Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, өңір жұртшылығымен кездесті. Президент облыс халқымен жүздесуінде аймақтың ерекшеліктеріне тоқталып, өлкені жан-жақты өркендетуге толық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында тұрғындарының саны 2,5 есе өскен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ой-пікірін жеткізді.
Президент ең алдымен Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібі мен бизнес саласын дамыту қажеттігіне назар аударды. Мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру. Сонымен қатар терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет.
– 2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Облыста кәсіпкерлікті дамыту үшін де зор мүмкіндіктер бар. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 32 пайызға жетті. Осы салада 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібі, туризм, сауда, сондай-ақ білім беру және медицина саласында кәсіпкерлер саны артып келе жатқаны қуантады. Яғни, облыс экономикасы әртараптана бастады деуге болады. Аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға «Мен – кәсіпкермін» жобасы тың серпін берері анық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру мәселесіне де тоқталып, Маңғыстау географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан өңір екенін және бұл өлкені әлемдік деңгейдегі көлік-транзит торабына айналдыру керектігін атап өтті. Президенттің айтуынша, портты қала Ақтау – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Жаһандық логистикалық жүйе қайта қалыптасып жатқан қазіргі кезде Каспий теңізінің маңызы күрт арта түсті. Еліміз порттың инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуды, контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құруды көздеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңір тұрғындарының облыстық деңгейдегі жолдың сапасы жөнінде жиі шағым айтатынын еске салып, автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға баса назар аудару керек екеніне тоқталды. Атап айтқанда, жұмысы баяу жүрып жатқан «Бейнеу – Шалқар» тасжолы құрылысының маңыздылығын айтып, Үкіметке құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды жедел дайындауды тапсырды. Сондай-ақ әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, «Ақтау – Форт-Шевченко», «Таушық – Шетпе» жолдарын жөндеуге келесі жылдан бастап кірісу керек екенін айтты. Бұған қоса, Мемлекет басшысы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы инвестиция тарту, өнім өндіру, салық төлеу көрсеткіштері бойынша республикада ең үздік үш аймақтың бірі екенін атап өтіп, арнайы экономикалық аймақтарда игерілмеген жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды.
– Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімін ұзартуы қажет деп есептеймін. Қазақстан шетелдік әріптестермен инвестициялық ынтымақтастықты дамытып келеді. Соның бірі – «Жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын» салу жобасы. Қазақстан мен неміс-швед компаниясы арасында инвестиция туралы тиісті келісімге қол қойылды. Инвестор Маңғыстау облысында «жасыл» сутегі өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ күніне 255 мың текшеметр су тұшытатын зауыт, 40 гигаватт жаңғыртылатын қуат көздері стансасын салу жоспарда тұр. Осы жоба жүзеге асырылса, құрылыс кезінде 3 500, ал нысан іске қосылған кезде 1 800 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өз мамандарымызды оқытып, даярлаймыз. Тиісті инфрақұрылым салынады. Инвестор өзіне жүктелген әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, – деді Президент.
Сондай-ақ жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы бес жыл ішінде өңірдегі барлық қала мен ауылды ауызсумен қамтамасыз ету жөнінде міндет жүктегенін атап өтті. Жыл аяғына дейін 12 ауыл орталықтан берілетін су жүйесіне қосылады. Өңірде 2025 жылға дейін су тұшыту жөніндегі 9 жоба, магистральді су құбырын салу және қайта жаңғырту жөніндегі 4 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Президент Кендірлі ауылындағы су тұщытатын зауыттың құрылысын бастау керек екеніне, 33 жыл бұрын пайдалануға берілген Астрахань – Маңғыстау су құбырының әбден тозғанына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өңірдің үздіксіз дамуына және халық санының өсуіне байланысты инженерлік жүйені жаңғырту мәселесі туындап отыр. Сондай-ақ Ақтау қаласының инженерлік жүйесінің 75 пайызы ескірген. Үкіметке облыс орталығының инженерлік жүйесін қайта жабдықтауға қажетті қаражат бөлуді тапсырған Мемлекет басшысы Ақтау қаласында құрылыс жүргізу мәселесіне арнайы тоқталды. Облыс орталығындағы ескі үйлердің мәселесін шешу қажет. Қалада мұндай 280 үй бар. Сол себепті Президент Үкіметке Ақтау қаласындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Жаңаөзенді кешенді дамыту мәселесіне баса назар аударып, күрделі түйткілдерді шешуге 580 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгенін жеткізді.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы облыстың білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытып, жастарға қолдау көрсету керек екенін атап өтті. Маңғыстау облысында балабақша мәселесі толық шешімін таппаған, 10 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Сондай-ақ 13 мың оқушыға мектептен орын жетпей жатыр. Апатты жағдайдағы, үш ауысыммен оқытатын мектептер бар. Президент осы мәселелерді айта келе, балабақша салуға мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін пайдалану керек екенін атап өтті. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Маңғыстау аймағында алдағы үш жылда 21 мектеп салынатынын айтты. Мемлекет басшысы мұның өзі жеткіліксіз екеніне назар аударып, бұл жұмыста бизнестің мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажеттігін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге қажетті кәсіби кадрларды даярлау ісіне баса мән берген жөн деп есептейді. Оның айтуынша, биыл жоғары оқу орындарына 73 мың грант берілген. Бұған қоса, Президент батыс облыстарының түлектеріне қосымша 10 мың грант бөлуді тапсырған болатын. Соның 6 мыңы Маңғыстауға берілді.
