Қала ішіндегі базарлар қашан көшіріледі?
Қала ішіндегі базарлар қашан көшіріледі?
483
оқылды
Біраздан бері алматылық­тар­дың бас ауруына айналған мә­селе­нің бірі – қала ішінде орна­лас­қан базарлар. Тұрғындар мұн­дай сауда орындарының қала сыртына көшірілгенін қалайды. Себебі онсыз да қозғалысы көп ығы-жығы шаһардың қимыл-тір­шілігіне бұл нысандардың залалы мен зардабы айтарлықтай. Әкім мен басқарма жауабы бір жерден шықпай тұр Жалпы, бүгінде мегаполистің ішінде 56 базар бар. Оларды қала сыртына көшіру бұған дейін келген әкімдерден де талап етілген. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Жыр болған тақырып әкім болып келгеніне жыл тола қоймаған Ерболат Досаевтың да алдынан шықты. Жоғарыда айтылған 60-қа жуық базардың ішіндегі ең ірісі – автобөлшектер сататын CarCity сауда орталығы. Бұл қала орталығындағы Әуе­зов ауданында қоныс тепкен. Жақында осы нысанды көшіру мәселесі қала бас­шы­сының аудан тұрғындарымен кез­десуі кезінде тағы көтерілді. Осы кездесу кезінде тұрғындардың бірі әкімге базар маңындағы аулаларда көліктердің жиі жиналып қалатынын, сол себепті көлік қоятын жер тұрмақ, жаяу жүруге де орын жетпей жатқанын айтып шағымданды. Тұрғын сауалына жауап берген Досаев мәселенің өзекті екенін мойындады. Оның сөзінше, Алматыдағы барлық базар қала сыртында орналасуы тиіс.
«Біз бұл мәселемен айналысып жатыр­мыз, бірақ оны шешу оңай емес, бірінші кезекте меншік құқығына байланысты. Жерге меншік құқығы актілері жасалып, әлдеқашан беріліп қойған. Екіншіден, нысанды өзге жерге жылжыту үшін дайын орын болуы керек. Сонымен қатар орны­на иесіне бірдеңе ұсыну керек. Дегенмен бұл ештеңе істеу мүмкін емес дегенді білдірмейді. Біз қалай болғанда да аталған мәселені шешеміз», – деді Алматы әкімі.
Осы жауаптан кейін, аталған мәселе ары қарай қалай өрбіп жатқанын білмек болып Досаев басқаратын әкімдікке бір­неше сауал жолдағанбыз. Ондағы ойы­мыз – әкімнің «біз бұл мәселемен айна­лысып жатырмыз» деген сөзі іс жүзінде не болып жат­қанын білгіміз келген. Алайда әкім­діктің жауапты басқар­масынан әкім сөзіне мүлде кере­ғар жа­уап алдық.
«Алматыдағы базарларды қала сыр­тына көшіру мәселесі жоспарда жоқ. Бү­гінде әкімдік базарларды заманауи фор­матқа көшіру жұмыстарын жүргізуде. Дәстүрлі базарлардың орнына заманауи сауда орталықтары ашылады. Бұл шешім сауданы жақсартып, антисанитарлық жағдайды және апат алдында тұрған базарларды жояды. Сонымен бірге базар жұмысшылары да жұмыс берушілерден жалақы мен қажетті әлеуметтік аударым­дарды ала алады, сауда қызметінен қала бюд­жетіне түсетін салық аударымдары ашық болады», – дейді Алматы қаласы Кәсіп­керлік және инвестициялар бас­қармасы өкілдері.
Заманауи орталықтар мәселені шешкен жоқ Осы орайда айта кетер тағы бір мәселе бар. Жоғарыдағы басқарма берген жауапқа сүйенсек, алдағы уақытта базарларды көшіру жоспарланбағанымен, орнына заманауи сауда орталықтары ашылатын көрінеді. Солай-ақ болсын дейік. Деген­мен бұл дәстүрлі базарлардан келіп тұрған түрлі келеңсіздіктерді біржола жоя ала ма? Бұған дейінгі тәжірибеге сүйенсек, неғай­был сияқты көрінеді. Мысал ретінде көп­шілік аузында «Барахолка» аталып кеткен бір кездегі ірі базар орнын айтуға болады. Осы базардың неше мәрте өрт пен апаттан аман қалған орнында заманауи сауда орталықтары бой көтерген еді. Мақсат – аталған базар маңындағы жабайы сауда орындарын жою, сонымен қатар ығы-жығы болып жататын қозғалысты ретке келтіру болатын. Бірақ бұл әрекет мәселе­ні шешіп бере алмады. Біріншіден, «Бара­холка» басқаша өзгергенімен, сол көшенің бойынан сәл төменірек дәл соның көшірмесіндей базарлар бой көтерді. Бұл күнде, «Кенжехан» деп аталатын базар маңындағы тіршілік тура бұрынғы «Бара­холканың» тұсындағыдай қыж-қыж қай­науда. Қала белсенділерінің айтуынша, шаһар тынысын ашамыз деп жасалған әрекет өз міндетін атқара алмаған.
