Криптовалюта қолданысқа ене ме?
Криптовалюта қолданысқа ене ме?
486
оқылды
Таяу болашақта дүкеннен барып криптовалютаға нан-сүт сатып ала аламыз ба? Бұл әбден мүмкін. Евра­зиялық банк Intebix биржасында ең алғашқы крипто-мәмілені жасады. Бұл – Қазақ­стан цифрлық ақшаны заңдас­тыра бастады деген сөз. Әйт­се де, депутаттар оған қарсы шы­ғып отыр. Олар бұл еліміздің қаржы жүйесін күл-талқан етіп, ұлт­тық валютамыздың дербестігіне қауіп төндіреді деп санайды. Ендеше тек майнинг жасаушы ел болып қала бергеніміз дұрыс па? Еуразияда тұңғыш Сонымен, осыдан он күндей бұрын тек елімізде ғана емес бүкіл Еуразия конти­нен­тінде ең алғаш рет заңды түрдегі крип­то-фиаттық операция жасалды. Евра­зиялық банк пен қазақстандық Intebix (Biteeu Eurasia) криптоақша биржасы «криптобиржа-банк-клиент» бағытында нақты ақшаға биткоин сатып алу бойынша бірлескен транзакция жүргізді. Яки, банктің өз бетінше жасап шығарған бир­жаға төмен комиссиямен теңге түрінде ақша енгізу және кері шығару процесін іс жүзінде пайдаланып көрді. Енді бүгінде аталған қаржы ұйымы Ұлттық банкпен бірге бұл жобаның ықтимал қатерлерін сараптауда. Ал жыл соңына дейін сауда орындарында төлем жасауға болатын криптокарта шығаруды жоспарлап отыр. Бұл нені білдіреді? Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар дүкеннен нан алса да, криптаақшамен төлей алады деген сөз. Бірақ есеп айырысулар қалай болғанда да клиенттің биржадағы аккаунтына бай­ланған есепшот арқылы теңгемен жүреді.
«Бұл жаңашылдық қазақстандықтарға криптовалюталарды заңды түрде теңгеге сатып алуға мүмкіндік береді. Осылайша, фиатты ақшаны, яки кәдімгі теңгені вир­туалды ақшаға ауыстырып алуға болады. Intebix – Қазақстандағы ең алғашқы виртуалды валюталар биржасы. Біздің сонымен қатар Еуроодақ пен Аустралияда жұмыс істеуге рұқсат беретін лицензия­ларымыз бар», – дейді Intebix директоры Талғат Досанов.
Цифрлық технологиялар және бизнес жөніндегі Digital Bridge 2022 форумында Intebix биржасының жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да та­ныстырылған болатын. Ал биыл көктемде Президент әлемдегі ірі Binance крипто­бир­жасының негізін қалаушы әрі бас ди­ректоры Чанпен Чжаоны қабылдап, елі­міз­дің салалық құрылымдары мен Binance компаниясының арасында цифрлық қар­жы саласындағы, блокчейн техноло­гиясы бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастықтың ұзақмер­зімді әлеуетін, сондай-ақ Қазақстанда криптоиндустрияның өңірлік хабын құру мәселесін талқылаған еді. Кездесу со­ңында Президенттің қатысуымен Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Binance ком­паниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Депутаттар сақтануға шақырады Таяуда майнингті реттеу туралы заң жобалары топтамасын қараған Мәжіліс депутаттары елімізде криптовалютаны төлем құралына айналдыруға әлі ерте екенін айтып, сақтандырған болатын. Крип­тобиржаны заңды деп мойындау криптовалютаны автоматты түрде заңдас­тыру болып танылады. Сондықтан да бұған жол беруге болмайды.
«Біз іс жүзіне ұлттық валютаның дербестігінен айырылып қалғалы тұр­мыз. Бұл тек біздің қаупіміз емес, әлемдік тә­жірибеде бар нәрсе. Криптовалюта еште­ңе­мен қамтамасыз етілмегендіктен, елі­міз­дің қаржы жүйесін күл-талқан етуі ық­тимал», – дейді депутат Екатерина Смышляева.
