Қанша жерден білімді болса да, ізгілікке ұмтылмаған адам елге пайдасын тигізбейді – Мемлекет басшысы
Қанша жерден білімді болса да, ізгілікке ұмтылмаған адам елге пайдасын тигізбейді – Мемлекет басшысы
Фото: t.me/bort_01
459
оқылды
Атырау облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар тәрбиесі жайында сөз қозғады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президенттің айтуынша, ұлттық құндылықтарды аяқасты етуге болмайтынын жастарға байыппен түсіндіру керек. Ел ағалары және дін адамдары бұл мәселеге айрықша мән бергені жөн деп санаймын. Мен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүрмін. Маңызды істе ар-ұят, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі ұғымдар ұмыт қалмауға тиіс. Бұл – қазақтың болмысына тән қасиеттер. Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Атом бомбасы да, атом энергиясы да – адамзаттың ақыл-ойының жемісі. Яғни, қанша жерден білімді болса да, ізгілікке ұмтылмаған адам елге пайдасын тигізбейді. Сондықтан озық білім мен өнегелі тәрбиені ұрпақтың бойына қатар сіңіруіміз қажет. Қоғамда дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдер тамыр жаяды. Мұның бәрі мемлекетімізді әлсіретеді. Қоғамды іштен ірітеді. Заңдылық пен тәртіпті бұзады. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл елді дағдарысқа ұшыратады. Біз бұған жол бермейміз. Сол үшін адамгершілік құндылықтарына негізделген саясатқа баса мән береміз. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударамыз. Жастарымыз адал еңбек етудің, білімге құштарлықтың мән-маңызын жете түсінуі қажет. Мықты мемлекет құрамыз десек, бұдан басқа жол жоқ. Жалпы, қоғамымызда заң мен тәртіптің үстемдігі болуы қажет. Басқа жолмен ешқандай жұмыс табысты болмайды, тек бос сөз бен жалған ұрандардың астында қаламыз. Әрбір әлеуметтік мәселені қаншалықты күрделі болса да, әсіре саясиландырудың қажеті жоқ. Біз бәріміз бір мемлекет болып, бір қоғам болып кез келген түйткілді шеше алатынымызға ешқандай күмән болмауға тиіс. Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек. Бәлкім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болар еді. Олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру қажет. Бұдан еш ұтылмаймыз.