүдделерін объективті және сапалы білдіруге мүмкіндік бермейтін, жәбірленушілер мен олардың өкілдері арасындағы келіссөздердің құпиялылығы қамтамасыз етілмеген жағдайда өтіп жатыр", – дейді омбудсмен Эльвира Әзімова.
Жәбірленушілер мен айыпталушылар бір орындыққа отырады, осыған байланысты тараптар моральдық-психологиялық қысым көреді. Сондай-ақ зардап шеккендерге бірнеше рет өтініш білдірсе де кәсіби аудармашы берілмеген.
«Сот барысын бақылай отырып, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкерлері де бұл қылмыстық істі қарауда тәртіптің жоқтығын атап отыр», – делінген хабарламада.
Әзімова жоғарыда аталғандардың барлығын ескере отырып, сапалы сот төрелігін қамтамасыз ету шараларын қолдануды сұрап, Жоғарғы Сотқа жүгінді. Жауап дереу берілді, бұзушылықтар жойылды.
"Уәкілдің өтінішін қарау қорытындысы бойынша, Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасынан көрсетілген барлық бұзушылықтарды шешу туралы жауап алынды. Осылайша, сот органы жауабынан сот отырысы қатысушылардың барлығы сиятын кең залда өтіп жатқаны, тиісті аудармашымен қамтамасыз ету мәселесі шешілгені белгілі болды", – деді Әзімова.
Соңында уәкіл жәбірленуші тараптың адвокаттары сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасы бойынша шағымдары ішінара қанағаттандырылғанын айтты.