 «Барахолканың маңайын ретке кел­тіріп жатқанда қуанғанымыз рас. Заман­ауи, жайлы, жылы, жабық сауда орындары салынды. Нәтижесінде, осы маңда сағат­тап тұратын кептеліс, басқа да санитарлық талаптардың сақталмауы сияқты келеңсіз мәселелер айтарлықтай ретке келді. Де­ген­мен екі аялдама төмен орналасқан аймақтан осындай базарлардың қайта бой көтерді. Былайша айтқанда, мына жердегі мәселені бір шақырым жерге ауыстырумен ғана шектелген сияқты көрінді», – дейді қала белсендісі Ғабиден Жәкей.
Айтпақшы, қала сыртына көшуі тиіс деген тізімге кірген 56 базардың ішінде осы «Кенжехан» базары да бар. Саудагерлердің қарсылығына тап болды Мақаламыздың басында атап кеткен­дей, қала басшысы тұрғынға берген жауабында «базарлар тұрған жерге меншік құқығы актілері жасалып, әлдеқашан беріліп қойғанын, сауда орындарын жылжыту үшін дайын орын болуы және оның орнына иесіне бірдеңе ұсыну керектігін» алға тартқан болатын. Негізгі қиындық та сол сияқты. Алайда қала ішінде мемлекет меншігіндегі базарлар да бар. Солардың бірі ретінде жақында ғана сот шешімімен 100 пайыз қала балансына өткен «Барыс-4» көтерме сауда базарын айтуға болады. Аталған базар 2013 жылғы желтоқсанда «Найза-БН» компаниясына нарықтағыдан бес есе төмен бағаға саты­лып кеткен. Нысанның нарықтағы құны 1,5 миллиард теңге болса, ол бар болғаны 307 миллион теңгеге сатылған. Осы және өзге де заңсыздықты алға тартқан қалалық прокуратура сотқа 2013 жылы жасалған сату, сатып алу туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арыз түсірген. Нәти­жесінде, қалалық Экономикалық сот «Барыс-4»-ті бастапқы иесі болып табы­латын әкімдікке қайтаруға қаулы шы­ғарды. [caption id="attachment_226109" align="aligncenter" width="1467"]базар © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Бұл нысан қаланың қақ ортасында тұр. Осы базар мен қарама-қарсы орналас­қан жұрт аузында «Оптовка» аталып кеткен «Жұлдыз» сауда орны Розыбакиев көшесіндегі өмірі бітпейтін кептелістің негізгі себепкері болып отыр. Осы жерде басқа базарды көшіруге жоғарыдағыдай құлаққа кіретін себептері бар екен. Ал мына базарларды неге әй-шайға қарамай көшіріп тастамасқа деген заңды сауал туындайды. Әлде біздің сауалға жауап берген қалалық Кәсіпкерлік және инвес­тициялар басқармасының жауабында ай­тылғандай, базарларды қала ішінен ау­лақтату мүлдем жоспарда жоқ па екен? Одан бөлек, «Барахолканың» бас жағында тұрған «Рахат» базарын көшіруге қатысты біраз әңгіме соңғы екі-үш жылда оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Жақында ғана қалалық әкімдік жалға алу мерзімі бітуіне байланысты сауда орнын босатуды талап еткен. Алайда құзырлы орындар сол жердегі 140 саудагердің табанды қар­сылығына тап болды. Осылайша, бұл базар да әзірге қала шетіне шығарыла қой­ған жоқ. Жалпы алғанда, онсыз да көлік кеп­телісі мен тығыз орналасқан ғимарат­тардан тынысы тарылып келе жатқан мегаполистегі базарлардың тағдыры үл­кен сұрау белгісімен қалып қойып тұр. Қалай болғанда да қаланың келбеті мен өзге де жағдайына барынша нұқсан келтіріп тұрған мұндай сауда орындары қала аумағынан алшаққа орналасуы заман талабы екені даусыз. Бұл мәселе шаһар атақамінерлерінің назарынан бір сәт те тыс қалмаса игі.

Алматы қаласы