– Бірақ бұл гранттың төрттен бірі ғана игерілген. Бұл – түсініксіз жағдай. Оның үстіне облыста білікті мамандарға деген сұраныс өте жоғары екені белгілі. Ашығын айтсақ, жоғары оқу орындары және құзырлы министрлік кәсіби бағдар беру жұмыстарын ойдағыдай атқармай отыр. Түлектерге және ата-аналарға қосымша грант бөлінгені туралы толық ақпарат жетпей жатады. Ғылым және жоғары білім министрлігіне арнайы білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырамын, – деді Президент.
Кездесуде Президент агроөнеркәсіп саласы ел экономикасын дамыту ісіндегі стратегиялық басымдықтың бірі екенін атап өтіп, Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласын, азық-түлік нарығын дамыту маңыздылығына тоқталды. Аймақ тұрғындары жыл сайын 100 миллион доллардың азық-түлігін сырттан алады. Мұндай тәуелділік оның бағасына тікелей әсер ететіні белгілі. Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 20 пайыздан астам қымбаттаған. Көбіне мұндай ахуалдың қалыптасуына аймақтың орналасқан жері және логистика мәселелері себеп болып отыр.
Мемлекет басшысы жыл сайын мал азығының 75 пайызын басқа облыстардан алатын Маңғыстау облысында жемшөптің бағасын арзандату мәселесі өте өзекті екенін айтты. Өзге өңірлерден мал азығын тасымалдау үшін жеңілдетілген тарифтер енгізу жолын қарастыру керек екенін атап өтті. Бұған қоса, Маңғыстаудың экологиясында күрделі түйткілдер бар және экологиялық тепе-теңдік пен Каспийдің биоалуандығын сақтау – маңызды міндет. Бүгінде итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуы жиіледі. Мұндай маңызды мәселеге кешенді ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда еңбегімен көпшілікке үлгі болып, елімізді өркендетуге зор үлес қосып жүрген бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытының жұмысымен танысты. Президентке зауытты кеңейту жобасының орындалу барысы туралы баяндалды. Тәулігіне 20 мың текше метр таза су өндіретін зауыттың қуатын екі есеге дейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Мұнайлы ауданының елді мекендері мен Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Өңірде халық санының артуына және туристік кластердің дамуына байланысты «Каспий» су тұшыту зауытының өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру қажеттігі туындаған. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді ауызсумен қамтамасыз ететін кәсіпорынның маңызы зор екенін айтып, зауытты жаңғырту жұмысы сапалы орындалатынына сенім білдірді.
Президент Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Бекет ата жер асты мешітіне зиярат етті.Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи орында жергілікті ақсақалдармен әңгімелесіп, елдік мәселелерді талқылады.
– Қасиетті жерге зиярат ету үшін арнайы келдім. Мұнда 2019 жылы Президент лауазымына кіріскен кезде келген едім. Бүгін жұртшылықпен кездесіп, маңызды мәселелерді талқыладық. Маңғыстау облысының дамуына тың серпін беру керек екенін айттым. Үкіметке тиісті тапсырмалар бердім. Аманшылық болса, келешекте облыста бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бәрі менің бақылауымда болады, – деді Мемлекет басшысы.