Депутаттар мақұлдаған заң жобасында еліміздің құқық аясына майнинг өндірі­сі­нің тек қауіпсіз кезеңдері ғана шығары­ла­тыны қарастырылған. Ал криптовалюта­ның айналымы мен айырбас жасау про­цестері Астана Халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясы аясында ғана жүргізіледі. Сондай-ақ депутаттар Еуропадағы энергетикалық дағдарысты мысалға келтіре отырып, Қазақстандағы майнингке электр энергиясының профи­циті ғана, яки, мол кезінде ғана рұқсат етілетініне баса назар аудартып отыр. Инвесторлар еліміздің энергетика ин­фрақұрылымдарын модернизациялауға және жаңармалы энергия көздерін құруға атса­лысуы тиіс. Бүгінде Қазақстанда 50 май­нинг жасаушы компания ресми түрде тіркелген. биткоин Жаппай қадағалау құралы ма? Сарапшылардың айтуынша, бұл жерде криптовалюта мен цифрлық теңгені шатастыруға болмайды. Екеуі түпкі әлеуеті ұқсас болғанымен, екі бөлек нәрсе. Мәсе­лен, «крипто» – «жасырын» деген сөз. Оның ең басты міндеті – ақшаның иесін жасыру. Транзакцияларды білдіртпей өткі­зіп жіберу дегенді меңзейді. Ал цифрлық теңге, мүлдем керісінше – мұндағы мақсат барлығын да барынша ашық етіп көрсе­ту. Сауда-саттықты да, қызметті де, өн­дірісті де көлеңкеден шығару. Сондықтан да екі технологияда да блокчеин қол­да­нылады десек те, мақсаттары қарама-қай­шы. Бұл – бір!
«Екіншіден, криптовалюта деген нәр­се – техникалық тұрғыдан алғанда сон­шалықты криптовалюта деуге де келмей­тін, өте волотильді дүние. Оның бағасының қалай шарықтап өскенін де, қалай құл­дырай құлағанын да сан мәрте көріп жүр­міз. Сондықтан да оны күнделікті есеп айырысуға ыңғайлы деп санамаймын. Өйт­кені оның бағамы бір күннің өзінде мың рет құбылады. Оның үстіне, бұл ва­люталар – ештеңемен қамтамасыз етіл­меген жай ғана цифрлық активтер немесе цифрлық құнды қағаздар. Ешқандай құндылық эквиваленті жоқ болғандықтан, олардан балама бағалау құралын іздеуде мән бар деп ойламаймын. Бұл екеуінің қай-қайсысының да өзіндік артықшы­лықтары да, кемшіліктері де бар. Бүкіл әлем, өкінішке қарай осы бағытқа қарай кетіп барады. Цифрлық ақша ашықтық үшін, коррупциямен күресте әрбір теңгені қадағалап отыру үшін жақсы болар. Бірақ оның екінші жағы да бар, әркімнің қал­тасындағы ақша мемлекеттің көз алдында болады да, оның тоталды қадағалау құ­ралына айналып кетуі де оңай болатынын жоққа шығаруға болмайды. Кейбір са­рап­шылардың бұл құбылысты «цифрлық концлагерь» деп айтып жүргенінің жаны бар», – дейді қаржыгер сарапшы Расул Рысмамбетов.
Экономистер бүкіл әлем бойынша криптовалюта саудасы негізінен реттел­мейтін көлеңкелі нарыққа тиесілі екенін айтады. Сонда да болса, бұл қаржы түрін пайдалануға ден қойған елдердің қатары артып келеді екен. Қазірдің өзінде 10 мем­лекет не толықтай, не ішінара цифрлық қаржыға көшкен. Ал жалпы криптовалюта дегеннің өзіне келсек, ол – ең жоғары дә­режедегі революциялық дүние. «Болашақ қаржы жүйесі» экономика саласын ғана емес, өміріміздің өзге аспектілерін де өзгертуге қауқарлы. Біз де қазір болсын, кейін болсын, түбі бұл жүйеге келеміз.
«Сондықтан да мен Қазақстанның жаңа валюта түрін АХҚО деңгейінде болса да заңдастырып жатқанын құптаймын. Соның нәтижесінде елімізде крипто­ва­лютаның көлеңкелі нарығы жойылады. Өйткені елімізде осыған дейін рұқсат етілмесе де, адамдар криптовалюталарды сатып алып жатыр. Ал енді төл валюта­мыздың дербестігіне қауіп төнеді дейтін пікірге келер болсақ, мен бұлай ойла­маймын. Керісінше, криптовалюта әле­мінде теңгенің беделі арта түсетін болады. Біз осыған дейін тек өндіруші ел болып келген болсақ, енді қолданушы елге ай­наламыз. Бұрын ол ақшаны долларға немесе еуроға сатып алатын болсақ, оның теңгеге ешқандай пайдасы жоқ болатын. Керісінше, адамдар доллар әлде еуро сатып аламын деп желініп жататын. Ал енді криптовалютамен жасалатын тран­закциядан салық төленетін болады. Сон­дықтанда дәл қазір теңгеге қауіп төнеді деп санамаймын. Өйткені криптовалюта ұлттық валютаның орынын алмастыра ал­майды. Себебі ол ешқандай да орта­лық­тандырылмаған. Ешқандай да монеталық сараймен немесе Ұлттық банкпен рет­телмейді», – дейді экономист Бекнұр Қисықов.
Қалай болғанда да, Қазақстан цифр­лы қаржы жүйесіне ерте ме, кеш пе жа­сайтын алғашқы қадамын жасады. Ендігі мәселе – екі шоқып, бір қарау. Өйткені жаңашылдықтың әзірге пайдасынан бұ­рын, қаупі басым екенін жоққа шығаруға болмайды.